16.05.2026, 10:30
Оқылды: 16

«Әр адам туғаннан бастап құқық иесі»

Оралда «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» атты семинар-тренинг өтті.  Оған  облыс  әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы, елші Алексей Рогов, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев, жергілікті мемлекеттік қызметшілер, ҮЕҰ мүшелері мен жастар қатысты.

DSC05026

Бәрімізге мәлім, адам құқығы тек теориялық пікірталастарда және жоғары деңгейдегі халықаралық форумдарда талқыланатын ұғым ғана емес. Бұл, ең алдымен, әрқайсымыздың толыққанды, мағыналы өмір сүруіміз үшін қажет құқық. Әр адам туғаннан бастап құқық иесі. Біздің құқығымыздың құрметтелуі және іс жүзінде әділ жүзеге асырылуы тікелей өзімізге байланысты. Азамат құқығы мен бостандығын сақтауға қоғамның барлық мүшесі, соның ішінде мемлекеттік құрылымдардың белсенді үлес қосуы маңызды. Біздің  ұйым жұмысының басты бағыты да осы. Көп жылдан бері Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиямен бірлесіп осы тақырыпта аймақтарда семинарлар өткізіп келеміз. Бүгінгі іс-шара барысында эксперттер азаматтың құқықтары мен бостандығына қатысты сұрақтарға жан-жақты жауап береді, – деді жиын басында ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің басшысы, елші Алексей Рогов.

ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия 1994 жылы 12 ақпанда құрылған. Аталған комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішевтің айтуынша, комиссияның мақсаты – Мемлекет басшысына адам құқығын қорғау саласындағы конституциялық өкілеттіктерін іске асыруға көмектесу. Сондай-ақ заң аясында қорғау тетігін жетілдіруге жәрдемдеседі, осы саладағы мемлекеттік тұжырымдамалар мен бағдарламаларды әзірлеуге қатысады. Бұдан соң Тастемір Дәуітұлы ҚР Конституциясы және оның адам құқығы саласындағы халықаралық міндеттемелері туралы баяндады. Құқықтық  мемлекет, құқықтық сана мен құқықтық мәдениет жөнінде тарқатып айтты.

– Жеке адамның негізгі құқықтары – конституциялық құқықтар. Әлемде адам құқығын қорғау мәселесі әрбір мемлекеттің шегінен әлдеқайда ауқымды болған соң әмбебап халықаралық-құқықтық стандарттар құру қажеттігі туындады. Олар да адамның негізгі құқықтары саналады. Адамның негізгі құқықтары – мемлекеттің Конституциясында және адам құқықтары жөніндегі халықаралық-құқықтық актілерде, ішінара алғанда адам құқықтары туралы халықаралық бильде, сондай-ақ 1950 жылғы Адам құқықтары мен негізгі бостандықтары туралы еуропалық конвенцияда, 1961 жылғы әлеуметтік Хартияның еуропалық конвенциясында қамтылған құқықтары деп түсінген жөн. ҚР Конституциясы 18-бабының 1-тармағы әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауын, өзінің және отбасының құпиясы болуын, ар-намысы мен абыройының қорғалу құқығын бекітеді, – деді Тастемір Әбішев. Ол адамның азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқығы жөнінде терең түсінік берді. Комиссия төрағасының орынбасары Қазақстандағы адам құқығын қорғаудың халықаралық тетіктері жөнінде баяндады. Мәселен, Біріккен ұлттар ұйымының адам құқығы жөніндегі 9 негізгі әмбебап халықаралық шарты бар. Қазақстан соның «Барлық еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенциясынан» басқа, сегізін ратификациялаған. Олардың қатарында 1966 жылғы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, 1979 жылғы әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысанын жою туралы халықарарлық пакт, 1989 жылғы бала құқықтары туралы конвенция және басқалары бар.

DSC05050

Семинар-тренингте ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры Светлана Жаркенова ҚР Еңбек кодексінің нормаларын сақтау жөнінде жан-жақты түсіндірді. Әсіресе еңбек шартын жасасудың маңызына ерекше тоқталды.

– Қазір жұмыс берушілер мен жұмысшылардың арасындағы неше түрлі дауға куә болып жүрміз. Ең біріншісі, еңбек шартын жасамауға байланысты жиі дау шығады. Себебі еңбек шартын жасаспаса, өкінішке қарай, жұмысшы өзінің құқығын қорғай алмайды. Соның салдарынан жұмыс беруші екеуінің арасында түрлі түсініспеушілік болып, соңында сотқа жүгінуге тура келеді. Сондықтан жұмысқа тұрғанда еңбек шартын жасасу қажет. Бұл ретте құжаттың мазмұны екі тараптың да көңілінен шығатынына мән берген жөн. Екіншісі, еңбек дауы жұмыс берушінің қызметкерді жұмыстан заңсыз шығарып тастауы немесе басқа жұмысқа ауыстыруы, әлде болмаса, жалақысын азайтуы сияқты басқа да әрекеттеріне қатысты туындайды. Мұндай кезде қызметкер сотқа жүгініп, құқығын қорғауға тырысады. Сотқа жүгінудің өз тәртібі бар. Еңбек заңнамасына сәйкес, егер жұмысшы шағын кәсіпкерлік саласында қызмет етпесе, ең алдымен жұмыс істеп жатқан жеріндегі келісу комиссиясына арыз жазуы керек. Бұл комиссия дауласып жатқан тараптардың өтінішін қабылдауға кез келген уақытта дайын болуы тиіс. Жұмысшы келісу комиссиясының шешімімен келіспесе, сотқа жүгінеді. Айта кету керек, ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 6-бабына сәйкес, барлық кәсіпкерлік шағын, орташа және ірі кәсіпкерлік субъектілері деген үш топқа бөлінеді. Шағын кәсіпкерлік нысанында жұмыс істейтіндерге келісу комиссиясының шешімі қажет емес. Сонымен қатар құқық қорғау құрылымдарында, мемлекеттік қызметтегілерге және әскери қызметшілерге келісу комиссиясы шешімінің керегі жоқ.

Үшіншісі, соңғы кезде даулардың көбі еңбек шарты мен азаматтық-құқықтық шарттың арасындағы айырмашылықты түсінбеуге қатысты болып жатыр. Мысалы, жұмыс беруші жұмысқа адамды қабылдағанда оған қандай шарт жасайтынын айтпайды. Уақыт өте келе осының салдарынан мәселе туындайды. Жұмысшы денсаулығы нашарлап, жұмысқа қабілетінен айырылады немесе ақылы демалыс алғысы келеді. Егер еңбек шарты емес, азаматтық-құқықтық шарт жасалған болса, онда жұмысшыға еңбекке жарамсыздық парағы ашылмайды немесе оған ақылы демалыс та берілмейді. Осыдан соң қос тарап арасында дау туындайды. Сондықтан қызметкер жұмыс берушімен еңбек шартын жасасып, бірыңғай электронды жүйеде тіркеуді талап етуі керек. Бұл ретте қай жұмысқа қандай шарттың тиімді екені маңызды.

Азаматтық-құқықтық шартты күнделікті қолданыста қызмет көрсету шарты деп атайды. Мысалы, біреудің пәтерін жөндейтін азаматқа еңбек шартының қажеті жоқ.

Оған қызмет көрсету шарты тиімді. Себебі жұмысты қай уақытта келіп істесе де өзі біледі. Тапсырысты орындаса болды. Ал жұмысқа күнде бару керек болса, еңбек шарты қажет. Тәжірибеде көріп жүргеніміздей, кәсіпкерлер жұмысшылармен еңбек шартын емес, жай қызмет көрсету шартын жасасады. Мұндай жағдайда жұмыскер үш құқығынан айырылады. Біріншіден, еңбек өтілі сақталмайды, екіншіден, жылдық ақылы демалысқа шыға алмайды, үшіншіден, еңбекке жарамсыздық парағын ашып, төлем ала алмайды, – деді Светлана Бақытқызы. Ол ҚР еңбек заңнамасының нормаларын бұзғандарға әкімшілік және құқықтық жауапкершілік қарастырылғанын да атап өтті.

Келесі бір спикер Адам құқығы жөніндегі комиссияның мүшесі, заңды тұлғалардың «Қазақстан дағдарыстар орталығы» ҚБ басқармасының төрайымы, Алматы қаласындағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығы» КММ директоры Зүлфия Байсақова болды. Ол әйелдер мен балалар құқығын қорғаудың проблемалары және оларды шешудің жолдары туралы айтты.

2024 жылы маусымда әйелдердің құқығын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң күшіне енді. Соған сәйкес отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарды, яғни агрессорларды психологиялық түзету курстарынан өтуге міндеттеу шаралары қарастырылған.

Агрессорларға денсаулық сақтау жүйесіндегі психологтер кеңес береді. Бұл жұмыс агрессорлардың, негізінен ер адамдардың, мінез-құлқын психологиялық түзетуге, өзгертуге, отбасы мүшелеріне саналы көзқарас қалыптастыруға бағытталады. Психологиялық кеңес сондай-ақ эмоцияны бақылауды, жанжалдан шығу жолдарын үйретуді және қайтадан зорлық-зомбылық жасаудың алдын алуды көздейді. Мұндай тәжірибе көптеген шетелде бар.

Зүлфия

Біз Германияның тәжірибесін қолданамыз.  Екі жыл бұрын ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, тәуекелдерді бағалау жүйесін енгіздік. Полиция оқиға орнына келіп, зорлық-зомбылық көрсеткен адамды отбасымен бірге қалдыруға бола ма, әлде ол жанжалды жалғастыра ма, соны анықтайды. Егер полиция қызметкері оның мінез-құлқын өзгертуге болатынын аңғарса, сотқа құжат дайындайды. Ал сот сол адамды психологиялық түзету курстарына жіберу туралы шешім қабылдайды. «Жан-Сая» дағдарыс орталығында 24 психолог бар. Агрессорлармен екі психолог жұмыс істейді. Біз мұндай адамдардың мінез-құлқын өзгерту мәселесі өзекті деп санаймыз. Полиция қызметкерлері айтқандай, тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмысының 50 пайызы адамның сау кезінде жасалады. Адам маскүнем де, нашақор да емес, ол жай ғана эмоциясын басқара алмайды. Төрт-бес жыл бұрын біз жүргізген зерттеу Қазақстандағы әрбір алтыншы баланың біреуі зорлықзомбылықтың куәсі болатынын анықтады. Мысалы, Алматыдағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығындағы 53 қызмет алушының 12-сі – әйел, қалғандары – балалар. Бұл балалардың зорлық-зомбылықтың куәгері екенін көрсетеді. Қазіргі уақытта ҚР Оқу-ағарту министрлігінен тиісті бағдарламалар әзірлеуді сұрап жатырмыз. Бірақ ведомстводағылар бағдарламалар бар екенін айтып отыр. Бірақ ол буллинг бойынша ғана. Буллингті отбасынан тысқары балалар немесе ересек адамдар жасайтынын ұмытпау керек. Ал зорлық-зомбылық пен қорлау отбасы ішінде, отбасы мүшелері арасында болады. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларда кекештену, психосоматикалық бұзылулар және тері аурулары сияқты аурулар дамиды. Олар тұйықталып қалады, кейде балаларды суицидке итермелеуі мүмкін. Сондықтан зорлық-зомбылықтың куәгері болған балаларға ерекше назар аударуымыз қажет, – деді Зүлфия Мұхамедбекқызы.

Ал ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі, Астана қаласы Адвокаттар алқасының адвокаты, Байқоңыр ауданының кәмелетке толмағандар жөніндегі заң консультациясының меңгерушісі Ирина Осокина қылмыстық іс жүргізу заңының нормаларын қолдану арқылы адам құқығын қорғау жөнінде баяндады. Қылмыстық іс жүргізудегі жәбірленуші мен айыпталушының құқықтары туралы айтты.

Әсіресе алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, есірткінің заңсыз айналымымен күрес саласында адам құқығын қорғаудың өзекті мәселелеріне тоқталды. Бүгіндері есірткі жасырушылардың (закладчик) жасарып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Тіпті бай-бағландардың да балалары осыны оңай табыс көзі деп санап, темір торға қамалғандарын тілге тиек етті. Бұл ретте ата-аналарды балаларының мінез-құлқын қадағалауға, жалпы құқық тұрғысынан сауатты болуға шақырды.

Семинар-тренинг барысында ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның мүшелері тыңдаушылардың сұрақтарына жауап беріп, өзара пікір алмасты. Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мен облыстық әкімдік ұйымдастырды.

Санкаева

Меруерт Санкаева, «Бәйтерек» ҚБ төрайымы:

– Бүгінгідей адам құқығын қорғау жөнінде кеңес беретін семинар-тренигтер бізге ауадай қажет. Себебі құқығымызды білгенмен, оны қорғай алмайтын жағдай ұшырасып жатады. Семинарда құқық бұзылғанда қайда және қалай шағымданудың механизмдерін атап көрсетті. Еңбек заңнамасы жөнінде айтылғаны да пайдалы болды. Себебі ҚР Еңбек кодексіне өзгерістер мен түзетулер енгізіліп жататындықтан барлық жаңалықты білуіміз қажет. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау да күн тәртібінен түскен жоқ.  Сондықтан осындай мазмұндағы семинарлардың жиі өтіп тұрғаны жөн деп ойлаймын.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале