8.12.2017, 19:13
Оқылды: 44

Алтай Көлгінов: «Кітап оқуға уақыт табуға болады»

DSC_2592Назарбаев зияткерлік мектебінде «Туған өлке – тірегім» форумы аясында ашық пікірталас алаңы шарасы өтті. ТЕD Talks форматында болған шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, танымал жерлестеріміз – Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова, альпинист Мақсот Жұмаев, өнер қайраткері, сықақшы Тұрсынбек Қабатов, «Қазақстан-2050» қозғалысының жетекшісі, кәсіпкер Мұхтар Манкеев, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген өнерпаз Саида Қалықова қатысты. Сондай-ақ бұл жиынға саясаткер, сарапшы Саясат Нұрбек, Нұрлан Өтешевтер де арнайы келді.

263A0230Шараны ашқан облыс әкімі шақыруды қабыл алып, Ақ Жайыққа келген жерлестерімізге, қонақтарға ризашылығын білдіріп, Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында білімнің салтанат құруына ерекше тоқталғанын жеткізді. Сол себепті бұл пікірталас алаңы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткізіліп отыр.

-Білімнің салтанат құруы үшін мектептер заман талабына сай, олардың материалдық-техникалық базасы мықты, педагог кадрлардың біліктілік деңгейі жоғары болуы керек. Бұл бағытта облысымызда тиісті іс-шаралар жүріп жатыр. Тек биылдың өзінде 24 білім мекемесі салынып, пайдалануға берілуде. Ғимарат тұрғызғаннан кейін онда сапалы білім берілуі тиіс қой. Ол да жоспаға сай атқарылуда. Мен өзім осы Назарбаев мектебінің қамқоршылық кеңесінің мүшесі болып табыламын. Сол себепті оқу жылы ішінде бұл мектепке қана емес, өңірдегі басқа да білім ұяларына барып, түрлі шараларға қатысуға тырысамын. Шынымды айтсам, мұндай кездесулер өте қызықты өтеді. Оқушылардың білім дәрежесінің жоғары екенін байқаймын. Таяуда ешкімге айтпастан дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешеніне бардым. Алдын ала айтсаң, мектеп әкімшілігі дайындалып, оқушыларға «мынадай сұрақ қой, былай істе» деп, біраз әуре-сарсаңға түсері анық. Сөйтіп «Рухани жаңғыру» аясында оқушылармен кездесіп, үш тілде ашық, емен-жарқын жүздестік, маған өте ұнады. Жалпы батысқазақстандықтар жоғары оқу сапасымен ерекшеленеді. Осынау жетістік бірінші кезекте біздің педагогтарымыздың еңбегі. Біз осы деңгейден төмен түспеуіміз қажет.

Мен бүгінгі шараға өзімнің оқитын кітаптарымды да алып келдім. Кітап оқуға уақыт жоқ деген сөз – өтірік. Ниет болса, уақыт табылады. Әрине, бірінші кезекте жұмыс қой. Әркімнің атқарар өз міндеті бар. Дегенмен кітап оқуға уақыт табуға болады. Шетелге бара жатқан достарым кейде не әкелейін деп сұрағанда кітап қосып жіберемін. Әкелгеннен соң қызыға оқимын. Мен көбіне іссапарға шыққанда жолда, әуежайларда кітапқа бас қоямын, -деген Алтай Сейдірұлы өз тұрақты оқитын кітаптарын көрмеге қойып, әрқайысына бөлек-бөлек шолу жасап таныстырып шықты. Олардың ішінде Абайдың, Елбасымыздың және шетелдік ойшылдардың, саясаткерлердің, экономистердің еңбектері бар.

Сәкен Мұратұлы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале