11.01.2021, 14:29
Оқылды: 201

«Адалдық – ардың  ісі»

Бүгінде еліміздің әрбір өңірінде, барлық министрлік пен ведомствода «Адалдық алаңы» жобасы іске қосылғаны белгілі.  Қаңтардың 5-і күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа кейбір облыс пен министрлік басшылары аталмыш жоба аясында былтыр атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Бейнебайланыс жүйесі арқылы өткен жиында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасының жүзеге асуы бойынша баяндады.

Адалдық – ардың ісі

Серік Рахметоллаұлының айтуынша, «Ақжайық – адалдық алаңына» облыстық бюджеттен 2019 жылы 3,942 млн теңге, ал былтыр 10 млн теңге бөлінді. Яғни қаржыландыру екі есеге артқан. Өткен жылы келісімшарт негізінде 50 мыңнан астам флаэр шығарылып, мекемелерге таратылды. «Есіктен есікке» қағидатын іске асыру үшін коммуналдық төлемдер түбіртектеріне жемқорлық дерегі бойынша сall-орталыққа хабарласу жөнінде ақпараттар жазылыпты. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, парасаттылықты қалыптастыруға бағытталған 200-ден астам баннер орналастырылып, өңірдегі қала мен халқы көп елді мекендерге адалдыққа үндейтін муралдар салынды. Жергілікті атқарушы құрылымдармен 40-тан астам бейнеролик дайындалып, олар әлеуметтік желілерге салынып, жергілікті телеарналарда көрсетілді.

Ақ Жайық өңірі Ресейдің бес облысымен шектесетіндіктен, шекарадағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері өзекті болып табылатыны да баяндалды. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен аутокөліктер кептелісі жиі орын алатын «Сырым» шекара бекетіне мониторинг жүргізіпті. «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қоғам өкілдерімен бірлесе жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша ұсыныстар беріліп, олар орындалды. Айта кетейік, бұрын аталмыш кеден бекеті арқылы тәулігіне 500-ге дейін жүк көліктері өтетін болса, қазіргі таңда олардың саны 1500-ге дейін жетті. Келешекте, аталған бекетте сервистік модель енгізу жоспарлануда.

– Жобалық кеңсе қоғамдық пікір туғызған оқиғаларға байланысты белсенді әрекет етуде. Мәселен, карантин кезінде такси тарифтеріне байланысты азаматтардың наразылығы туындады. Соған орай такси қауымдастықтарының басшылары «Ақжайық – адалдық алаңында» бас қосты. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде такси бағасы бұрынғы қалпына келді.

Осыған ұқсас, пандемия салдарынан бизнесі тоқтап қалған рестораторлар, базардағы сатушылар, әлеуметтік қаржылық көмекті ала алмаған көп балалы азаматтардың мәселелерін шешуде жобалық кеңсенің рөлі зор болды. Тағы бір мысал келтірсек, Орал қаласында бұралқы иттер тұрғындарды әбігерге салып, тіпті азаматтарды қауып алу фактілері орын алды. Бұл оқиға тұрғындар тарапынан мемлекеттік билікке деген наразылығын тудырғаны рас. Жобалық кеңсенің араласуының нәтижесінде мәселе оң шешімін тапты. Атап айтқанда, осы саладағы қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, бұралқы иттерді өлтірмей, оларға гуманистік тұрғыдан стерилизация жұмыстары ұйымдастырылды, - деді Серік Рахметоллаұлы.

Баяндамашы полиция құрылымдарындағы тұрмыстық жемқорлықтың да біршама төмендегенін айтты. Бұл жұмыс облыстық полиция департаментімен тығыз байланыста атқарылған. «Адалдық алаңының» бастамасымен бұл мәселе бірнеше рет облыс әкімінің деңгейіндегі жиналыстарда арнайы қаралды. Осы бағытта арнайы іс-шаралар жоспары жасақталып, полиция қызметі жанындағы кеңестердің құрамындағы қоғам өкілдерінің саны көбейтілді. Әр патрульдік полиция аутокөліктерінің сыртына call орталығы (1424) туралы ақпарат жапсырылды. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Орал қаласындағы көп қабатты үйлердің кіреберістеріне учаскелік полиция қызметкері туралы ақпараттар ілінді.

Ашық бюджеттердің интерактивті картасы жөнінде сөз болды. Бұл ақпараттық жүйеге облыс бойынша 1013 мемлекеттік мекеменің 685 млрд теңгені құрайтын бюджеттері жарияланыпты. Қоғам өкілдері баға өсіру жөніндегі деректі анықтап, артынан бағалар қалпына келтірілді. Биыл әр мекеме ғимаратының кіреберісіне QR кодтар көрсетілген ақпаратты орналастыру жоспарлануда. Бұл сол мекемеге келген әр азаматқа QR кодты сканерлеу арқылы аталмыш интерактивті картада жарияланған бюджетті тікелей білуге мүмкіндік береді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен де тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргізілуде. «Сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы мемлекеттік сатып алудың мониторингі нәтижелері бойынша өткен жылдың 11 айында 827 млн теңге қаражат үнемделді, оның ішінде 689 млн теңге бюджетке кері қайтарылды. Жобалық кеңсе мен облыс әкімдігі тарапынан болған ұсыныстар назарға алынып, бағынысты ұйымдарға ескерту жұмыстары жүргізіледі. Ендігі кезекте халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ISO 37001 стандартын өңіріміздің мекемелерінде тарату жұмыстары жүргізілетін болады.

«Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы арнайы мониторингтік топтармен де бірігіп жүйелі жұмыс істеуде. Әр қоғамдық бақылау мониторингіне арнайы аталмыш топтардың өкілдері де қатысып жүр. Бұл өз нәтижесін беруде. Мәселен, тұрғындардың шағымдары бойынша бірлесе жүргізілген мониторинг барысында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында арнайы жабдықталған автодромда көлік құралдары жеткіліксіз екені әрі кейбір толық жабдықталмағаны белгілі болды. Сол себепті азаматтар «Е» санатындағы жүргізуші куәлігін алу үшін Оралда практикалық емтихан тапсыра алмай, Ақтөбеге баруға мәжбүр болған. Арнайы топтың араласуымен Оралдағы автодромда практикалық емтихандарды ұйымдастыру мәселелері оң шешімін тапты.

Өскелең ұрпақтың бойында парасаттылықты қалыптастыру мақсатында «SANALY URPAQ» және «Адал ұрпақ» жобаларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргізілуде. «SANALY URPAQ» жобасы аясында төрт  жоғары  оқу орнында және 34 колледжде жобалық кеңсе жұмыс жасайды, клубтың 1000-нан аса мүшесі бар. Ал «Адал ұрпақ» жобасының ерікті клубтары облыс бойынша 307 мектепте құрылған. Олардың қатарына 5800-ден астам оқушы тартылған.

– Алик Жатқамбайұлы, облысымызға жасаған жұмыс сапарыңыз кезінде жергілікті атқарушы құрылымдарға бірқатар тапсырмалар берген едіңіз. Соның бірі – Шыңғырлау ауданына қарасты елді мекендерге интернет желісін тарту. Аталған ауданға қарасты Ақтау, Қарағаш, Ардақ және Шоқтыбай елді мекендеріне ұялы байланыс желісі тартылды. Ескертпеңізге сәйкес, Бөрлі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімінде мүмкіндігі шектелген жандар үшін қажетті жағдайлар жасалып, тұрғындардың цифрлық біліктілігін арттыру бойынша арнайы  іс-шаралар жоспары дайындалды.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет тізіліміне сәйкес 172 қызмет көрсетіледі. Оның 151-і электрондық түрде, яғни мемлекеттік қызметтің 88%-ы ақпараттық жүйелер арқылы көрсетілуде. Электронды үкіметтің өңірлік шлюзі «Е-әкімдік» ақпараттандыру жүйесінде 7 мемлекеттік қызмет автоматтандырылды. Олардың ішінде www.zem.kz, электрондық сәулет, «k-vrachu.kz» мобильдік қосымшасы, спорттық разрядтарды беру, геоақпараттық порталдары бар.

М.Өтемісов атындағы БҚУ-мен жүргізілген сауалнамаға қатысқан респонденттердің 75%-ы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісшаралар тиімді жүргізілуде деп көрсеткен. Мемлекеттік құрылымдар көрсететін электронды қызметке респонденттердің 82%-ы «өте жақсы» және «жақсы» деп берген. Ал медицина саласында жемқорлық жоғары екені айтылған. Өкінішке орай, бұл жағдай статистикалық мәліметтермен де расталып отыр. Осыған байланысты бұл салада жүйелі жұмыстар жүргізетін боламыз.

Жалпы тұрмыстық жемқорлықты жою бойынша біраз іс-шаралар қолға алынды. 2019 жылы әр ауданда жобаны жүзеге асыруға жауапты қызметкерлерді бекітсек, былтыр әр ауылдық округте адалдық елшілерін белгіледік, ал биыл әр елді мекенді қамту жоспарлануда. Ол үшін біз елді мекендердегі ақсақалдар кеңесін, еңбек ардагерлерін, еріктілерді тартамыз. Яғни облыстағы барлық 428 елді мекенді қамтитын боламыз, - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев.

Жиынды қорытындылаған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Адалдық алаңы» жобасы аясындағы іс-шаралардың мәні мен маңызын атап өтті. Ол «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы аясындағы өткен жылы атқарылған жұмыстарға жоғары баға беріп, батысқазақстандықтардың бұл қарқынан таймауына  тілектестігін  білдірді.

 

Мәди Ықылас,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале