Оралдағы ботаникалық бақта Дүниежүзілік туризм күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылып, өңірдің туристік әлеуетін дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапатталды.

Мерекелік жиынға туризм саласының ардагерлері, джип-туризм, су және әуе туризмін дамытуға атсалысып жүрген азаматтар, ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен естелік бұйымдар жасаушы шеберлер және түрлі мекеме өкілдері қатысты. Басқосу өңірдің туристік мүмкіндіктерін таныстырып, сала мамандарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
Мерекелік жиында облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, облыстың туристік әлеуетіне тоқталды.
– Туризм – өңір экономикасын дамытуға, тарихи-мәдени мұрамызды дәріптеуге және туған өлкемізді кеңінен танытуға мүмкіндік беретін маңызды саланың бірі. Облысымыздың табиғаты көркем, тарихы терең, мәдени мұрасы бай. Бұл – ішкі және сыртқы туризмді дамытуға негіз болатын құндылықтар. Биыл облысымызға 165 мың турист келді. Олардың қатарында еліміздің әр өңірінен келген саяхатшылармен бірге шетелдік қонақтар да бар. Бұл өңірімізге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта туристік бағыттарды кеңейтіп, тарихи орындарымыздың танымалдығын арттыруға және саяхатшыларға қолайлы жағдай жасауға басымдық беруіміз қажет, – деді Қайыржан Меңдіғалиев.

Салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің наградалары табысталды.
«Туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен «С.И. Исаев атындағы Халықаралық тәжірибелік-коллекциялық бақ-питомнигі» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Қайрат Кәрімов марапатталды. Ал «Туризм саласының үздігі» төсбелгісіне туризм саласының ардагері Алексей Дмитриев, Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының директоры Гүлмәру Мырзағалиева, «МЕКО» дизайн-студиясының басшысы Меңдібек Нұрғалиев, Шыңғырлау аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Тілеген Қалиев және «АгроСервис-Батыс» ЖШС бас директоры Армат Бисенов ие болды.

Сонымен қатар БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов туризм саласының өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол өңірде ішкі туризмді жандандыру, тарихи-мәдени нысандарды кеңінен таныту және жаңа туристік бағыттарды дамыту ісінде сала мамандарының еңбегі зор екенін атап өтті.

Мерекеге орай туризм саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар маман мен белсенді азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Шара соңында Бақдәулет Маратұлының қатысуымен өңір туризмін дамыту мәселелеріне арналған пікір алмасу өтті.

Басқосу барысында балалар туризмін жаңғырту, жас ұрпақтың туған өлкенің табиғаты мен тарихи орындарына қызығушылығын арттыру, сондай-ақ туристік нысандардың танымалдығын кеңейту мәселелері талқыланды. Қатысушылар туристік бағыттарды жүйелі түрде насихаттау, өңірдің көрікті жерлері туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру және сала өкілдерінің өзара ынтымақтастығын нығайту жөнінде пікір алмасты.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz
