23.11.2026, 9:30
Оқылды: 4

Оралда қаратөбелік Нұртас Бисенғожиннің көрмесі өтті

Жуырда облыстық тарихи-өлкетану музейінде қылқалам шебері, қаратөбелік Нұртас Бисенғожиннің көрмесі өтті. Мазмұнды іс-шараға Ж. Досмұхамедұлы атындағы жоғары педагогикалық колледждің студенттері, Оқушылар сарайының ұстаздары мен жас өнерпаздар қатысты.

WhatsApp Image 2026-10-23 at 14.55.48 (1)

Нұртас Жарасұлы Қаратөбе ауданы Соналы ауылында 2000 жылы дүние есігін ашты. Аталған ауылда білім алып, Орал шаһарындағы М. Өтемісұлы атындағы БҚУ-да бейнелеу өнері және сызу мамандығын меңгереді. Оймақтай кезінен қылқалам шеберлерінің реңді шығармаларына таңдана қарап, суретке қызығушылығы оянған. Қазіргі уақытта Қаратөбе ауданындағы балалар шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогі  болып  қызмет  етеді.

Көрменің бұрынғы дәстүрлі көрмеден ерекшелігі – суретші жас талапкердің көңілін ескеріп, жасанды зерденің көмегіне сүйенген. Оның түрлі бағдарламасы арқылы қозғалыссыз тұрған суретке жан бітіріп, ән мен саз қоса өріліп, ерекше күйге бөлейді. «Заманауи құралды ұтымды пайдалана отырып, жас жеткіншекті өнерге баулығым келді», – дейді педагог суретші.

Қаратөбелік жас қылқаламшының көрмеге қойылған туындыларының дені қазақтың біртуар тұлғалары мен тарихи оқиғаларға арналған. Мұрат Мөңкеұлы, «Үш ағартушы» деген атауда Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин бейнеленген, «Керуен жолы», «Шексіздік ағыны» атты туындыларында қазақтың мауық қара, боз жылқылары, жеті қазына – тазы ит және барыстың бейнесін қылқалам ұшымен өрнектеген. Шығармаларында күңгірт бояудан гөрі, аралас, ашық түс басым, яғни реализм мәнерінде  салынған.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы  Жантас  Сафуллин көрменің ұйымдастырылу мақсаты мен мәнін қысқаша атап өтіп, жас ұстазға шығармашылық шабыты биік болуға тілеулес болды. Кеш иесі Нұртас Бисенғожин көрмеге келген қауымға алғыс айтып, сурет өнерін зерделеп, асықпай қарауға шақырды. Жасанды зерде арқылы түрленіп, жаңарған суреттерге қарап, студенттер таң қалысты.

Ботакөз Сәбитқызы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале