Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде БҰҰ үлгісіндегі ІІ аймақтық конференция өтті. Қаладағы білім ошақтары, Ақтөбедегі Зияткерлік мектептен келген және оралдық зияткер оқушылар «Баламалы энергия көздері» және «Босқындар» мәселелерін талқылады.
25 елдің өкілі ретінде жұмыс жасаған олар БҰҰ моделінің форматына сәйкес мүдделес мемлекеттер ретінде бірігіп, мәселелердің шешу жолдарын ұсынды. Шара ағылшын тілінде өтті.
Қатысушылар баламалы энергия көздерін пайдаланудың қажетті тетігін әзірлеуде елдер арасындағы ынтымақтастықтың жоқтығы туралы мәселені атап өтті. Олардың тарапынан жасыл энергия көздерін пайдалануды мықтап қолға алған Германия мен Норвегияның тәжірибесін алу, осы мәселеде нақты іспен айналысып жүрген азаматтарға сыйақы беру сияқты ұсыныстар берілді. Босқындар мәселесінде бірлесе отырып оларға арнап лагерьлер салу мүмкіндігі айтылды.
– Конференция оқушыларды жаһандық мәселелерді шешуге өз үлестерін қосуға үндейді. Келіссөздер жүргізу қабілеттеріне, маңызды мәселелерді шешу жолдарын таба білуге баулиды. Олар түрлі дереккөздермен жұмыс жасап дағдыланады, - дейді Оралдағы Зияткерлік мектеп мұғалімі Орал Қыдыршаев.
Конференция соңында қатысушылар түрлі аталымдары бойынша марапатталды.
Оралдағы Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі