8.08.2018, 12:45
Оқылды: 34

Шаруаларды қыстың қамы алаңдатады


Басқа өндірісі жоқ қыр қазағының басты шаруасы – төрт түлік малының қамы. Әсіресе, биылғыдай қуаңшылық жылы мал азығын жинап алуды ойлаған шаруаның мазасы болмайды. Ерте қамданып, бар мүмкіндікті пайдалануға,  мал азығын ерте жинап алуға тырысады.


Шөп жинау қарқынды жүруде

Өткен жылы да осындай кепті киген жаңақалалықтар биыл да қайталап келген қуаңшылыққа төтеп беру үшін жұмыла жұмыстануда. Қазіргі болжам бойынша ауданда қыстайтын төрт түлікке 132,3 мың тонна мал азығы дайындалуы керек. Өткен жылдан 19,11 мың тонна шөп қалғанын ескерсек,  биыл кемі 113,19 мың тонна табиғи мал азығы жиналуы қажет.

Қыстың қамын жазда жасап үйренген жаңақалалықтар биылғыдай қуаңшылық жылы да қол қусырып әрекетсіз отырған жоқ. Бар мүмкіндікті пайдалануда.

-Жаздай жауын жоқ. Қырдың шөбі сұйық, құмның шөбі де өспей қалды.  Су түскен көлдіктерден де жылдағы өнім алынбай отыр. Өткен жылы осы мезгілде аудан бойынша бір гектардан алынған орташа өнім 5,1 центнер болса, биыл 3,8 центнер болып отыр,-дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөліміндегілер.

Осы бөлім берген мәліметке тоқталып көрейік.

Аудан бойынша күні бүгінге дейін 168,3 мың гектардың шөбі орылыпты. Одан 64,65 мың тонна мал азығы жиналған. 3,32 мың тонна ғана кемдігін ескермесек, өткен жылғы осы кезеңдегідей деуге болады.

Бұл арада бір ескеретін жай – өткен жылы шөп дайындауға 126 орақ қатысса, биыл 173 орақ қатысып отыр. Яғни, орақ саны 47-ге артқан. Бұл науқанға мән берудің көрінісі.

Округтер бойынша тоқтала кетсек, биыл Жаңақала,  Жаңақазан ауылдық округтері өткен жылғы осы кездегіден көбірек шөп дайындаса,  Жаңажол, Қызылоба, С.Меңдешев, Пятимар округтері аздау дайындағн.

Десе де биылғы орақ науқаны Жаңажол, Жаңақала округтерінде қарқынды да, қалған округтерде бір деңгейде.

Биылғы дайындалған мал азығының көлемі бойынша айтсақ, қысқа керек шөптің 49,8 пайызы, ал өткен жылдан қалған шөпті қоссақ 63,2 пайызы дайындалды.

Өткен жылғы деңгейде. Дегенмен, әлі де жауын жоқтығы құм шөбі көтерілмей қала ма деген күдік туғызады.

Бір шүкірлігі – биыл дала өрті аз, шегіртке жайылған жоқ. Ол да болса «жығылған үстіне жұдырықтан» аман сақтауда.

Тағы бір айта кететін жай – биыл тұрғындарға сатылатын шөп бағасы қымбаттап кетіп отыр. Өткен жылы 300 килограмдық тайланған шөп бағасы 2,5-3 мың теңгеден басталса, биыл 4-4,5  мың теңгеден түспей тұр. Қысқа  қарай қымбаттай түсетіні де даусыз.  Бұл аудан, округ орталықтарында тұратын халықтың мал ұстауын қиындата түсетіні анық.

Қуаңшылық, шабындықтың өнімсіздігі шөптің өзіндік құнын қымбаттатып отырған шығар. Дегенмен, халықтың қысылғанын пайдаланып, шөп дайындаушылар мал азығының бағасын аспандата бермей, елге  қарайласса, бұл іске әкімдіктер де ұйтқы болса, жөн болар еді.

Күн көрісі үшін азды-көпті мал ұстағандарды қыстың қамы алаңдатады.

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале