22.11.2026, 15:30
Оқылды: 34

Бейбіт Асанов: «Мемлекет басшысының тапсырмасын өз деңгеймізде орындаудамыз»

Таяуда елордада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында жерлесіміз, «Асан Ауыл» ЖШС-ның басшысы Бейбіт Асанов жоғары мемлекеттік награда – «Парасат» орденімен марапатталды.

aa8fe0c9-0e27-4f2a-ac73-bc1649c5206c
–Еліміздің әр аймағынан келген білікті мамандар, диқандар, шаруалар, бір сөзбен, еңбек адамдары қатысқан алқалы жиында Қасым-Жомарт Кемелұлының бізге ауылдан көшпей, ауылдағы ағайынның қасында болу, оларды қолдау керектігі туралы айтқан сөзі көңілімізден шықты. Президентіміздің «Биыл да ел қамбасы астыққа толды. Күзгі жиын-терінде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды. Егіннің бітік болуы — молшылық пен тоқшылықтың кепілі. Бұл — еліміздегі әр шаңырақ ырысқа кенеліп, дастарханымыз берекелі болады деген сөз. Мен бүгін диқандар қауымына және осы салада еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғыс айтамын» дегенін де ризашылықпен қабылдадық. Біздің шаруашылық та биылғы жылды табысты аяқтағалы отыр. 11 мың гектар егістік алқабымыз бар. Дәнді дақылдардан орта есеппен гектарына 25 центнерден өнім алып, ел ырысын еселеуге өз үлесімізді қостық, - дейді Бейбіт Батниязұлы.

Форум барысында шаруашылықтардағы техникалық паркті жаңарту жайы да сөз болды. Бүгінде «Асан ауылда» 11 комбайн, 8 К-700, 21 Беларус тракторы және өзге де түрлі техника бар. Олардың тоқсан пайызы жаңа. Қазіргі уақытта элеваторды заманауи құрылғылармен жабдықтау жүріп жатыр.

«Мұның бәрі, Президент айтқандай, егін шаруашылығындағы өнімділікті артыруға бағытталған жұмыстар. Яғни мемлекет басшысының тапсырмасын өз деңгеймізде орындаудамыз»,  - дейді жерлесіміз.

Мемлекет басшысы жерден пайда тауып жүргендер арасында қалада тұратын, әлеуметтік жауапкершілік танытуға құлықты емес, отандастарына жаны ашымайтын, адамдардың мұң-мұқтажын түсіне бермейтіндер бар екенін де айтты.

Бейбітшілік ауылында тұратын, жерлестеріне арнап спорт кешенін, ауыл әкімі аппараты отыратын кеңсе салған, мектеп оқушыларын тасымалдауға арналған көлік алған, ауылға жол тартуға қажет ЖСҚ дайындаған және жергілікті жердегі маңызды көптеген мәселенің шешілуіне атсалысып жүрген Бейбіт Асанов мұндайлардың санатынан еместігін бәйтеректіктер жақсы біледі. Меценат ретінде оны мақтан тұтады.

Өз ісін адал атқарып, міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарап, еліміздің ауыл шаруашылығы саласының және туған өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуына көп үлес қосқаны үшін Президентіміз Бейбіт Батниязұлының өңіріне «Парасат» орденін тақты.

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале