6.06.2017, 15:19
Оқылды: 45

Биыл сыбайлас жемқорлық әрекетін жасаған 3 «нұротандық» партия қатарынан шығарылған

Оралдағы Достық үйінде елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы алынып жатқан шаралар турасында семинар өтті.


Жиынды ашқан облыстық ассамблея төрғасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстан xалқы Ассамблеясымен бірлесе отырып, xалық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында бірлесіп атқарып жатқанын жеткізді. Биылғы сәуір айында мемлекеттік орган мен қоғамдық ұйым арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Соған орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті мен облыстық ассамблея бірлесіп атқаратын іс-шаралар жоспарын бекітті. Сол жоспардағы бірінші шара бүгінгі өтіп жатқан семинар екен.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Біржан Хайруллиннің айтуынша, соңғы екі жыл ішінде республикамызда жемқорлық деңгейінің төмендету мәселесінде айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Бұл бірінші кезекте «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы» мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына негізделген  мемлекетіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатымен байланысты. Соған сәйкес 2015 жылдың өзінде жемқорлық сипаттарын болдырмауға бағытталған 60-тан аса заң қабылданды. «Өткен жылдан бастап мемлекеттік қызмет жаңа форматта жұмысын бастады. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметке қайтып келушілердің саны 3 есе артса, кадрлардың алмасуы 2, басқа жұмысқа ауысу 18 есе қысқарды,-деді Біржан Марданұлы. - Біздің агенттіктің бастамамен оқушылардың тәрбие жұмыстары туралы тұжырымдама бекітілді. Соған сәйкес бүгінде еліміздегі мектептердің тоқсан пайызында «Адал ұрпақ» еріктілер клубы құрылып, онда 750 мыңдай оқушы оның мүшесі болып табылады. Осындай шаралар арнаулы және жоғарғы оқу орындарында да жүйелі түрде жүргізілуде».

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүйлеймен өткен жылы сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасаған 11, биыл 3 «нұротандық» партия қатарынан шығарылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ өңіріміздегі біраз мемлекеттік қызметкерлер тиісті заң талаптарын жөнді білмейтінін де атап өтті. Сөйтіп олар атқарып отырған қызметі жемқорлық әрекетке жататынын білмей қалуы мүмкін. Сол себепті осындай шараларды жиі өткізіп, тиісті заңнамаларды кеңірек түсіндіру керектігін турасында ұсыныс айтты.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале