19.09.2024, 22:39
Оқылды: 115

«Ауыл» партиясының өкілдері университет ұжымымен және жастармен кездесті

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ауыл» партиясының аймақтық семинар-кеңесі аясында профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесу өтті.

IMG_9001

Жиында алдымен сөз алған университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов қонақтарға ыстық ықыласын білдіріп: – Ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлайтын жетекші университет ретінде партия тарапынан жасалып жатқан жұмыстармен етене таныспыз. Қазіргі таңда партия депутаттарының көтеріп жүрген мәселелері, жалпы Парламент отырысындағы белсенділігі көңіл қуантады. Бұл жұмыстардың алға басуына себепкер болып отырған партия төрағасы Серік Рахметоллаұлы Егізбаевтың біздің университетіміздің түлегі екендігін мақтанышпен айтып өткіміз келеді, – деді.

Бұдан әрі сөз алған «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов келесі жылы партияның құрылғанына ширек ғасыр, яғни 25 жыл толатынын жеткізді.

– Осы уақыт аралығында үлкен жұмыстар атқарылды. 2023 жылғы 19 наурыздағы сайлауда біздің партия алғаш рет еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы – Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне өз депутаттарын өткізе алды. Бүгінде Мәжіліс депутаттарының саны бойынша саяси партиялар арасында «Ауыл» партиясы – екінші орында. Біздің партиядан 228 мәслихат депутаты және 35 ауылдық округ әкімі сайланды. Сондай-ақ өткен жылдың қараша айында бірінші рет өткен аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау кезінде біздің партиядан үш ауданның әкімі басым дауыспен жеңіске жетті. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында «Ауыл» партиясынан өткен екі облыстық мәслихаттың депутаты, 18 аудандық және бір қалалық мәслихат депутаты, сонымен қатар «Ауыл» партиясынан сайланған екі ауыл әкімі жұмыс істеуде. Биыл Ақмола облысының Зеренді ауылында өткен партияның XXIV съезінде біз жаңа бағдарлама мен жаңа жарғы қабылдадық. Осы сьезде партияның жаңа ребрендингі бекітілді, – деді Қайрат Қапарұлы. Партия төрағасының орынбасары өз баяндамасында аталмыш партия жүзеге асырып жатқан бірнеше нақты жобаларға тоқталды.

Бүгінгі қоғамда кеңінен талқыланып жатқан жалпыұлттық референдум, АЭС құрылысы жобасы да назардан тыс қалмады. Осы ретте атом саласының маманы, «Ауыл» партиясының бас сарапшысы Бағдат Кадиров Қазақстан бойынша бұл саланың даму бағытын түсіндірді. Ал «Ауыл» партиясы жастар қанатының көшбасшысы Дәурен Рақымбек «Студенттік және жастар жасақтарын құру» жобасы жайында егжей-тегжейлі баяндады.

IMG_9007

Кездесу барысында партия төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов көктемгі су тасқыны кезінде университет тарапынан көмек күшін жұмылдырған тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор, қалалық мәслихат депутаты Ақылбек Сұлтановқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар сол қиын-қыстау кезеңде белсенділік танытқан бір топ студенттер марапатталды.

Жиынды ұйымдастырушылар осы кездесудің өтуіне қолдау көрсеткен Жәңгір хан университетінің басшылығына алғыстарын айтып, партия мен білім ордасы арасында бірлескен жобалар сәтімен жүзеге асарына сенім білдірді.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале