30.09.2026, 16:00
Оқылды: 10

Ұстаздықтың ұлағатты жолын жалғаған

Анадан аманат болған ұстаздық өнегені өмірлік ұстанымына айналдырып, шәкірт тәрбиелеу мен білім беру саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан жандар аз емес. Солардың бірі Шыңғырлау колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, математика пәнінің оқытушысы Ләззат Нұрмұқанова үшін ұстаздық жай ғана мамандық емес, ана сүтімен бойына дарыған, отбасы тәрбиесімен қалыптасқан өмірлік мұрат.

image-30-09-26-12-40 (4)

Ұстаздық – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ұлы жол. Бұл жолдың қадір-қасиетін бала күнінен бойына сіңіріп өскен Ләззат Мұсағалиқызының өмірі де ана өнегесімен, отбасындағы тәлім-тәрбиемен тығыз байланысты. Оның анасы Қажиденова Миуа Бекболатқызы 1936 жылы тарихи Бөкейорда өңірінде дүниеге келген. Кейін Сырым елінің азаматы Мұсағали Нұрмұхановпен шаңырақ көтеріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атанып, бар ғұмырын бала оқытуға, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған жан еді.

Миуа апайдың ұстаздық жолы тек мектеп қабырғасындағы сабақ берумен шектелмеген. Ол ауыл балаларының бойына білім нәрін себумен қатар, олардың адам болып қалыптасуына, жақсы мен жаманды ажырата білуіне, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуына ерекше мән берген. Ұстаздықты жауапкершілік пен мейірімділікті қатар талап ететін қасиетті қызмет деп түсінген анасының өнегесі отбасындағы әрбір баланың жүрегіне жол тапты. Бүгінде сол тәрбиенің жемісіндей болып, қыздары Ләззат пен Үміт те ана жолын жалғап, білім беру саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Ләззат Шыңғырлау ауданында ұстаздық қызмет атқарса, сіңлісі Үміт Мұсағалиқызы Бөрлі ауданында жемісті еңбек етуде.

Ләззат Мұсағалиқызының ұстаздық жолы 1983 жылы Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсуінен бастау алады. 1988 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман сол жылдың қыркүйек айында Шыңғырлау ауданындағы Сегізсай негізгі мектебінде еңбек жолын бастады. Алғашқы қадамынан-ақ білім беру ісіне жауапкершілікпен қарап, шәкірттерінің бойына пәнге деген қызығушылықты қалыптастыруды, әр баланың қабілетін ашуды басты міндеті санады. Жүрек қалауымен өзіне Жанболат Төремұратовтай жар таңдады.

Ұстаздық қызметтің қыр-сырын меңгеріп, мол тәжірибе жинақтаған Ләззат Мұсағалиқызы 2009 жылдан бері Шыңғырлау колледжінде кәсіптік және техникалық білім беру саласында еңбек етіп келеді. Бүгінде ол директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқара жүріп, математика пәнінен де сабақ береді. Бір жағынан оқу үдерісін ұйымдастыру мен білім сапасын арттыруға атсалысса, екінші жағынан студенттерге нақты ғылымның негіздерін меңгертіп, олардың кәсіби қалыптасуына үлес қосып келеді.

Анадан алған тәлім – өмірлік темірқазық

Ләззат Мұсағалиқызы анасы туралы әңгіме қозғағанда, ең алдымен, оның адамгершілік қасиеттерін, айналасына деген шынайы ықыласын ерекше ілтипатпен еске алады. Анасының бойындағы қарапайымдылық, сабырлылық, қайырымдылық пен өз ісіне деген адалдық өзі үшін өмірлік өнеге.

Оның есінде анасының ауыл балаларын оқытудағы ізденісі, әр шәкірттің қабілетіне қарай тіл табыса білуі, білімді жүрекке жеткізе отырып үйрететін ұстаздық шеберлігі ерекше сақталған. Миуа апай үшін мектептегі әр бала өз баласындай еді. Олардың сабақ үлгеріміне ғана емес, тәрбиесіне, отбасындағы жағдайына, көңіл күйіне де назар аударып, қолдан келгенше көмегін аямаған. Ауыл балаларына білім беруді үлкен жауапкершілік деп түсінген ол әр шәкірттің болашағына бейжай қарамайтын.

Анасының ұжымдағы сыйластығы да Ләззаттың жадында айрықша орын алады. Әріптестерімен қарым-қатынаста ізеттілік танытып, ортақ іске жанашырлықпен қарауы, өзінен кейінгі жас ұстаздарға қолдау көрсетіп, білгенімен бөлісуі оның кәсіби болмысын айқындайтын қасиеттер еді. Тәжірибесі мол ұстаз жас мамандарға тек пән үйретіп қана қоймай, мамандықтың жауапкершілігін сезінуді, әріптесті қадірлеуді, шәкірт жүрегіне жол табуды да үйреткен.

Осындай тәлімді көріп өскен Ләззат Мұсағалиқызы да бүгінгі қызметінде анасының осы қасиеттерін басшылыққа алады. Әріптестеріне қолдау көрсету, жас мамандардың кәсіби өсуіне ықпал ету, білім беру ісіндегі жаңашылдықтарға ден қою оның ұстаздық ұстанымының ажырамас бөлігі. Анасының өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі оның бойында ұстазға тән төзімділік пен жауапкершілікті қалыптастырды.

Уақыт өткен сайын ананың қадірі мен өнегесінің мәні тереңдей түседі. Бүгінде Ләззат Мұсағалиқызы анасының айтқан ақылын, жасаған жақсылығын, шәкірттеріне деген мейірімін өз өмірімен сабақтастырып келеді. Анадан алған тәрбиені өз ұрпағына жеткізіп, отбасының береке-бірлігін сақтауды да өмірлік парызы санайды.

Қазіргі таңда Ләззат Мұсағалиқызы бала-шағасының, келінінің, немерелерінің ортасында аяулы әже, шәкірттеріне бағыт-бағдар беріп жүрген ұлағатты ұстаз, бауырларына ақылшы апа. Отбасындағы үлкенге құрмет, кішіге ізет, өзара түсіністік пен қамқорлық секілді құндылықтардың сақталуына ерекше мән береді. Анасының отбасына сіңірген еңбегі мен берген тәрбиесі бүгінде ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісіне айналған.

Ұстаздық қызметпен қатар, оқу үдерісін ұйымдастырудағы кәсіби біліктілігі мен ізденімпаздығы Ләззат Мұсағалиқызының еңбегінен айқын көрінеді. Қазіргі білім беру жүйесіндегі өзгерістерге бейімделіп, жаңа технологияларды тиімді пайдалану, студенттердің кәсіби құзыреттілігін дамыту бағытында үздіксіз ізденіс үстінде.

Оның білім саласындағы тәжірибесі республикалық және облыстық деңгейдегі кәсіби алаңдарда да көрініс тауып келеді. 2025 жылы 8 қарашада республикалық ғылыми-әдістемелік «Тағылым» журналының №11 (141) санында «Тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығында геометриялық кескіндерді пайдаланып есептер шығару» атты әдістемелік мақаласы жарық көрді. Ал 2026 жылдың қаңтар айындағы №1 (143) санында «Колледждің оқу жұмысындағы жасанды интеллекттің маңызы» тақырыбындағы еңбегі жарияланды. Бұл мақалалар ұстаздың математиканы кәсіби білім берумен ұштастыра отырып, заманауи оқыту әдістерін тәжірибеге енгізуге деген ұмтылысын танытады.

Сондай-ақ ол кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары педагогтерінің кәсіби тәжірибе алмасуына арналған облыстық тамыз кеңесі аясында ұйымдастырылған «Кәсіптік білім берудегі Soft Skills икемді дағдылар» тақырыбындағы панельдік сессияға қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті. Мұндай кәсіби кездесулер педагогтердің өзара тәжірибе алмасуына, білім беру үдерісіндегі жаңа бағыттарды талқылауына мүмкіндік береді.

Шәкірттерінің білім жетістігі де ұстаз еңбегінің маңызды көрсеткіші. 2026 жылы Оқу-ағарту министрлігінің №514 бұйрығына сәйкес, «Мың бала» республикалық зияткерлік орталығы ұйымдастырған 2025–2026 оқу жылының қаңтар айындағы 11-сынып оқушылары арасындағы республикалық математика пәні олимпиадасына шәкірт дайындағаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. Бұл ұстаздың білім берудегі жүйелі жұмысы мен шәкірттерінің қабілетін дамытуға бағытталған еңбегіне берілген баға.

Ләззат Мұсағалиқызының көп жылғы еңбегі түрлі марапаттармен де бағаланып келеді. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2022 жылы Шыңғырлау ауданы әкімінің Алғыс хатымен, 2024 жылы облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, ал 2025 жылы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Шыңғырлау колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Багиджанова әріптесі Ләззат Мұсағалиқызының бойындағы кәсіби біліктілік пен адамгершілік қасиеттерді жоғары бағалайды.

«Ләззат Мұсағалиқызы – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білім беру саласында мол тәжірибе жинақтаған, әріптестері арасында үлкен сый-құрметке ие жан. Әсіресе, оқу үдерісін ұйымдастырудағы тиянақтылығы, әрбір іске мұқияттылығы және ұжыммен тіл табыса білуі ерекше атап өтуге тұрарлық. Ол жас мамандарға әрдайым қолдау көрсетіп, өзінің тәжірибесімен бөлісуге дайын тұрады. Ләззат Мұсағалиқызы үшін ұстаздық тек білім беру ғана емес, әрбір студенттің бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру, олардың болашағына жол ашу. Ұстаздар күні барша ұстаз еңбегіне тағзым ететін ерекше мереке. Осы айтулы күні Ләззат Мұсағалиқызына мықты денсаулық, отбасының амандығын, шығармашылық ізденіс пен шәкірттерінің биік жетістіктерін тілеймін. Ұстаздық жолдағы еңбегі жемісті болып, шәкірттерінің алғысы мен әріптестерінің құрметіне бөлене берсін», – деді.

image-30-09-26-12-40 (5)

Бір әулеттің ғана емес, тұтас ұрпақтың бойына білім мен тәрбие дарытқан ұстаздық жолдың қадірі де осында. Анасы Миуа Бекболатқызының ізгілігі мен ұстаздық тәжірибесінен нәр алған Ләззат Мұсағалиқызы бүгінде сол аманатты өз еңбегімен жалғастырып келеді. Анадан қызға дарыған өнеге, ұстаздан шәкіртке жалғасқан білім мен адамгершілік уақытпен өлшенбейтін рухани мұра.

Ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған Ләззат Мұсағалиқызы үшін ананың аманаты адал еңбек ету, шәкірт жүрегіне жол табу, әріптестеріне қолдау көрсету және ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау. Ал осындай ізгі қасиеттердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы отбасы тәрбиесінің өміршеңдігін танытатын тағылымды сабақтастық.

 

Мөлдір Сәдір

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале