1.05.2024, 12:30
Оқылды: 42

Жолың болсын,жолаушы!

Бүгін қамыстылықтар үшін қуанышты күн. Көптен бері көтеріліп жүрген мәселенің шешімі табылды. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «Қамысты – Орал», «Орал – Қамысты» бағытында жолаушылар тасымалдайтын шағын автобус өз жұмысын бастады. Енді ауыл тұрғындары еш қиындықсыз әрі тиімді бағада облыс орталығына бара алатын болады. 

IMG-20240501-WA0013

Осы орайда аудан әкімі Тимур Шиниязов Қамысты ауылына арнайы барып, қамыстылықтарды кезекті жобаның іске асуымен құттықтап, алғашқы жолаушыларға сәт-сапар тілеп, аттандырды.

IMG-20240501-WA0017

- Баршаңызды мерекемен құттықтаймын. Бүгін тұрғындар үшін қуанышты күн. Кезекті жобамыз іске асып жатыр. Жол мен инфрақұрылымды дамытуға үлкен мән беріліп, алдымызға нақты тапсырмалар қойылды. Былтыр «Орал-Жәнібек» республикалық маңызы бар жолдың төменгі қабаты төселіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Қамыстының кіреберіс 14 шақырым жолына да асфальт жабыны төселіп, жолаушылар тасымалына мүмкіндік берді. Бүгінгі күнге дейін Жәнібек пен облыс орталығына қатынайтын бір маршрут болса, бүгіннен бастап «Қамысты-Орал-Қамысты» бағытындағы маршрут іске қосылды. Облыстық маңызы бар маршруттар тізбесіне енді. Халыққа тиімді болу үшін жолақысы нарықтық бағадан екі есе төмен болады. Яғни айырмасы облыстық бюджет арқылы өтеледі. Құрметті жерлестер, өздеріңізді қуанышты сәтпен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық тілеймін, - деді аудан басшысы.

Ауыл ақсақалы Ғабдірахим Абдулкәрімов ақ батасын беріп, жолаушыларға жол жеңілдігін тіледі.

- Ауыл болып бұл бастамаға қатты қуанып отырмыз. Жолаушылар тасылмалын көптен көтеріп жүр едік. Мінекей, айтқанымыз іске асып жатыр. Ауыл халқы үшін өте қажет. Себебі тұрғындардың әл-ауқаты әртүрлі. Таксидің бағасы әлдеқайда қымбат. Ал бұл маршруттың бағасы өте тиімді. Жақсылықтар бола берсін. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Маршрутты ұйымдастырып жатқан билік басындағы азаматтарға алғысымыз зор. Оң сапар болсын, - деді ауыл ақсақалы.

№138 «Қамысты - Орал», «Орал-Қамысты бағытындағы маршрутты «Сайхаденова У.И.» жеке кәсіпкерлігі ұйымдастыруда. Аталған кәсіпкерліктің жетекшісі Марлен Сайхаденовтың айтуынша, жолаушылар тасымалы халықтың сұранысы бойынша іске асқан.

IMG-20240501-WA0015

«Осыған дейін ауданда №136 «Жәнібек-Орал», «Жәнібек-Орал» бағытында бір ғана маршрут болса, енді, міне №138 маршрутымыз іске қосылып жатыр. Жолақысы үлкендерге 4000 теңгені құраса, балалардың жолақысы екі есе төмен, яғни 2000 теңге болады. Шағын автобус 17 адамды тасымалдай алады. Әзірге 5 күн сайын жүретін болады. Тұрғындардың екі ортаға қатынасы жиілесе, соған сәйкес маршруттың жүру уақыты да өзгеретін болады», - деді жеке кәсіпкер.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале