20.09.2024, 9:00
Оқылды: 133

Бөрліде кәсіпкерлік қалай дамып жатыр?

«2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш жеті пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни, жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда іс жүзінде әлі дайын емес. Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар» - деп атап көрсеткен еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйек айындағы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамды оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

E4C61E1A-A7E1-469D-9FA4-54C094C732AF

Сурет: freepik.com

Біздің Бөрлі ауданында да кәсіпкерлікпен айналысушылардың, өз кәсібін ашуға талпынушылардың күннен күнге көбейіп келе жатқаны қуантады. Олардың көпшілігі мемлекеттен кәсіпкерлікке берілген жеңілдіктерді, яғни Президент атап көрсеткен кәсіпкерлерлерді қолдауға арналған мүмкіндіктерді барынша пайдаланып жатыр. Соның нәтижесінде 2023 жылы жеке инвестициялар есебінен аудан аумағында сегіз ірі жобалардың құрылысы аяқталғанын мақтанышпен айтуға болады.  

2024 жылдың өткен мерзімінде аудан бойынша 5130 ШОБ субъектісі тіркелген екен. ШОБ субъектілері қызметінің негізгі түрлерінің бірі сауда нүктелерін ашу. Сауда саласында кәсіпкерлердің шамамен 36%-ы жұмыспен қамтылған. Сол сияқты көлік және байланыста жұмыспен қамту – 16%-ды құрап отыр екен. Ал өзімізге таныс ауыл шаруашылығында жұмыспен қамту 5%. Демек бұл салада әлі де жұмыстану қажет-ау. Сол сияқты құрылыста 3%-ы жұмыспен қамтылғаны қынжылтады, әрине. Өзге салаларда, әсіресе, сервистік қызмет көрсету салаларында 40%-ы жұмыспен қамтылғаны үлкен жетістік деуге болады. Яғни, кәсіпкерліктің негізгі бағыттары осы салаларда дамып жатыр десе болады. Оларға тауарлар өндіру, сұлулық салондары, шаштараздар, дәмханалар, мейрамханалар, қонақ үйлер, медицина, білім беру салалары жатады.

«2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында аудан бойынша 584 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл аз сан емес. Жылдық жоспардың 66,5%-на жетіп отырмыз. Десе де биыл жаңадан ашылған жұмыс орындары бойынша үлкен көрсеткішке жетеміз деген ой бар, - дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұргүл Қубашева. – Олай дейтінім, жалпы аудан аумағында 28,1 млрд теңгеге 28 жобаның жүзеге асырылуы жоспарланып отыр. Соның ішінде 2024 жылы 24 жоба жүзеге асырылады деп күтіліп отыр». 

Аудандық кәсіпкерлік бөлімі өз кәсібін ашамын деушілерге алты бағыттан тұратын бірыңғай кешенді бағдарлама шеңберінде аудан тұрғындарына келесі мақсаттарға бағытталған жобаларға қатысуды ұсынып отыр. Олар айналым қаражатын толықтыру, инвестицияларға, қайта қаржыландыру. Субсидиялау инструменті бойынша несие сомасы: инвестицияларға – 1,5 млрд тенгеге дейін, мерзімі – 5 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыруға – 500 млн.-нан артық емес, мерзімі – 3 жылға дейін екен. Субсидиялаудың мөлшері қайта өңдеуге, өңдеу өнеркәсібін өндіруге – 7%, қызметтер көрсетуге – 10% шамасында екен.

Енді кепілдеу инструменті бойынша несие сомасына келейік. Инвестицияларға – 1,5 млрд теңгеге дейін, бес жыл мерзімге беріледі екен. Сол сияқты айналым қаражатын толықтыруға – 500 млн.-нан артық емес болуы керек. Мерзімі үш жылға дейін. Ал кепілдеу мөлшері несие сомасынан 1,5 млрд тенгеге дейін 50%-дан жоғары болмауы тиіс.

Жылдан жылға кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар саны да артып келеді. Соның ішінде көпшіліккке жақсы таныс «Бизнес Бастау» бағдарламасы туралы да айта кетейік. Бұл бағдарлама бойынша 2024 жылдың өткен кезеңінде 27,2 млн теңге сомасына 20 грант берілген екен. Ал «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау бағыты бойынша 3,2 млрд теңге сомаға 39 жоба мақұлданған. Жобалардың негізгі бөлігі автокөлік, жабдық сатып алуға, айналым қаражатын толықтыруға, коммерциялық жылжымайтын мүлік салуға, несие берешегін қайта қаржыландыруға бағытталған. 

Тағы бір ел ауызында жүрген жақсы мемлекеттік бағдарлама «Ауыл аманаты» деп аталады. Халық табысын арттыруға арналған бұл бағдарлама бойынша 2024 жылға ауданға бөлінген лимит көлемі 587,9 млн теңгені құраған. Оның ішінде мал шаруашылығына 294 млн теңге, өсімдік шаруашылығына 19,2 млн теңге, шағын бизнесті дамытуға 66,9 млн теңге, құс шаруашылығына 22,2 млн теңге, ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне 185,6 млн теңге екен. Биылғы қаңтар-ақпан айлары аралығында жобалық кеңес мүшелерімен ауданның 13 ауылдық округі және Ақсай қаласының Қызылтал, Аралтал ауылдарының тұрғындарымен екі мәрте кездесулер ұйымдастырып, бағдарламаның шарттары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті. Соның нәтижесінде бағдарламаға бүгінгі таңда аудан бойынша 41 адам қатысуға ниет білдіріпті. Оның үшеуі өсімдік шаруашылығы, екеуі құс шаруашылығы, тоғыз адам жаңа кәсіп бастауға, жиырма жеті адам мал шаруашылығы бағыттары бойынша ұсыныс түсірген.

«Бүгінгі таңда 22 ниет білдіруші жалпы сомасы 223,9 млн теңгеге «Aqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына өтінім тапсырды. Оның ішінде қазіргі уақытта 11-і мақұлданды. Бұл 11 өтінім 91,13 млн теңгені құрайды. Сонымен бірге оның басым бөлігі мал шаруашылығына байланысты екені қуантады. Сондай-ақ қазіргі уақытта 123,54 млн теңгені құрайтын 10 өтінім қанағаттандыру үшін қаралымда. 2024 жылға жоспар бойынша бөлінген қаржының 50%-ы мал шаруашылығына, 50%-ы басқа бағыттарға бөлінуіне байланысты «Aqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы әр округтен өтінімдерді қабылдаған кезде екі бағыт бойынша өтінімдерді бірдей тапсыруды талап етуде», - деп түсіндіріп өтті аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұргүл Қубашева.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту ел экономикасын болашақта орнықты және жүйелі түрде дамытудың басты талаптарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда ауданда бұл жұмыстың ойдағыдай жүзеге асып жатқаны анық және алда осы бағытта үлкен шаруалар күтіп тұр.

Дариға Нұрашова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале