2.11.2022, 21:05
Оқылды: 142

Алғашқы қардың азабы

Бірінші қарашада күні бойы жапалақтап жауған қар халықты да, билікті де  әбден әбігерге салды. Себебі облыс орталығының кейбір шағынаудандарында жарық сөніп, ауыз су тоқтап, бағдаршамға дейін істен  шығып қалды. Тіпті кейбір аудан-ауылдарда да осы жағдай орын алды.   

derevo

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, қарашаның алғашқы күнінде сағат 10:30 шамасында Орал қаласы мен төрт ауданда 7413 абонент қолайсыз ауа райына байланысты жарықсыз қалған. Жабысқақ қар қара жерді әп-сәтте ағартқанымен, артынша ери бастады. Әрі жел екпіні күшейді. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі сағат 18.00-дегі жағдай бойынша мәлімет берді. Яғни бұл кезде өңірде 3 026 абонент жарықсыз отырды. Атап айтсақ, Орал қаласында – 468,  Сырым ауданында – 2515, Казталовкада – 25 және Жаңақала ауданында 18 абонент майшамның «көмегіне» жүгінді. Электр желілерін қалпына келтіру үшін «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС 20 техника мен 63 жұмысшыны  жұмылдырған. 

Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкай сол күнгі шаһардағы ахуалға қатысты тілшілерге сұхбат берді. Ол шаһардағы электр желілерінің 80%-ның тозығы жеткенін атап өтті. Тіпті жаз мезгілінде үп еткен желге де жарық сөніп қалады. Бес мыңдай абоненттің  жарықсыз қалған кезі болды дейді. Әсіресе, ескі әуежай, 2-жұмысшы ауылы, қаланың ескі бөлігі (базар), Зашаған кентінің ескі бөлігінде жарық жиі сөнеді. 

 – Таңертең қаладағы үш мыңнан астам абонент жарықсыз қалды. Таңғы сағат 04:00 шамасынан бастап қар аралас жаңбыр жауып, соңы қарға ұласты. Сулы қарды көтере алмаған желілер үзіліп, электр жабдықтары істен шыққан.  Қолайсыз ауа райына байланысты үзілген электр желілерін қалпына келтіру үшін «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС 8 жөндеу және 2 апаттық бригаданы жұмылдырды. Мен әріптестерімнің дер кезінде жұдырықтай жұмылып, атқарып жатқан жұмысына ризашылығымды білдіремін. Былтыр ескі әуежай ауданында электр желісін қайта құру және трансформатор стансасын орнату бойынша екі жобаны қолға алдық. Қараша айында жоба аяқталады. Бұл осы аудандағы, яғни қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі мәселені шешеді деп ойлаймын. Облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Онда электр желілерін дамыту және қайта құру үшін 20 млрд теңгенің жұмысы қарастырылған. Оның 8 млрдқа жуығы Орал қаласындағы желілерді қайта құруға жұмсалады. Соған сәйкес жобалау-сметалық құжаттар жасалуда. Жыл соңында оны мемлекеттік сараптамадан өткізіп, алдағы жылы желілерді жаңартуды бастаймыз. Әсіресе, құрылғанына 40 жылдан астам уақыт өткен қаланың ескі бөлігіндегі жеке тұрғын үйлердің аумағы қамтылады. «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС  апаттық жөндеу бригадаларына техника алуды жоспарлап отыр,  – деді қала әкімінің орынбасары. 

Мирас Рүстемұлы электр жарығының апаттық жағдайда сөнуіне  кейде ағаштар да «кінәлі» болатынын айтты. Себебі сулы қарды көтере алмаған ағаштың бұтақтары сынып, сымдарды үзеді. Сондықтан қураған бағана сымдарына кедергі келтіретін ағаштарды уақтылы кесіп отыру да маңызды. Ол қыс мезгіліндегі қар шығару науқанына да тоқталды. Қысқы маусымға 15 мың тонна құм-тұз қоспасы, жанар-жағармай да дайын. Қарды тазалап, полигонға тасуға жол пайдаланушы кәсіпорындардың 200-ге жуық техникасы жұмылдырылады. Қаладан шығарылған қар үш полигонға жиналады. Биыл қыс қарлы болады деген болжам бар. 

Бет қатталып жатқанда, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Миржан Нұртазиев пен «Батыс Қазақстан электр желілік компаниясы» ЖШС қалалық электр желілерінің басшысы Сергей Доля баспасөз мәслихатын өткізді. Олар өңірдегі қолайсыз ауа райына байланысты туындаған ахуалды баяндады. Миржан Жанғазыұлының айтуынша, қарашаның 2-сінде сағат 11:00 шамасында облыста жарықсыз отырғандардың саны 7 мыңнан 5 мың абонентке азайған. «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС  үзілген желілер мен істен шыққан құрылғыларды қалпына келтіру үшін құрамында 92 жұмысшысы бар 28 апаттық бригада мен 35 арнайы техниканы жұмылдырды. Облыстағы электр желісінің ұзындығы – 20 мың шақырым. Бүгінде электр желілерінің 82 пайызы тозған. Ауа райының күрт өзгеруі, толассыз жауған сулы қар электр жарығының сөнуіне басты себеп болып отыр. Бұл мәселе облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілді. Осы жоспар бойынша 3 жылда 2019,5 шақырым электр желісі жөнделеді. Бұл  желілердің тозуын 82 пайыздан 62 пайызға дейін төмендетеді. Аталмыш салаға 2023-2025 жылдары жергілікті және республикалық бюджеттен 20 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарлануда. Былтыр инвестициялық бағдарлама шеңберінде өңірдегі электр желілерін жөндеу үшін 300 млн теңге қарастырылды. Биыл бұл сома 700 млн теңгеге дейін көтерілді. Облыс бойынша 2,5 мың шақырымдай желіге тек ағымдағы жөндеу жүргізілді. Алайда бұл мәселені толық шешпейді. Себебі желілердің апаттық жағдайда үзілуін болдырмау үшін толықтай қайта жаңғырту керек», – деді  басқарма  басшысы. 

Ясипа Рабаева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале