Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармонияның 60 жылдығына орай, филармония директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, журналист Бауыржан Халиолланың бастамасымен дәстүрлі ән орындаудағы жаһандық рекордтық көрсеткішті жаңартуға арналған тарихи жобаның алғашқы күні өтті.

Алғашқы күннің қатысушысы – «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Хатимолла Бердіғалиев.

Хатимолла Жәңгірұлы қазақтың дәстүрлі ән өнерінің жауһарларын жеті сағатқа жуық уақыт бойы тоқтаусыз орындап, 120 әнді әуелетті.

Бұл – жай ғана рекорд емес.
Бұл – ұлттың ұлы мұрасын ұлықтау.
Бұл – дәстүрлі әннің өміршеңдігін әлемге таныту.
Бұл – бабадан балаға жеткен қасиетті өнердің биігін тағы бір мәрте айқындау.

Айтулы шараның рекордтық көрсеткішін саралайтын арнайы комиссия құрамында Азия мен Африка елдері бойынша GBR Global Best Records әлемдік рекордтар кітабының бас тіркеуші офицері Қуандық Құдайберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, эпик жыршы, фольклортанушы ғалым, жобаның ұйымдастырушы-координаторы Берік Жүсіпов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ғалым Жайлыбай, айтыскер ақын, әнші, термеші, композитор Жәкен Омаров болды.

Жобаның бас сарапшысы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын, журналист, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармонияның директоры Бауыржан Халиолла.

Тарихи шараға еліміздің әр өңірінен дәстүрлі ән, жыр, терме, айтыс өнерінің көрнекті өкілдері де арнайы ат басын бұрды.
Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
