30.09.2026, 10:30
Оқылды: 7

Тасқала ауданында Азия ойындарының чемпионы Қадырбек Шынбаевты қарсы алды

Тасқала ауылындағы Абай ескерткіші алдында Азия ойындарының чемпионы Қадырбек Шынбаевты қарсы алуға арналған салтанатты шара өтті. Туған жеріне табан тіреген жас спортшыны ауылдастары зор ықыласпен қарсы алып, оның халықаралық аренадағы жарқын жетістігін бірге атап өтті. Қадырбек Шынбаев  аралас жекпе-жек бағытында ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың бірі.

фото 8

Ол 2026 жылдың басында Қытайда өткен MMA бойынша Азия чемпионатында алтын медаль иеленіп, құрлық додасында өзінің жоғары деңгейдегі шеберлігін дәлелдеді. Бұл нәтиже қазақ спорты үшін маңызды жетістіктердің қатарын толықтырды. Чемпионның спорттағы жолы бір күнде қалыптасқан жоқ. Оның алғашқы қадамдары Орал қаласынан басталып, кейін Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі жарыстарға ұласты. Халықаралық IMMAF бәсекелеріне қатысып, тәжірибе жинақтаған Қадырбек бірқатар қарсыласынан басым түсті. 2022 жылы Оралда ұйымдастырылған Alash Pride 76 турнирінде жеңіске жетуі де оның кәсіби мансабындағы елеулі белестердің бірі болды.

фото 56

Кейінгі жылдары спортшы халықаралық сайыстарда тұрақты түрде өнер көрсетіп, шеберлігін шыңдай түсті. 2024 жылы Азия және әлем чемпионаттарында жүлдеге ие болуы - еңбектің нәтижесін көрсеткен маңызды көрсеткіш. Ал биылғы құрлық чемпионатындағы алтын жүлде оның спорттық мансабындағы жаңа белеске айналды. Жеңіске жету жолында Қадырбекке қолдау көрсеткен жандардың орны ерекше. Әсіресе оның әкесі әрі спорттағы ұстазы Айбек Шынбаевтың еңбегін атап өткен жөн. Ұстаз бен шәкірт арасындағы өзара түсіністік, үздіксіз дайындық және ортақ мақсат спортшының қалыптасуына айтарлықтай ықпал етті.Тасқала жұртшылығы үшін чемпионның жетістігі - тек бір спортшының жеңісі емес. Бұл - ауылдан шыққан жастың биік мақсат қойып, табандылық арқылы үлкен додаларда ел намысын қорғауға болатынын көрсететін өнеге. Қадырбектің жетістігі өскелең ұрпаққа спортпен айналысуға, өз қабілетін дамытуға және туған жердің абыройын асқақтатуға серпін береді.

фото 7

Салтанатты жиынға аудан әкімі Талғат Шакиров, аудандық маслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин және мекеме басшылары қатысты. Аудан әкімі Талғат  Асқарұлы  чемпионды құттықтап, оның атақ-абыройы туған өлкенің мерейін көтергенін атап өтті. Сондай-ақ Қадырбектің әкесі Айбек Шынбаевқа арнайы сый-сияпат көрсетілді. Бұл құрмет спортшының артында тұрған отбасы мен тәлімгер еңбегіне берілген жоғары баға болды.Шара барысында ақсақалдар тарапынан ақ баталар айтылып, жас чемпионға ізгі тілектер жолданды. Қазақы дәстүрмен ат мінгізіліп, құрмет көрсету рәсімі ұйымдастырылды. Мұндай тағылымды көрініс ел ішінде ер азаматтың еңбегін бағалау мен жеңісті ұлықтаудың мәнін айшықтай түсті.

Бүгінгі чемпион ертеңгі жас спортшыларға үлгі. Туған жердің төрінен басталған арман халықаралық аренада жеңіске ұласса, бұл  бүкіл елге ортақ қуаныш.

фото 4

«Жарысқа шамамен бір жыл бойы үздіксіз дайындалдым. Дайындық кезеңінде жаттығуларға жауапкершілікпен қарап, физикалық тұрғыдан да, психологиялық жағынан да өзімді шыңдауға тырыстым. Алдымда үлкен мақсат тұрды, сондықтан  әр жаттығудың маңызы ерекше болды. Жарысқа жақсы дайындықпен бардым деп ойлаймын. Азия ойындарында ел намысын қорғау  мен үшін үлкен белес. Жарыс деңгейі жоғары болды, әр қарсыласқа мұқият дайындалу қажет. Жапониядағы додада өзіме артылған сенімді ақтап, жақсы нәтиже көрсетуге бар күшімді салдым. Соның нәтижесінде Азия чемпионы атанып, еңбегімнің жемісін көрдім. Бұл  мен үшін үлкен қуаныш әрі ерекше мақтаныш.

фото

Жалғыз өзімнің жетістігім деп айта алмаймын. Бір жылдың ішінде жанымнан табылып, дұрыс бағыт-бағдар берген бапкерлеріме алғысым шексіз. Әсіресе Ақтөбе еркін клубының командасына және бапкерлеріме үлкен рақмет айтқым келеді. Күн сайынғы жаттығуда жіберген қателіктерімді түзетіп, шеберлігімді жетілдіруге көп көмектесті. Олардың еңбегі мен қолдауы осы жеңіске жетуіме үлкен үлес қосты.», - дейді Азия чемпионы Қадырбек Шынбаев.

Бекжан Өтемісов,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале