7.02.2023, 10:00
Оқылды: 5792

Абат Есенғалиев: «Облысқа пайдам тисе деп жүрген кезімде жұмыстан кеттім...»

Алдияр оқырман, біздің бүгінгі «Ардагер» бетінің қонағы – Абат Қадимұлы Есенғалиев. Бұл азаматтың есімі республика, облыс жұртшылығына жақсы таныс.

InShot_20230207_081524457

 

Әсіресе, оны облыстың ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен малшы-шопандар, диқандар мен шаруалар, мамандар бір кісідей біледі десек, қателеспейміз. Қатардағы мал маманынан бастап, түрлі мекемелердің тізгінін ұстаған, шаруашылық басқарған, облыс әкімінің бірінші орынбасары болған. Сонау 90-жылдарда ауыл шаруашылығындағы қиындықтарды бір кісідей бастан кешкен жан. Жуырда ғана 75-тің биігіне көтерілген Абат Қадимұлымен арнайы кездесіп, әңгімеге тарттық.

4 001

– Аға, мерейжасыңыз құтты болсын! 75 жас адам өмірінің бір белесі. Әрине, аз уақыт емес, көп деуге де көңіл қимайды. Соңыңызға қайырылып бір қараңызшы, өкінішіңіз бен қуанышыңызды қалай безбендер едіңіз? «Әттеген-ай...» мен «Бәрекелді!» деп отыратын сәттеріңізді таратып айтып беріңізші. Сонау нарықтық қатынас пен жекешелендірудің аласапыран кездерінде қайда болдыңыз, оны қалай қабылдадыңыз?

- Иә, 75 жасқа келіп жатқанда бір сәт соңыңа қарайлайды екенсің, не бітірдім, не қойдым деп. Өкініш дейсің бе, бар... Әсіресе, екі-үшеуі есімнен кетпейді. Облыста үлкен жұмыста жүрген кезім. Сонау 90-жылдардың басы, жекешелендіру деген ұранның дүрілдеп тұрған шағы. Сол кезде мұны қалай жүргізсек болады деп, Канадаға, Израйльға барып қайттым. Таныстым. Облыс әкімінің бірінші орынбасарымын. Содан келгесін, өзіміздің жағдайды көргендерімізге ыңғайлап жұмысқа кірістік. Фермер боламын, шаруашылықтан бөлінемін дегендерге мүмкіндік жасадық. Шаруашылықтардың мал-мүлкін үлестіріп, таратып жіберсек, дымсыз қалу қаупі туып тұрғанын жақсы білдік. Оған өзім қарсы едім. Әсіресе, ұжымшар мен кеңшарларды таратпау керек еді. Олар әуелден жекенің малын ортаға салып құралған дүние ғой. Тек, жарғысына азын-аулақ өзгеріс енгізіп, сол күйінде қалдыруға болатын еді. Акционерлік қоғам құрып, акциясын беріп, халықты сол шаруашылықтарды басқаруға араластыру керек еді. Мысалы, сол кезде ет комбинатын, сүт комбинатын, азық-түлік корпорациясын акционерлік қоғам етіп құрдық. Акцияларын басшыларына бердік. Ол кезде облысты Қ. Жа-
қыпов басқарады. Бір күні облысқа Н. Назарбаев келді. Актив жиналды. Сонда президент жиналысты ашқан бойда: «Менің айтқанымды, үкімет-тің тапсырмасын неге орындамайсыңдар? Әлі күнге неге таратпай (шаруашылықтарды) жатсыңдар?» деп тиісті ғой. Содан мен уәжімді айтайын деп орнымнан тұрып сөйлей бастағанымда, сөйлетпеді. Екі рет талпындым, екеуінде де мені отырғызып тастады. Президент кеткеннен кейін Жақыпов мені шақырып алып, «Сен мені президенттің алдында қатты ұятқа қалдырдың» деп ренжіді. Мен: «Қабеке, өз қолымнан бір шаруашылықты да таратпаймын, ал тарататын болсақ, жұмыстан кетемін» дедім. Содан ақыры, Жоғарғы Кеңеске депутат болып кеткенімді өзің білесің. Сол кездегі шаруашылықтарды сақтап қалуға дәрменім жетпеді. Бірінші өкінішім – осы.
Екінші өкінішім, 2000 жылдың басында облысты басқаруға Қырымбек Көшербаев келді. Сол азамат мені өзіне тағы да орынбасарлыққа шақырды. Ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік етуге. Сол тұста облыста 250 мың гектар егістік жер қалыпты. 1 млн 500 мың егістіктен... Шаруашылықтар 5-6 жыл бойы тұқымға, жанар-жағармайға қарыздар болып, белшеден батқан. Мал басы мықтап кеміген. Қырымбек Елеуұлы істеген үш жылда егістік жер 700 мың гектарға жетті. Талай жұмыс атқарылды. Мал шаруашылығын түгел қалпына келтірдік. Жұрттың еңсесі көтеріле бастады. Міне, осы кезде Көшербаев кетті де орнына Әшімов келді. Менің жұмысым ол кісімен жараспады. Оған себеп – «Тендерді анаған бер, мынаған бер» деген әңгіме. Оған дейін Бортау жақтан құс фабрикасын салдық. Ол кісілерді мен Алматыдан тауып әкелгенмін.

Газ, су тартып бердік, қалғанын өздері салды. Алты айда бітірді. Жұмыртқамен өзімізді және Атырауды қамтамасыз ете бастадық. Фабрика қазір де істеп тұр. Әлгі азаматтармен анау Саратов күрежолы бойынан бройлерлік құс фабрикасын салуға келістік, өздерінің ақшасына. Газ, су тартып береміз дедік. Азаматтарды Әшімовке кіргіздім. Таныстырдым, ұсынысымды айттым. Әшімов: «Олармен оңаша қалдыр» деді. Жарты сағаттан кейін азаматтар маған келді, «Абеке, сізге рақмет, біз жұмыс істеп болдық, кетеміз» дейді. Кетіп қалды.  «Тендерді анаған бер, мынаған бер» деген әңгіме тағы айтылды, мен келіспеймін. Айтыстық, тартыстық. Менің үстімнен жеті рет тексеру ұйымдастырылды. Ештеңе таба алмады. «Арызыңды жазып, өз еркіңмен кет» дейді. «Кетпеймін» деймін. Тіпті, «Балаларыңыз бар ғой, соларды неге ойламайсыз?»  деген әңгіме айтыла бастады. Жанды жерімнен соғып тұр... Қайсыбірін айтамын, сонымен арызымды бердім де кеттім... Екінші өкінішім – осы. Нағыз қайратымның тасып тұрған, тәжірибемнің толысқан кезінде, облысқа  пайдамды тигізсем деп жүрген жылдарымда,  ойға алған мақсаттарымды толық жүзеге асыра алмай кеттім...

Үшінші өкінішім, балаларымның анасы, немерелерінің әжесі, жан жұбайым Райханнан айырылдым. Әлі күнге жоқтаймын, балаларым да, немерелерім де керім жоқтай-
ды... Бұл енді жазылмайтын жан жарам ғой...Үшінші өкінішім – осы. Басқалай бақытты адаммын, Жасаған иеге ризамын. Жора-жолдастарым бар, сонау бала кезімнен бірге келе жатқан. Елімнің қай жеріне бармайын, қандай жиынға қатыспайын, бәрі сыйлап тұрады. Сыртымнан «Әй, атаңа нәлет, оны қой!» деген әңгімені естіген жоқпын. Ар-ожданым таза, халықтың алдында беделім бар. Осының өзі үлкен бақыт! 75-ке келіп, соңыма қарасам, ризамын. «Бәрекелді!» деп отырамын! Жанағы өзіңе айтқан екі-үш өкінішім болмаса...

– Жолға салған, жұмысқа төселдірген алғашқы ұстаздарыңыз, қанаттас еңбек еткен, қатар жүрген азаматтар жайлы не айтар едіңіз?

– Адам іштен бәрін біліп тумайды. Көреді, үйренеді, түйеді. Институттан кейінгі ұстаздарымды айтсам, олар баршылық. Бірінші басшым малдәрігерлік стансаның басшысы Темірбек  Хайыров, Шыныбай Шарафутдинов, Төлеуғали Аманов, Мақсот Исқақов, Сабай Ниязов, Борис Чирекаев, академик Алексей Черекаев (бұл кісімен ағайындай болып араласқан едім), Нәжімеден Есқалиев, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Айып Құсайынов, Қасым Төлебеков, міне, осы азаматтардан мен көп нәрсе үйрендім. Адам болып қалыптасуыма, мамандыққа, басшылық қызметтерге төселуіме бұл ағаларымның үлкен көмегі тиді. Тағы да айтайын, Мүсір Айтасов, Кәрім Өтеғұлов, Торғай Ниязов сынды ағаларымнан алған тәлімім ұшан-теңіз. Мен кейін бір жетістікке жетсем, айналып кетейін, осы ағаларымның арқасы. Бұл ағаларымды менің өмір жолымда Тәңір иенің  жолықтырғаны үлкен бақыт. Бұл менің  «Бәрекелді!» деп мадиықтанып отыратын сәттерім, інім!  Тағы бір «Бәрекелді!» дейтінімді айтайын. Жоғарғы Кеңестің депутаты болғанымды білесің. Бірақ ол шақырылымның ғұмыры қысқа болды, таратып жіберді. Ол тұста облыс тізгіні Қ. Жақыповта. Ауылдаспыз, мені жақсы біледі. Бірақ мен ол кісіден жұмыс сұрап, қайтадан барған жоқпын. «Қазақгазда» жұмыс істедім. Сөйтіп жүргенде облысқа Қырымбек Көшербаев келді, оны жоғарыда әңгімеледім, тек мына бір жәйтті айта кетейін. «Мені өзіне орынбасарлыққа қызметке шақырды» дедім ғой. Тұла бойынан тектілік төгіліп тұрған азамат қой, қалай бармайын, бардым. Бұл кез облысымызда үлестіретіннің бәрін үлестіріп, тас-талқан болып жатқан шақ. Қырекеңе кірдім, «Жағдай қиын, мен жүз жерден іскер болсам да, ештеңе істей алмаймын, техника, тұқым, жанармай алатын көк тиын жоқ, көп қаржы керек» деп. Бастан-аяқ жоспар, есеп-қисап  жасап апарғанмын. Қырекең оларды мұқият қарады, ұзақ ойланды. Ол кезде облыстың бюджетінің өзі 9 миллиард теңге төңірегінде. Ауыл шаруашылығына уақытша көмектесуге бір миллиард  керек. Көшербаев әбден ойланып, сол қаржыны тауып беруге келісті. Сөйтіп, істеп кеттік. Екіншіден, республикадан тұқым алдық. Оған Даниял Ахметовтің, біздің депутаттардың зор көмегі тиді. 21 мың тонна тұқым осылайша шешілді. Сол жылы Құдай беріп, егін тәуір шықты, бұған дейінгі қарыздарымызды жоя бастадық, шаруалардың еңсесі көтерілді. Осы жерде айтайын дегенім, жұмыс жүруі үшін команда болуы керек. Қырымбек Елеуұлы сол команданы жасақтай алды. Сол кезде Ербол Салықов, Серік Сүлеймен, Самиғолла Оразов, Арман Өтеғұлов, Лавр Хайретдинов, Өтеміс Мырзағалиев (мар-құм Өтеміс ол кезде Атырауға кетіп қалған, соны алдырды), Салауат Нұрғалиев, Замир Сағынов, Наурызбай Қарағойшин, Абат Шыныбеков, Бекет Мырзағалиев, Александр Савран сияқты өзім жақсы білетін азаматтарды Қырекеңе ұсынғанмын. Ол кісі қош алды. Сөйтіп, жұдырықтай жұмылып еңбек еттік. Бұл азаматтар сол кезде әкімдікте  инспектор болатын, орынбасар болып аудандарға кетті, әкім болды. Қазір олардың көпшілігі зейнетте, кейбірі жақындап қалған болар. Сол кездерді бүгінде жігіттер аңсайды... Әркім өзінің деңгейін көрсете білді. Бұл да бір «Бәрекелді!» деп отыратын сәттерім.

– Әу баста мамандықты қалай таңдадыңыз?

– Алғайда өстім, 8-сыныпқа дейін сонда оқыдым. Каникулда  Жаңақаланың Айдарханына, нағашыларыма барамын, үш ай қой бағамын. Сонда байқағаным, ауырған қойларды мал дәрігерлері келіп емдеп жатады. Соларды көріп, өскенде мал дәрігері боламын деп армандадым. Әкем Қадим  1923 жылғы соғысқа қатысқан. Анам Иба 1929 жылғы, бар болғаны 25 жасында 1954 жылы қайтыс болды. Араға үш ай түскенде, 31 жастағы әкем де бақилыққа аттанды.  Мен алты жаста едім, қарындасымыз екеуміз қала бардық. Жетімдіктің зардабын тартқан жоқпыз, әкем-нің шешесі, яғни әжем мен әкемнің інісі – Бақыт бізді еш-кімнен кем қылмай өсірді. Алғайда қазақ мектебі 8-сыныптық болатын, орта мектепті Қазталовта әкемнің қарындасы тұратын, сол кісінің қолынан бітірдім. Ол кісі де қарындасымыз екеумізді барынша қамқорлады. Бақыт ағам маған әкемнен кем болған жоқ, оқытты, тоқытты. Адам болып кетуіме көп мейірімі мен қамқорлығын төкті. Мен оқуға түскесін, өзінің бес баласы бар, біздерді асырау үшін шопырлығын тастап, қой бақты. Нәбира жеңгеміз де бір тамаша жан еді, менің атымды атамай, «Төрежан» деп кетті... Қолы мейлінше ашық, мені өзінің туған баласынан кем көрмеді. Саратовта оқығанда, бір қойдың етін, қаймақ-майын арқалап, артынып-тартынып соңымнан келетін де тұратын, жарықтық... Бақыт ағам 2005 жылы 73 жасында қайтыс болды. Мен де қызығым мен қамқорлығымды көрсетіп үлгердім.  Студент кезімде ауылға аузымды аша бермей, өзім де жұмыс істеп, табыс табуға тырыстым. Сабақтан қол бос кезде көмір түсірдім, кірпіш зауытында істедім, картон шығаратын зауытқа барып, жұмыс істеп жүрдім. Тағы бір қызық айтайын, Қазталовта кеңшар  директоры болып істейтін Сатқан Төлеуішев деген ағамызды білімі орталау деген желеумен жұмыстан босатады. Бітіргені техникум болса керек. «Керегі жоғары білім бе,  сіздерге көрсетейін...» деп, мен оқып жатқан Саратовтың малдәрігерлік институтына сырттай оқуға түспей ме? Құдай көмектесейін десе, әмір ғой! Институтта кездесіп қалдық, жақсылап танысқаннан кейін ағай: «Өй, айналайын, өзіміздің бала екенсің ғой, кешке қонаққа кел!» деді. Бардым. Содан кейін ағайдың бақылау жұмыстары, курсовойлары ме-
нің міндетіме көшті. Өзім жақсы оқимын, сықитып бәрін жазып, тапсырып қоямын. Әрине, ағай менің еңбегімді  еш етпейді. Осылайша студент болсам да жақсы тұрдым.

– Институтты бітірмейіз бе, ауылға қайтпаймыз ба?..

– Қайтайық. Қайтқанда, мынандай бір қызық болды... Оқу бітірейін деп жатқандарға алдын ала жұмысқа баратын жерлеріне жолдама береді ғой. Маған Сібірге жолдама шығып тұр... Мәссаған! Мәскеуге хат жаздым, «Осылай да осылай, менің еліме барғым келеді» деп. Екі айдан кейін жауап келіп тұр, екпіні тау құлатардай. Оқу министріне, Саратов институтының ректорына, біз-
дің облысқа және менің атыма, төрт бірдей әдіріске! Бәрі шешілген. Мемлекеттік емтиханның алдында Оралға, облыстық мал дәрігерлері бөлімінің басшысы Борис Павлович Чирекаевқа келдім. Ол кісі бірден: «Слушай, дорогой, мы тебя направили в Казталовский район, там тебя ждут» деді. Институтты бітіргеннен кейін Қазталовқа келіп, бір қонып, таңертең тұрсам, есіктің алдына ветстансаның машинасы келіп тұр. «Бастық жұмысқа шақырып жатыр» дейді. Сөйтіп, сол бойда аудандық малдәрігерлік инспекциясы басшысының орынбасары (басшысы Темірбек Хайыров) болып жұмысқа кірістім де кеттім. Ол кезде жоғары оқу орындарын бітіргендер аз ғой, содан болар, менің аяғымды жерге тигізбегені. Бастығым мені анда да салды, мында да салды, әбден төселдірді, тәрбиеледі. Одан бір жылға әскерге алып кетті. Аякөзге түстім. Әскери бөлімнің комсомол ұйымының хатшысы болдым. Бір жылымды өтеп келгесін, мені ХХІІ партия сиезі атындағы кеңшарға бас мал дәрігері етіп жіберді. Кейін малдәрігерлік зертханаға директор болдым. Мұнда сегіз жыл істедім, барған кездегі зертхананың жағдайын сен сұрама, мен айтпаймын, жұмысын әбден жолға қойдым. Мұнда да мені әрі қарай отырғызбады, тағы бір тұралап жатқан жер-
ге – арнайы мамандандырылған шаруашылыққа (қоныстағы) жіберді. Оны арада үш жыл өткенде, табысты шаруашылыққа айналдырдым. 1983 жы-лы тағы бір тұралап жатқан шаруашылық «Бостандық» кеңшарына жолдандым. Оны 1986 жылы ауданның алдыңғы қатарлы шаруашылығына жеткіздім. Одан әрі Ақжайық ауданының агроөнеркәсіптік бірлестігіне төраға етіп жіберді. Бұдан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына орынбасарлыққа жолдандым. Әрі қарай облыс әкімінің орынбасары болғанымды бағана айттым.

– Марқұм Райхан жеңешеміз бір тамаша жан еді деп еститінбіз... Қалай таныстыңыз, шаңырақ құрған жылдарыңыздан есіңізден кетпейтін бір естелік айтып бере аласыз ба? Перзенттеріңіз жайлы айта отырсаңыз...

- Бір ауданда істедік. Бір-бірімізді сыртымыздан біліп жүрдік. Өзіміздің пединститутты бітіріп келген. Бағана айттым ғой, әскерге барғанымды. Әскерге кететін  жігіт «вечер» жасайды ғой. Сол «вечерімде»  жақынырақ таныстық. Көңіліміз, әңгімеміз жарасты. Әскерден хат жазысып тұрдық. Ол мені күтетін болды. Жазғы каникулында маған Аякөзге де келіп кетті. 48 жыл тату-тәтті отастық. Маған екі ұл, екі қыз сыйлады. 12 немере, 4 шөбере сүйдік. Біз бақытты едік. Тек қайырымсыз ажалдың алып кеткені болмаса... Үлкен ұлымыз Еріктің өзінің шаруасы бар. Кіші балам Берік өзімнің қолымда. Өмірді көрді, ауданда әкімнің орынбасары болды, әкім болды. Тек біздің жағдайымызға байланысты қызметін қалаға ауыстыруға тура келді. Балалардың бәрін қазақша тәрбиеледік. Немерелерімнің бәрі қазақша оқиды. Маған әке орнына әке болған Бақыт ағамыз жылда мамыр айының аяғында келіп, екі баламызды ауылға алып кететін. Өзі атбегі, жүйрік баптайтын. 32 дүркін бәйге алған. Берік соған тартқан, жылқыны жанындай сүйеді, ат ұстайды. Қыздарым тұрмыста, біреуі Астанада, екіншісі осы Оралда тұрады. Тұрмыстары шүкір.

Жұбайым Райхан кейінгі кезде қант диабетімен ауырды ғой. Соның кесірінен жанарынан айырылды. Сол сырқатқа шалдыққанына кейде өзімді кінәлап отырамын. Себебі үйі-мізден қызмет бабымен келетін қонақтар арылмайтын. Мектепте істейді, құдайдың құтты күні мектеп директорына телефон шаламын: «Қонақтар келейін деп жатыр, әйелімді босатыңыз» деп. Ол жүгіріп жетеді. Бір күні жылқы тұрып қалып, қырда жүргенмін. Облыстың бірінші хатшысы (М. Ықсанов) келе жатыр, «Қонақасы беру керек, сіздің үйден» деп аудандағылар жан алқымнан алды. Жанталасып әзірлендік. Бәрін әзірлейтін Райхан ғой... Ал мұндай сәттер талай болды. Жәй қонақ шақырғанда, әйел байғұстар әуреге түседі, ал облыстың бірінші басшысын қапысыз қонақ ету оңай ма?.. Соның бәрі күйзеліс-стресс... Ал ондай қонақтар, ондай стрестер көп болды ғой. Қалаға келіп тұрғанда да, үйімізден кісі арылмайтын. Тіпті, жататын жер қалмай қалады. Мен балаларды алып, қонуға дачаға кететінмін. Марқұм Райхан соның бәрін ұстамдылықпен көтерді. Сосын менің төрт перзентімнің барлық тәрбиесі сол кісінің мойнында болды. Менің оларға қарайлайтын уақытым болған жоқ. Жүйкеге түскен салмақ ізсіз өте ме?!

– Бүгінгі жағдайымызды екшегенде, біз осы қай жердеміз? Не тындырдық, көңіліңіз тола ма?

– Мені қинайтыны, ауылдың жағдайы. Біріншіден, осы кезге дейін ауылдарға жол салдық, газ, су апардық. Енді сол халықты қалаға көшіріп жатырмыз. Әрине, өздері көшіп жатыр. Қалай көшпесін, жұмыс жоқ. Ауылдағы жастарды қалаға әкеліп, қарызға белшесінен батырып, 9 қабат үй беріп жатырмыз. Қандай қажеттіліктен осыған жол бердік? Одан да ауылға өндіріс орындарын салып, жұмысын жолға қоймадық па?.. Әсіресе, шекарадағы халықтың іргесі сөгіліп жатыр ғой. Ата-бабамыз сүйегін шекараға қойды емес пе?.. Екіншіден, масылдық белең алып барады. Мынау әлеуметтік көмек дұрыс беріліп жатқан жоқ. Оны мектептер, балабақша арқылы берген дұрыс болар еді. Ата-анасына арақ ішу, қонақ шақыру үшін емес! Еңбек етуге ұмтылмайтын жалқауларға қашанғы көмектесуге болады? Бүгінде ауылға барсаң, ішетін айран, шайға қататын сүт жоқ. Дүкеннен сатып алады. Жалқаулық жайлап, халық кері кетіп барады. Елді, халықты басқару саясатын түбегейлі өзгертпесе, болмайды!

Үшінші мәселе, алыпсатарлар халықты қанап, әбден басқа шығып барады. Жазда бағыландар ауылда 20-25 мың теңгеден аспайды. Ал соны алыпсатарлар мына «Ел ырысында» 45-50 мың теңгеден сатып, күрпіп жүр. Біздің малдың бәрі  Атырау, Ақтау, Шымкентке кетіп жатыр. Біз оның бәрін өзімізде сойып, еттей сатуымыз керек қой... Ақшасы далаға кетпей, бізде қалар еді. Ол үшін соны ұйымдастыратын коммуналдық мекеме құру керек. Малды ауылдарға барып, графикпен алып тұрса, ақша бюджетке түседі ғой. Осыны басын ауыртып, ойластыратын басшыларды әзірге мен көріп тұрған жоқпын. Ақжайықта марқа соямыз дедік, Янайкинде мал бордақылаймыз дедік, мия өндіреміз дедік, қыруар қаржы жұмсап салдық, қайда солар?.. Ешкі сүтін өндіретін болып желпіндік... Құдай-ау, бізде сиырдың сүтін дұрыстап өндіре алмай отырмыз ғой. Тіпті, ұят! Сонау жылдары өзіміз түгілі, Атырауды сүтпен қамтыған жоқпыз ба?.. Кезінде мен осы мақсатта сонау Сібірден симменталь, қара ала сиырлар әкеліп (2004 жылы),  анау Ашығалиев, Жамансариев сияқты шаруаларға мүмкіндік жасап,  жұмысқа тарттық. Сол жұмыстарды осы күндерде қайтадан неге қолға алмасқа? Көшербаевтан кейін келген облыс басшыларының біреуі де мұнымен айналысқан жоқ. Ешкімге ештеңе керек емес, бәрі уақытша келген адамдар болып шықты.

– Сіз үнемі ат үстінде жүр-діңіз. үлкен қызметтерде, ортада, ел назарында дегенім ғой... Зейнеткерлердің ауылына қалай бауыр бастыңыз, оңашалыққа қалай көндіктіңіз? Уақытыңызды қалай өткізесіз, немен шұғылданасыз?

– Зейнетке шыққаннан ке-йін көп жатқызбады, бұрыннан білетін жігіттер тауып алды. «Мынау газтурбиналық-
электр стансаға бас-көз болыңыз» деп, қолқа салды. Көндім. Содан 70 жасқа толғанымда, «Жігіттер, айтуға ұялып жүрген шығарсыздар, мені босатыңыздар» дедім. Олар шошып кетті: «Ойбай, ағай, о не дегеніңіз, тағы бір бес жыл жасаңыз» деп жібермеді. Кеше 75-ке толғасын тағы бардым. «Ағай, енді бір 6 айға қалыңызшы...» деп тағы өтінді. Амал жоқ, көңілдерін қимадым. Осыдан демалысқа шықсам, уақытымды немерелеріме арнаймын. Бала кезден келе жатқан 4-5 «шал достарым» бар, соларды далаға алып шығып, демаламын... Қыздарыма қыдырамын... Денсаулыққа қуат беретін шипажайларға барсам деймін... Тек Жасаған ие, аман-саулықтан айырмасын дейік, інім!

 

 

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірінің» арнаулы тілшісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале