17.11.2021, 9:02
Оқылды: 127

Аса қауіпті аурулардың ошағы азайды

Облыстағы төрт түліктің санын арттырып, өнімінің сапасын жақсартуда ветеринарияның алар орны ерекше. Тәуелсіздікке тәу етіп, егемендіктің қазығын қаққан жылдан бері ветеринария саласында да бірқатар оң өзгерістер орын алды.

9C94DCBA-833E-4620-8958-16D2B5139D61

Бұл саланы реттейтін алғашқы «Ветеринария туралы» ҚР Заңы 1995 жылы қабылданған еді. Заңнама 2002 жылы қайтадан толықтырылып, өзгертіліп, қол­данысқа енді. Академик Константин Скрябиннің «Медицина адамды емдесе, ветеринарлық қызмет адамзатты емдейді» деген сөзі мағынасын әлі жоғалтқан жоқ. Өйткені  аталмыш салада жануарларға жұқпалы ауруларға қарсы екпе салу, сынама алып, тексеру арқылы адамға қауіпті аурулардың алдын алу бағытында  жұмыс атқарылуда. Бұл ретте халқымыздың «Малы саудың – жаны сау» деген сөзі де еріксіз еске түседі.

– Жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алуға бағытталған іс-шараларды дұрыс жоспарлау үшін нақты мал санын білуіміз қажет. Осыған байланысты 2005 жылы ауыл шаруашылығы малын бірдейлендіру жолға қойылды. Кейін малды бірдейлендіру дерекқоры жасақталды. Осылайша бірдейлендірілген жануар мен оның иесі туралы ақпарат дерекқорға енгізіле бастады. Орал қаласы мен 12 ауданда құрылған ветеринариялық стансаларда жануарлардың аса қауіпті, жұқпалы емес және энзоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық, профилактикалық, диагностикалық іс-шаралар  атқарылуда. Әрине, сапалы қызмет көрсету үшін материалдық-техникалық база да бай болғаны жөн. Мысалы, ветеринария стансалары құрылғаннан кейінгі жылдары  республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд. теңгеден астам нысаналы трансферттерге 13 SsangYong, 143 НИВА мен 25 УАЗ аутокөлігі (оның ішінде 12 ДУК), 16 КАМАЗ және басқа да  құрал-саймандар мен кеңсе жабдықтары сатып алынды. Қазір 12 аудандық ветеринариялық стансаның ғимараттары бар. Тек Ақжайық аудандық ветеринариялық стансасы ғимаратты уақытша жалға алып отыр. Ал  82 ветпункт  әкімшілік ғимаратын уақытша жалдауда. Биыл 12,2 млн. теңге  жұмсалып, Ақжайық, Жаңақала және Жәнібек аудандарының 4 ауылдық округіне модульді ветеринариялық пункттер сатып алынды. Қазір оларда 600-ге жуық ветеринар қызмет атқарып жүр. Тағы бір жағымды жаңалық,  бірдей лауазымда қызмет ететін ветеринарлардың жалақылары бір деңгейге келтірілді. Соның нәтижесінде мамандардың көпшілігінің жалақылары 25%-ға артты,  – дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов.

Мемлекет басшысы айтып өткендей, «Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру». Бұл жаңашылдық әр салада кең қолданыла бастады. Мәселен, 2019 жылы ветеринария басқармасының тапсырысымен облыстың «Электрондық эпизоотиялық картасы» жасақталды. Қарапайым халық пен бизнес өкілдері аталмыш картадан ветеринариялық стансалар мен пункттер, мал сою нысандары, мал қорымдары жөнінде мәлімет біле алады. Сонымен бірге  белгілі бір мекендегі эпизоотиялық ахуал туралы ақпаратпен танысуға мүмкіндігі бар. Елде  заңсыз мал тасымалының алдын алу және тұрғындарды сапалы азық-түлікпен, шикізатпен қамтудың маңызы зор. Осы мақсатта барлық ветеринариялық анықтамалар «Е - agriculture» агроөнер­кәсіптік кешен салаларын   басқарудың   бірыңғай автоматтандырылған жүйесі арқылы (ЕАСУ) беріле бастады.

Облыста жиі айтылып жүрген мәселенің бірі – қаңғыбас ит-мысықтардың көзін жоюға қатысты екені рас. Иесіз жүрген иттен қауіп көп деп дабыл қағатындар да, төрт аяқты «достарды» аяйтындар да бар. Бүгінде ветеринария басқармасы  қаңғыбас иттер мен мысықтарды жоюдың гуманистік әдісіне көшті. Аталмыш жануарлардың санын биозарарсыздандыру тәсілімен реттеу арқылы анықтап, популяциясын бақылауды қолға алды. Осы мақсатта дайындалған концепцияны жүзеге асыру үшін облыстық мәслихаттың  шешімдерімен «Батыс Қазақстан облысының аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету» және  «БҚО елді мекендерінің аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою» қағидалары жаңадан  бекітілді.

Басқарма басшысы Серік Базарұлы айтып өткендей, былтыр еліміздің  шекара бекеттерінде ҚР АШМ ВБжҚК қарасты ветеринариялық бақылау бекеттері құрылған. Оған қоса аудандық және қалалық ветеринариялық стансалар аудандық әкімдіктер қарамағынан алынып, облыстық ветеринария басқармасына берілді. Қазір басқармаға бағынысты 13 ветеринариялық станса мен 147 ветеринариялық пункт қызмет көрсетуде. Сонымен бірге өңірдегі иттер мен мысықтардың санын нақтылау, оларға жүргізілген ветеринариялық іс-шараларды бақылау үшін жануарларды тіркеуге арналған бірыңғай дерекқор жасақталған.

– Ветеринария саласында жүргізілген реформалар мен сала мамандарының тиянақты қызметінің арқасында аса қауіпті ауру ошақтарының тіркелуі азайды. Ауыл шаруашылығы жануарлары мен олардан алынатын өнімдер шетелге шектеусіз шығарылуда. Қазіргі таңда облысымыз ірі қара мал (ІҚМ) етін экспорттаудан алдыңғы қатарда келеді. Сондай-ақ  облыстаға ірі қара мен ұсақ малдың  бруцеллезі 2015 жылмен салыстырғанда 0,5%-ға және  0,3%-ға кеміп отыр. Мысалы, 2015 жылы бруцеллез ауруына 9,7 мың бас ІҚМ шалдықса, күні бүгінге 6,2 мың бас ауырған. Сол секілді ұсақ  малдың бруцеллезіне 6,1 мың бас шалдыққан болса, қазір 1,7 мың бас індет жұқтырды.  Жануарлардың аса қауіпті ауруларының ошағы азайып,  облыста тұрақты эпизоотиялық ахуал қалыптасты, – дейді басқарма басшысы.

Бүгінде қараусыз жүрген малдан да қауіп көбейгені белгілі. Өйткені үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиі орын алуда. Мұндай қайғылы жайттардың алдын алу үшін бағымсыз жүрген малдың айып тұрағына қамалуы орынды болса керек. Ал олардың «еріншек» иелеріне айыппұл салынуда. Айып тұрақтары барымташылардың жолын бөгеп, «қолын кесуге» де пайдалы болса керек.  Қазір аудандарда қараусыз жүрген ауыл шаруашылығы жануарларын иелері анықталғанға дейін уақытша қамауға арналған 81 айып тұрағы ұйымдастырылған. Әкімдікте өткен бір жиналыста облыс әкімі «айып тұрақтарын тек статистика үшін ашып қою қажет емес» екенін баса айтқан  еді. Сондықтан «тәртіп бұзған» малды қамайтын  айып тұрақтары қызметінің нәтижесі де болу керек. Жыл басынан бері ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің  408-бабын бұзу фактісі бойынша  облыста 1 580 бас  қамалып,  555 адамға  2 875 647 теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ мал иелеріне  1 572 ескерту берілген. Сонымен бірге  қараусыз жүрген малды оқшаулау мақсатында өңірдегі 8 ауданның шаруашылық құрылымдарында  33 «электр бақташы»  орнатылыпты.

Қалай десек те, мал мен жанның қамын күйттейтін саланың тыныс-тіршілігі қауырт. Ветеринария қызметінің маңызы халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғайтын қалқан ретінде арта бермек.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале