19.05.2016, 19:27
Оқылды: 17

Жер реформасына қатысты ашық пікірталас өтті

Akim kogamdik kenes jaksisi   Облыстық мəслихаттың мəжіліс залында облыстық қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты. Жиында қоғамдық ұйым, саяси партиялардың өкілдері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері бас қосты.


  Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықовтың айтуынша, соңғы кезде қоғамдық пікір туғызып отырған мәселе - жер реформасына қатысты заңдағы нормаларға енгізілген өзгеріс. Соған орай қоғамдық келісім кеңесінің төралқа отырысы өтті. Бүгін облыс әкімінің, республикалық комиссия мүшесінің қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өтуде.

   "Бүгін ашық пікір алаңына жиналып отырмыз. Қоғамдық кеңес халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін өкілетті орган екені мəлім. Біздің  облыста ауыл шаруашылық жер көлемі  5 млн. 700 мың гектар. Оның ішінде 4 млн. жарымға жуығы егін шаруашылығына арналған, мал азығын дайындайтын, суармалы жер. Түгендеу нəтижесінде 1 миллион гектар игерілмеген ауыл шаруашылық жер анықталды. Соның 700 мың гектарын мемлекет меншігіне қайтардық. Енді қалған бөлігін тиімді пайдалану қажетпіз. ҚР Жер кодексінде жерді жалға беру жөнінде бап 2003 жылдан бері бар. Біз халыққа дұрыс бағытта түсіндіруіміз керек. Бүгін қоғамдық келісім кеңесі мүшелерімен қатар, зиялы қауым өкілдері, шаруа қожалықтардың басшылары, қоғамдық бірлестік жетекшілері, сондай-ақ пікір білдіргісі келген азаматтар бар. Ұсыныстарыңызды ашық айтыңыздар. Əркім өз пікірін білдіруге құқылы",  - деді облыс əкімі Алтай Көлгінов.

   Одан кейін «Ақас» шаруа қожалығының басшысы, республикалық комиссияның мүшесі Қатауолла Ашығалиев сөз алды. «Астана қаласында 14 мамырда Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен республикалық комиссияның бірінші отырысы өтті. Ол өте тартысты өтті. Бұл жиынға мемлекет, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар өздерінің пікірін ашық білдірді. Бұрын кеңес заманында облысымызда 1,5 млн. гектар жерге дән себілетін. Қазір ол төрт есе қысқарды. Көптеген егіс алқаптары біраз жылдан бері өңдеу көрген жоқ. Енді оларды қалпына келтіру үшін көп қаржы шығару керек. Яғни жерге ие керек»,- деді ол.

  Жиын барысында Аманжол Зинуллин, Айсұлу Қадырбаева, Ғазиз Хаймулдин,Тихон Әліпқали, Нұрлан Ізтілеуов, Асқар Атаев, Абат Есенғалиев, Ғайсағали Сейтақ, Шолпан Қыдырниязова сынды өңірімізге танымал тұлғалар, Жамбыл Насимуллин, Мағауия Зайнуллин, Сергей Шонайбеков сынды шаруалар жер реформасына байланысты өз ойларын білдірді.

   Өз кезегінде сөз алған белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева жер аса киелі екенін, бұл бағыттағы мәселені барынша сабырмен, жан-жақты ақылдасып барып шешу керектігін жеткізді.

   Жиынды облыс әкімі Алтай Көлгінов қорытындылап, бүгін қызу пікірталас болғанын, әркім өз ойын бүкпесіз білдіргенін айтты. Әкім сондай-ақ осы жерде айтылған пікір-ұсыныстар республикалық комиссияның облысымыздағы мүшесіне табысталатынын, мұндай жиын қажет болса тағыда өткізетінін мәлімдеді.

     Жиын үш сағаттан астам уақытқа созылып, отыз шақты адам өз ойын білдірді.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале