ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова АҚШ-тың мемлекеттік жоғары оқу орны – Kent State University делегациясымен жұмыс кездесуін өткізді. Делегацияны университеттің атқарушы вице-президенті әрі проректоры Мелоди Танкерсли басқарды.

Фото: istockphoto.com
Кездесу барысында тараптар авиациялық білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылап, Kent State University филиалын Қазақстанда ашу жөнінде келісімге келді.
Kent State University – авиация саласы үшін мамандар даярлауда мол тәжірибесі бар америкалық университеттердің бірі. Университеттің авиациялық білім беру бағдарламалары халықаралық аккредиттеуден өткен. Сонымен қатар, оқу орнының жеке әуежайы мен оқу-жаттығу әуе кемелерінің паркі бар.
Жаңа білім беру орталығы тек Қазақстанның ішкі еңбек нарығына ғана емес, тұтастай Орталық Азия өңіріне қажетті ұшқыштарды, инженерлік-техникалық мамандарды және әуе қозғалысын басқару қызметінің диспетчерлерін даярлауға бағытталмақ.
Көлік министрлігінің басшысы авиация саласы үшін білікті кадрлар даярлау және оқытудың озық халықаралық стандарттарын енгізу Қазақстанды өңірдегі жетекші авиациялық хабқа айналдыру міндетін іске асырудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыруға өзара мүдделілік танытып, жобаны егжей-тегжейлі пысықтау жұмыстарын сарапшылық деңгейде жалғастыруға келісті.