29.07.2015, 18:54
Оқылды: 24

Баланы мезгілінде ектірмей, оның обалына қалмайық

Akljayik balani mezgilinde ektirmei obalinda kalmayik   Ақжайық аудандық емханасының мәжіліс залында «Батыс-Қамқор» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен тұрғындарға екпе алудың маңыздылығын ұғындыру мақсатында «дөңгелек үстел» өтті.

Аудандағы білім, мәдениет, денсаулық сақтау салаларының мамандары, екпе алудан бас тартқан отбасылар өкілдері, ауыл жастары жиналған шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маман-педиаторы Айнаш Ғұбайдуллина, облыстың штаттан тыс бас жұқпалы аурулар дәрігері (инфекционист) Дергүл Агедилова көпшіліктің уақытылы екпе алуы жөнінде оң көзқарастарын қалыптастыру мақсатындағы іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Облыс бойынша барлық бала санының 0,2 пайызы екпе алудан бас тартқаны туралы ресми дерек бар. Салдарынан 2013 жылы 2 бала көкжөтел, 2014 жылы 6 бала қызылша, қызамық ауруларына шалдыққан. Биыл туберкулез дертіне тап болып, облыстық ауруханада ауыр жағдайда жатқан үш жасар сәбидің де ата-анасы баласының мезгілінде егілуге қарсы болғаны белгілі болып отыр. Біздің мемлекетте сан алуан ауруға адам ағзасында тойтарыс беретін иммунитетті қалыптастыру үшін екпе жасау тегін жүргізіледі. Ал, кейбір елде вакцинацияның өзін халықтың сатып алатындығын ескергеніміз жөн. Мемлекет қамқорлығын ұғынып, денсаулығы үшін жауапкершілікті арттырған абзал. Балалардың обалына қалмау жайында да жете ойлану керек. «Дөңгелек үстел» мәжілісіндегі әңгіме осылай өрбіді. Мамандар Қазақстандағы профилактикалық екпе алудың ұлттық күнтізбесімен таныстырды.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале