20.11.2026, 12:45
Оқылды: 28

25 кәсіподақ бастамасы: әділ еңбекақыдан цифрландыру кезінде жұмыспен қамтуды қорғауға дейін

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин 25 жалпыұлттық бастаманың стратегиялық қырларын таныстырып, кәсіподақтардың ұстанымын жеткізді және еңбек ұжымдарының ұсыныстарын жалпыұлттық деңгейде ілгерілету жолдарын айқындады. Спикер мемлекеттің басты құндылығы – еңбек адамы екенін еске салды.

IMG_1948.JPG

«Біз еңбек адамы - мемлекеттің тірегі деп жиі айтамыз. Бірақ осы сөздің тағы бір маңызды мәні бар.Мемлекет мықты болса, ол да еңбек адамына берік тірек болуы керек. Адал еңбек еткен адам лайықты өмір сүріп, отбасын асырап, бала-шағасын өсіріп, ертеңгі күніне сеніммен қарауға тиіс. Бұл - әр адамның қарапайым әрі заңды тілегі. Әлеуметтік әділеттілік туралы сөзді де осыдан бастағанымыз жөн.», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Төраға бірлескен Форумды өткізу бастамасын қолдағаны үшін Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошановқа алғыс айтты.

Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының сөзінше, елдегі ірі индустриялық орталықтардың бірі саналатын Павлодардың еңбек адамының жағдайын талқылау орнына айналуы заңды құбылыс.

«Бұл өңірде металлургтің, энергетиктің, кеншінің, машина жасаушы маманның еңбегі қаншалықты ауыр әрі жауапты екенін жақсы біледі.

Экономикадағы әрбір көрсеткіштің, өндірістегі әрбір жетістіктің артында адам еңбегі тұрғанын да жақсы түсінеді. Сондықтан бүгінгі форумның «Еңбек адамы - Ел бірлігінің тірегі» деген атауы басқосуымыздың мәнін айқын көрсетіп тұр», – деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.

Еске салайық, Кәсіподақтар федерациясы конституциялық өзгерістерді талқылауға қатысып, жұмыскерлердің құқығы мен мүддесін қорғауға қатысты ұсыныстар енгізген болатын. Қоғамдық жаңа институт – Қазақстан Халық Кеңесінің Конституцияда бекітілуі кәсіподақ қозғалысы үшін қағидатты мәселелердің бірі болды.

«Адамдар өз өміріне, елдің ертеңіне әсер ететін шешімдерді талқылауға тікелей қатыса алуы керек. Кәсіподақтар федерациясы мен Қазақстан Халық Кеңесі - адамдармен тығыз байланыста жұмыс істейтін халықтық институттар. Міндетіміз де, өкілеттігіміз де әртүрлі. Бірақ бізді біріктіретін ортақ мақсат бар.

Ол - адам мүддесін қорғау, елдің болашағына қызмет ету.

Кәсіподақтар федерациясы екі миллионға жуық еңбек адамының мүддесін қорғайды.Ал Қазақстан Халық Кеңесі қоғамның әртүрлі топтарына ел дамуының маңызды мәселелерін талқылауға қатысуға жол ашады. Сондықтан біз Халық Кеңесімен бірлескен жұмысты еңбек адамдарының үнін елдік деңгейде естіртудің маңызды мүмкіндігі деп білеміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы әр сала мен өңірдегі миллиондаған адамның еңбегі экономикалық өрлеу мен қоғамдық келісімнің тірегі екенін еске салды. Мемлекет басшысы белгілеген «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» қағидаттары еңбек өмірінде де – жұмыскерлердің құқықтары мен қауіпсіздік талаптарын сақтауда, өз міндетіне жауапкершілікпен қарауда көрініс табады.

«Еңбек адамы ел дамуына күн сайын өз үлесін қосып жүр. Ал ел дамуы өз кезегінде оның өміріне нақты оң өзгеріс әкелгені әділ. Егер экономика өсіп, бірақ еңбек адамы мұны сезінбесе, демек біздің әлі де істейтін шаруамыз көп. Лайықты еңбек – әлеуметтік әділеттілік мәселесі ғана емес. Бұл – экономиканың өзін дамытудың басты шарты», – деді ол.

ҚРКФ Төрағасы жұмыскерлерге тікелей әсер ететін түйткілдерді атап өтті: баға өсуінен жалақының сатып алу қабілетінің төмендеуі, ұжымдық шарттардың орындалмауы және өндірістегі қауіпсіздік талаптарының бұзылуы.

«Баға өсіп, жалақы сол күйінде қалса, адам табысының бір бөлігінен айырылады. Ұжымдық шартқа қол қойылып, бірақ оның тармақтары орындалмаса, жұмыскерлердің әлеуметтік әріптестікке сенімі жоғалады. Адам ауысымға шығып, үйіне оралмаса, ешқандай өндірістік жетістік бұл қасіретті ақтай алмайды. Жұмыскер заңды құқығын талап еткенде қол жайып сұраушы болмауы керек», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.«Еңбек адамының үні. 25 жалпыұлттық бастама» құжаты жұмыскерлердің өтініштері, салалық және аумақтық кәсіподақтардың тәжірибесі мен еңбек құқықтарын қорғау тәжірибесі негізінде дайындалған. Ұсыныстар бес бағытқа топтастырылған: әділ табыс және әлеуметтік әріптестікті дамыту; еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік қорғау; жұмыс істейтін отбасының әл-ауқаты; технологиялық өзгерістер жағдайында адами әлеуетті дамыту; жұмыскерлердің қоғамдық өмірге қатысуы.

Сатыбалды Дәулеталин әр бастаманың артында жалпыұлттық деңгейде қарауды қажет ететін еңбек ұжымдарының нақты сұраныстары тұрғанын атап өтті.

Халық табысы жайлы айта келе, ол 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру жөніндегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімін кәсіподақтардың қолдайтынын жеткізді. ҚРКФ Төрағасының сөзінше, Кәсіподақтар федерациясы бұл мәселені көп жылдан бері дәйекті түрде көтеріп келеді.

«Бірақ біз үшін ең төменгі жалақыны көтеру – түпкі мақсат емес. Біздің міндетіміз – еңбек ететін адам отбасын лайықты асырап, ертеңгі күнге сенімді қарауы үшін нақты еңбек табысының тұрақты өсуіне қол жеткізу», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Сондай-ақ ҚРКФ халық табысын арттыру жөніндегі 2026–2029 жылдарға арналған Кешенді жоспардың орындалуын мемлекеттік бағалаумен қатар, қоғамдық сараптамадан да өткізуді ұсынады. Бұл ретте нақты еңбек табысының өсімін, жұмыс орындарының сапасы мен еңбек ететін отбасылардың жағдайын ескеру қажет.

Тағы бір бағыт цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу кезінде жұмыспен қамтуды қорғауға байланысты. Технологиялық жаңғыру мамандықтарды, біліктілікке қойылатын талаптарды және еңбекті ұйымдастыруды өзгертеді. Сондықтан Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, жұмыспен қамту кепілдіктерін алдын ала айқындап, қызметкерлерді қайта даярлауды қамтамасыз ету және еңбек қатынастарында алгоритмдерді қолданудың түсінікті ережелерін бекіту қажет.

«Жаңа технологиялар бір топты алға сүйреп, екінші топты әлеуметтік жағынан қорғансыз қалдыруына жол бермеуіміз қажет. Қызметкерлерді қайта даярлауды кім қамтамасыз етеді? Жаңа технологиялар енгізілгенде олардың құқықтары қалай қорғалады? Еңбек қатынастарына әсер ететін алгоритм шешімдеріне кім жауап береді? Ал өнімділіктің артуынан түсетін пайда бизнес пен жұмыскерлер арасында қалай бөлінеді? Қазан айында Астанада ҚРКФ «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» халықаралық форумын өткізді. Оның қорытындысы бойынша технологиялық өзгерістер жағдайында адам мүддесін қорғау қағидаттарын бекіткен Кәсіподақтардың цифрлық хартиясы мен Астана үшжақты декларациясы қабылданды», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Үшінші бағыт – жұмыс істейтін отбасының әл-ауқаты. Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы әлеуметтік саясатты тек жалақы мөлшерімен ғана емес, баспана, азық-түлік, білім беру мен медициналық көмек шығындарын, балабақшалардың қолжетімділігін және кәсіби мен отбасылық міндеттерді қатар алып жүру мүмкіндігін ескере отырып бағалауды ұсынды.

«Жалақыны көтеруге болады, бірақ

баспана, азық-түлік, білім алу және медициналық көмек шығындары өссе, отбасы жағдайының жақсарғанын әрдайым сезіне бермейді. Сондықтан жұмыс істейтін отбасының жағдайын тек жалақы деңгейінен кеңірек қарастыру қажет», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин және бұл міндеттерді «Лайықты еңбек – Әділетті Қазақстанның негізі» атты жалпыұлттық күн тәртібіне біріктіріп, Қазақстан Халық Кеңесінің алаңында қоғамдық талқылауға шығаруды ұсынды.

«Мәселе Үкіметтің, Парламенттің немесе әлеуметтік әріптестік жүйесінің өкілеттіктерін алмастыру туралы болып отырған жоқ. Біз Халық Кеңесінің мүмкіндіктерін мәселелерді қоғамдық талқылауға және жұмыскерлердің өз қатысуымен шешімдер әзірлеуге пайдалануды ұсынамыз. ҚРКФ талдау нәтижелерін, еңбек ұжымдарының ұсыныстары мен шешу жолдарын ұсынуға дайын», – деп мәлімдеді ҚРКФ Төрағасы.

Одан әрі жұмыс істеу үшін ол үш қағидатты ұсынды: еңбек ұжымдарымен тұрақты байланыс, бастамаларды бірлесіп пысықтау және олардың қаралу нәтижелері туралы кері байланыс. ҚРКФ әлеуметтік әріптестіктің қолданыстағы тетіктерін – ұжымдық келіссөздерді, салалық және өңірлік келісімдерді, үшжақты комиссияларды пайдалануға ниетті.

«Кәсіподақтардың күші тек сандық көрсеткішпен ғана емес, адамдар мүддесін қорғап, нақты өзгерістерге қол жеткізе алу қабілетімен де өлшенеді. Еңбек адамы – ең алдымен өз елінің болашағына бейжай қарамайтын азамат. Сондықтан оның үні жалақы, еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктер талқыланғанда ғана емес, мемлекеттің дамуы туралы сөз болғанда да естілуі тиіс», – деп мәлімдеді Сатыбалды Дәулеталин.

Форум күн тәртібін жалғастыра отырып, Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева цифрлық экономиканың жұмыспен қамту мен еңбек қатынастарына ықпалына тоқталды. Оның айтуынша, технологиялық өзгерістер еңбек мазмұнына біртіндеп әсер етуде: өндірістік үдерістерді автоматтандырудан бастап платформалық жұмыспен қамту мен жасанды интеллектіні қолдануға дейін жетті.

«Әрбір жаңа технологиялық кезең еңбек адамын қорғауға қатысты жаңа міндеттер қосады. Жасанды интеллект дәуірінде жұмыспен қамту, шешімдердің ашықтығы және адамның өзінің қатысуы бірінші орынға шығады», – деп атап өтті депутат.

Екатерина Смышляеваның пікірінше, әлеуметтік әріптестікті нығайтып, ұжымдық келіссөздердің мазмұнын кеңейту және оларға қатысушылардың біліктілігін арттыру қажет.

«Еңбек саласындағы бірлескен жұмыс нақты нәтиже береді: ол тәуекелдер мен заңнамадағы олқылықтарды алдын ала анықтауға, қоғамдық сараптама жүргізуге және өзара келісілген шешім табуға мүмкіндік береді», – деп баса айтты депутат.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале