19.09.2024, 23:00
Оқылды: 102

Жаңақалалықтар қаламы жүйрік майдангер Мәжит Жадановты еске алды

Бүгін рухани орталықта аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мәжит Жадановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Қаламы жүйрік майдангер» атты еске алу кеші өтті.

2

Артына өшпес мұра қалдырған, дара тұлғаны ардақтауды, мол мұрасын жастарға насихаттауды мақсат тұтқан кешке ардагердің көзін көрген қаламдастары, замандастары, іні-қарындастары мен ұлағатты ұрпақтары қатынасты. Мәжит Ғұмарұлы КСРО және Журналистер Одағының мүшесі, «I дәрежелі Отан соғысы», екі мәрте «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстанның құрметті журналисі, Жаңақала ауданының құрметті азаматы. Кешті бастамас бұрын өнегесі биік тұлғаны бір минут үнсіздікпен еске алды. Шараның шымылдығын аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев ашып, келген қатысушылар мен артындағы ізін жалғаушы ұрпақтарына өз лебізін білдірді. Одан кейін, мәдени - демалыс орталығының әншісі Қуанышбек Айдарбековтың орындауында «Ағаларым» әсем әні шырқалып, барша жиылған жұртшылықтың көңілін бір марқайтты. Сөз кезегін Мәжит Ғұмарұлының тумалас інісі Ғабдығали Текебаевқа ұсынды.

- Ағамыз ортамызда болғанда мерейлі жасын дүбірлетіп қарсы алушы едік. Жасы тоқсаннан асып дүние салды. Еңсесі биік тұлғаның жүрген жолының барлығына дән ризамыз. Ағайын - туыс, ұрпаққа үлгі етіп, насихаттап айтып отырамыз. Артында қалған ұрпақтары аман-есен өсіп, бой көтеріп жатқаны үшін мың сан шүкіршілік. Жаны жайсаң ағамның жатқан жері жарық, иманы жолдас болсын! - деп інілік пейілін білдірді. Содан соң ел азаматы, ардагер Закария Жүсіпқалиұлы ортаға шығып, есімі еліміздің Алтын кітабына жазылған ағамыздың ауданның ауылшаруашылығы мен экономикасының өркендеуіне қосқан еңбегі жөнінде баяндап, сонымен қатар көз көрген шақтағы ыстық естеліктерімен бөлісті.

3

- Мәжит ағамыз істің адамы болды. Өмір деректерінде де айтып өттіңіздер, кете кеткенше қолынан қаламын тастаған кісі емес. Өздеріңіз де куә болдыңыздар ғой, қызметте талапшыл, қатал адам болды,- деп Закария ағамыз өткенге оралып, қызықты сәттерді бір еске салып өтті. Келесі кезек іні-қарындастарына, көрші-көлемдеріне беріліп, соның ішінде Құмарғай Қайыржанов, Шахидолла Абуғалиев, батагөй Зылиха әжеміз, Светлана Сүлейменова, Фарида Аманғалиқызы сөз алып, ағамыз туралы ой толғап, ұрпағына ақ баталарын беріп, игі тілектерін білдірді. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырымызда адамның бірден бір ұтатын, жететін жетістігі артынан тәрбиелі, өскелең ұрпағының қалуы. Кеш соңында ардагердің ұлы Қуаныш Жаданов пен келіні Зарина Жаданова, қызы Ажар Мәжитқызына сөз беріліп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді. Сөз барысында біз танитын еңбексүйгіш тұлғаның бұдан бөлек отбасындағы асқар тау әке, ата ретіндегі рөлін, берген тәлім-тәрбиесі айтылып, көзге ыстық сағыныштың жасы келіп, баршамыздың көңілімізді босатты. Қара сөздің құдіретін асқақтатқан қаламгердің еңбегі халық үшін баға жетпес байлық. Шығармашылығымен дара жол қалыптастырған тума дарынның жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталмақ.

Фариза Махамбетова,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале