9.01.2023, 10:30
Оқылды: 82

Ақ бидай өсіруді  жылы жауып қоямыз ба?

Былтыр облыс әкімдігінде өткен ауыл шаруашылығы мәселелерін қаузаған кеңестің бірінде 30 жыл ішінде өңіріміздегі жыртуға жарамды жердің 420 мың гектарға азайғаны туралы айтылды. Нақты айтсақ, 1992 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша жыртуға жарамды жер көлемі 2 миллион гектар болған. Бүгінде ол көрсеткіш – 1 580 000 гектар шамасында. Соның 30%-ына ғана егін егіледі. Соңғы жылдардағы жиілеген қуаңшылық  пен күрт құбылмалы ауа райы біздің аймақта егін егу тәуекелді қажет ететін кәсіп екенін айқын көрсетті. Содан көптеген шаруашылық мал өсіруге бет бұра бастады. Алайда   малазықтық дақылдар өсірілмейтін болса, оны да пұшпаққа шығарамыз деу бекер. Жалпы соңғы 5 жылда егіс алқаптары ұлғайды ма, кеміді ме? Білікті мамандардың уақыт өте ақ бидайды өсіруді жылы жауып қоятын шығармыз деп дабыл қағуы қаншалықты орынды? Міне, осындай мәселелерді таразылап көрелік.

fullimage1

Сурет: total.kz

Үштен бірі ғана қалыпқа келді

Кеңес одағы тұсында Ақ Жайық өңіріндегі егістік көлемі шамамен 1-1,5 млн гектар шамасында болды. Сол егістік жерлер қоғамдық формациядағы өзгерістерге байланысты 300-400 мың гектарға дейін азайды. Соңғы бес жылда шаруашылық құрылымдары егістік алқабын ұлғайтуға талпынуда. Мысалға  алатын болсақ, ауыл шаруашылығының дақылдары 2018 жылы  – 517,1 мың, 2019 жылы –  522,6 мың, 2020 жылы – 550,6 мың, 2021 жылы –  567,2 мың, 2022 жылы 586,2 мың гектарға себілді. Осы сандарды салыстырып қарайтын болсақ, бес жыл ішінде егістік алқаптарының көлемі 70 мың гектарға ұлғайған. Кеңестік дәуірдегі егістік көлемінің үштен біріне енді жеткендей болдық...

Партия-кеңес қызметінің ардагері, қоғам қайраткері Ғазез Хаймулдиннің айтуынша, егін егетін солтүстік аудандармен қатар жері жартылай шөлейт бұрынғы Тайпақ ауданы да егіншілікті кәсіп еткен.

– «Өлеңті» совхозында 20 мың гектарға бидай, арпа, қара бидай, «Есенсай» шаруашылығында 8 мың гектарға бидай, қара бидай, арпа, тары, жүгері өсірілді. «Орал» қаракөл қой совхозында 2 мың гектарға қара бидай салатын. 1968 жылы өлеңтіліктер бидайдың әр гектарынан 15 центнерден, есенсайлықтар 14 центнерден өнім алды. Сол жылы бидай тапсырудан үш жылдық жоспарды орындадық. «Есенсайға»   директор болып барған кезімде егістік алқабы 3 мың гектар шамасында еді, соны кеңейттім. Малазықтық дақылдардан еркекшөп  өсіруді қолға алдық. Мұндай дақылдар «Краснояр», «Котельников» шаруашылықтарының №49, 46, Бесағаш деген лимандарында жайқалып тұратын. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, ауданда ІІ хатшы болған кезімде №49 лиманда еркекшөп, түйежоңышқа да өсірдік. Жоңышқаның әр гектарынан 100 центнерден алғанымыз есімде. «Краснояр» совхозының лиманын тәжірибелік алаң жасауға бастама көтерілді. Оралдағы ауыл шаруашылығы институтының ғылыми-зерттеу  стансасы жұмыс істеді. Оған ғалым Владимир Хон басшылық жасады. Сол жерде бал арасы өсіріліп, бөшке-бөшке бал алынатын, – деп еске алады  Ғазез аға.

 

Ақ бидайдың орнын мақсары басты 

Жергілікті ғалымдардың сөзінше, әуелден астықты өлке саналатын Қазақстан бұдан  25-30 жыл бұрын біздің өңірді шаруашылық тұрғысынан үш аймаққа бөлетін. Біріншісі –   егін өсіретін солтүстік беткей, екіншісі  – егін және мал шаруашылығы қатар дамыған өлке, үшіншісі – таза мал шаруашылығымен айналысатын (Бөкей ордасы, Жаңақала және т. б.) аймақ. Алайда соңғы кездері түрлі факторға байланысты шаруашылық бөлініске бөлу  ұстанымы өзгерді. Өйткені шаруашылықтардың барлығы жекенің қолында, әркім алдымен өз пайдасын ойлайтыны бесенеден белгілі. Оның үстіне нарықтық қатынастар заманында өндірген өнімді өткізудің  машақаты бар. Он жыл бұрын облыс аумағында өсімдік шаруашылығын әртараптандыру (диверсифика-
циялау) нәтижесінде жаңа дақылдарды егу қолға алынды. Өңірде мал шаруашылығына басымдық беріле бастады. Астық дақылдары егістігінің азаюына оның да ықпалы тиді.  Одан басқа климаттың өзгеруі де өз салқынын тигізді.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Материалдың толық нұсқасын облыстық "Орал өңірі" газетінің 7 қаңтардағы № 1-2 санынан оқи аласыздар

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале