9.02.2022, 19:57
Оқылды: 43

Азық-түлікті жергілікті өндірушілерден сатып алған тиімді

Облыс әкімдігінде облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте бірқатар тапсырманың орындалу барысы талқыланды.

a56917f3-1188-4844-aa7b-c950c84da2af

«QR-кодсыз»  мал қабылданбайды

Биылғы ақпан айының ішінде жергілікті ветеринариялық ұйымдар  мен  мал қабылдаушы  кәсіпорындар (ет өңдеу кәсіпорындары, мал сою пункттері, бордақылау алаңдары) қызметінде жаңа «QR-код» электрондық қосымшасын енгізу қолға алынды. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетовтың баяндауынша, электрондық қосымшаны қолдану арқылы ветеринариялық ұйымдардан берілетін анықтамаларда  жеке «QR-код» түзіледі. Осының негізінде ауыл шаруашылығы жануарлары мен өнімдерінің қозғалысына  бақылау жасалады. Малды етке қабылдаушы  кәсіпорындар «QR-код» электрондық қосымшасында  берілген ветқұжаттар бойынша қабылдап алғандығын растап, тіркеу жүргізеді. «QR-код» қосымшасы үй жануарларының, оның өнімдерінің айналымын мониторингілеу және жалған ветеринариялық құжаттар жасаудың жолын кеседі. Электрондық қосымшаға жергілікті ветеринариялық ұйымдар мен ет өңдеу кәсіпорындарының мал дәрігері мамандары тіркелді. Мал сою, өңдеу кәсіпорындары QR-коды жоқ ветеринариялық анықтамамен жануарлар мен мал өнімдерін қабылдамайды.

 – Енді ветеринария не полиция қызметкерлері ветеринарлық анықтаманың нақтылығын, қай округтен, қанша бас мал келе жатқанын қосымша арқылы біліп отырады. Малды қабылдап алушы қосымшаға малды қабылдап алдым деп белгілегеннен кейін, ол ақпарат анықтама берген мал дәрігеріне мәлім болады. Ақпарат ветстансаға, басқармаға да түседі. Жоба 7-14 ақпан аралығында тестілік режімде жұмыс жасайды. Он күннен кейін толықтай іске көшеді. Қосымшаға Оралдағы 5 мал сою, ет өңдеу кәсіпорны, аудандардағы  7 мал сою орны қосылды. Көршілес өңірлердің әкімдіктеріне малды қабылдаушы тараптардың «QR-код» қосымшасында малдың межелі жеріне жеткізілгенінін растауына ықпал ету туралы қызметтік хаттар жолданбақ,  – деді Серік Базарұлы.

460f2b7b-334c-4c7b-999b-8e357a124306

Мал сою алаңдары барлық ауданда есепке алынған, тек Тасқала ауданындағы нашар. Мал сою алаңдары жоқ аудандардың малы қалада тиісті орында сойылуы тиіс. Сыртқа шығарылған мал өнімдерінің, көршілес өңірлерге шығарылған малдың есебі қосымша арқылы көрінеді.

17ee356a-7662-4952-b757-08ecd9b28047

97724baf-c3d9-4538-9090-6eccbe9d0f98

 – Жаңа қосымшаны қолданысқа енгізуіміз керек. Қазіргі кейбір қалыптасқан келеңсіз жағдайлар адам денсаулығына нұқсан келтіреді. Малды лас орындарда сойып, жалған құжатпен етті базарға шығарады. Тұтынушылар малдың ауру не сау екені білмейді. Сондықтан басты мақсат  –  халық денсаулығын қорғау, адал өнім ұсыну.  Екінші мақсат  – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу.  Жалған ветеринариялық анықтамалар көбейіп барады. Өйткені малдың бір бөлігі есепке алынбаған, оны сату үшін жалған құжат жасатады. Жаңа әдістеме малдың барлығын есепке алу үшін жасалуда. Жаңа жобаны қолдаймыз,  –  деді Ғали Есқалиев.

A8F94CD6-1F90-4E9B-AEA6-5D8B80171353

Ит-мысық есепте тұрады

Кеңесте ит-мысықтарды тіркеуге қою бойынша атқарылған жұмыстар жайы қаралды. Ветеринария басқармасы бұл жұмыспен 2019 жылдан беру айналысуда. С. Нұрмағамбетовтың айтуына қарағанда,  үй жануарларын чиптау қажеттігі жөнінде түсінік жұмыстары жүргізілуде. Облыс бойынша 51 230, Орал қаласы бойынша 27 970 жадынама  таратылған,  гараж кооперативтеріне, саяжай кооперативтерінің мүшелерімен кездесулер өтті. Сонымен қатар Оралдағы көшелер қиылысындағы LED экранға бейнеролик көрсетіліп, «Aqjaiyq» телеарнасына сюжет шығарылды.  Бөрлі ауданының Пугачев ауылдық округіндегі 282, Сырым ауданының Бұлан ауылдық округіндегі 66, Орал қаласында 615 иесі бар ит-мысыққа чип салынды. Орал қалалық ветстансасы 534, аудандық ветстансасалар   2030,  жеке ветклиникалар 81 ит-мысықты тіркеп, есепке алды. Облыс бойынша  2645 иесі бар үй жануарлары есепке алынды. Оның ішінде 232 тұқымды ит-мысық тіркелді. Жадынамаларды алып, үй жануарларын тіркемеген 57 азаматқа шара алу жөнінде полиция басқармасына хаттар жолданды. Биылғы өткен мерзімде аталған бұзушылықтар бойынша ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 408-бабына сәйкес Орал қаласындағы 83 тұлғаға қатысты хаттама толтырылып, соның ішінде 3 тұлғаға 49 008 теңге көлемінде айыппұл салынды.

dcb14407-8b2a-44f6-8ed3-1d7a610c696d

Облыс әкімі тұрғындардың бұралқы иттердің көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп отырғанын айта келе, ит-күшіктердің иелерінің жауапкершілігін арттыру қажеттігін алға тартты. «Иттердің құжаттары, чиптары болуы керек. Сол чиптар    кімнің иті, ауру ма, сау ма деген барлық ақпаратты көрсетеді.  Айыппұл шамасы қымбат.  Стерилизация құны  – 11000 теңге, кестіру  – 5500 теңге, бұл жағдайы жоқ тұрғындарға қымбатқа түспей ме?  – деді облыс әкімі. Бұл сұраққа басқарма басшысы: «Ең төменгі бағасы  – осы,  бұдан әрі азайту  мүмкін емес. Өйткені итті 7 күн тамақтандырады, қызметкердің еңбегі, ота кезіндегі ине, спирт шығыны бар. Жеке клиникаларда 16 мыңнан басталады»,  – деп жауап берді.

 – Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты азайтудың бірден-бір жолы цифрландыру екенін айтқан болатын.   Сондықтан цифрландыруды қолдап, әрі қарай жалғастырамыз. Ит-мысықты чиптау мәселесіне тұрғындар түсіністікпен қарау керек. Малға ветеринариялық анықтаманың артында «QR-коды» болуы тиіс,  –  деді Ғ. Есқалиев.

Сапалы, жергілікті өніммен қамту керек

31d2d083-b8f2-4c21-a4b9-30a7d02620d4

Кеңесте облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева мектептердегі тамақтандыруды ұйымдастыру жайын баян етті. Өңірде 368 мектеп бар. Биыл оқушыларды  тамақтандыруға 1 млрд 398 млн теңге қарастырылған, оның ішінде тамақ сатып алуға 587 млн теңге, ыстық тамақ ұйымдастыру қызметіне 811 млн 68 мың теңге бөлінген.  «368 мектептің  327-сінде ыстық тамақ беру ұйымдастырылса, соның 111-і жалға алушымен, 55-і жеке меншік серіктестік әріптестігі аясында, 161-інде сатып алумен ұйымдастырылды. Яғни, 54186 бала ыстық тамақпен қамтылған. Мұның ішінде 1-4 сыныптың оқушылары  – 49221, аз қамтылған отбасылардың ұл-қызы  – 4965», – деді А. Мыңбаева.  Бүгінде аз қамтылған отбасының бір баласына  күніне тамақтандыру шамасы 485 теңгені, 1-4 сыныптарда 380 теңгені құрайды. Ал №326 қаулыда аз қамтылған ұл-қыздың бір күндік межесі 642 теңге, 1-4 сыныптарда бір оқушының тамағы 567 теңге болуы керек. Облыста қаулыда көрсетілген межеден қалыс  келеміз.

– Аудандар тамақтың сапасын арттыру, қаражатты үнемдеу бағытында жергілікті тауарларды жеткізушілермен жұмыс жасағандары дұрыс. Ұн, күнбағыс майын өндірушілер бар. Бірақ көбісі ауылдық жерлердегі тамақтандыру бойынша жарияланған конкурстарға қатыспайды. Балалардың денсаулығының қауіпсіздігі үшін жергілікті кәсіпкерлер өздерінің сертификаттарын алатын болса, конкурстарға қатысып, заң талаптары негізінде жұмыс істей алар еді,  – деп Айгүл Әділгерейқызы өз ұсынысын білдірді.

c1a435df-6aa6-4566-b401-db06d9a418ae

 Облыстың бас санитары Мұқамғали Арыспаев облыстағы  мектептердегі жұмыс істеп тұрған 341 асхананың санитарлық-техникалық жағдайы нашар, мектептердің асхана жабдықтарының жаңартылмағанын, ыстық су жоқтығын айтты. Бәйтерек, Ақжайық, Казталов аудандарындағы ауылдық мектептердің бірқатар асханасы жөндеуді қажет етеді. Өткен жылы 180 мектеп асханасын тексеріс кезінде 120 әкімшілік хаттама толтырылып, 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Бас санитар облыс басшысынан асханалардың жағдайын жақсартуды сұрады.

- Орал қаласының, аудандардың әкімдеріне білім беру басқармасы кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармаларымен бірлесіп мектептердегі, балабақшалардағы, ауруханалардағы, әскери бөлімшелердегі және басқа да орындардағы тамақтандыруға қажетті азық-түлікті жергілікті өндірушілерден сатып алу бойынша үш жылдық жоспар жасақтауы керек. Мұның өзі аудан-ауылдардағы кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік болмақ. Бюджеттен тамақтандыруға 1 млрд 400 млн теңге бөлінді. Ата-аналар да өздері балаларына тамақ алуға ақша береді. Тамақтың 29 түрі бар. Сырым ауданына барғанымда, асхана мәзірінен бананды оқыдым, мұның орнына пайдалы жергілікті алма, алмұрт қосуға болады,   –   деді Ғ. Есқалиев.   Облыс әкімі аудан әкімдеріне окург әкімдерімен бірігіп, кім қандай тамақ (сәбіз, сазан, сары май, ірімшік, сүзбе, т.б.) түрін шығара алатынын зерттеуді тапсырды. Мектептерді тамақпен қамтуға бөлінген қаржының көп бөлігін  жергілікті жерде қалдыруға мүмкіндік жеткілікті екендігі айтылды. Өнімдер сапалы әрі қолжетімді болуы тиіс.

0854dcdb-ff97-4ee0-8734-b9dbf591eb30

Әлеуметтік желідегі белсенділік

Жиында «І-Komek 109» колл-орталығы қызметінің жұмысын мониторингілеу туралы облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Арсен Ғұбашев баяндады.   Облыс әкімі аппаратының ақпараттандыру бөлімі «I-Komek 109» бірыңғай байланыс орталығының жұмысына мониторинг жүргізген. Бөлім 10 өтініш, оның ішінде телеграм ботына 3 өтініш жасады. Орта есеппен операторлардың қоңырауына жауап күту 15-25 секундқа созылды. 10 сауалдың біреуіне ғана жауап берілмеген. Қоғамдық көлік (N45 аутобус), ашық люктер (Скоробогатов көшесіндегі 90-үй) және «Ашық» көк мәртебесі бар тұрғындардың сауда орталығына кіруі туралы сұрақтар 1-ші желіден түсірілді.

f39277e8-653e-4714-a489-41a5b3dfd4ba

  Телеграм ботқа (uralsk109_bot) тегін ревакцинация жайында сұрақ жіберілді. Оған 15 минуттан кейін кері байланыс жасалды.  Электр қуатының айырылғаны жөнінде бір өтініш Жаңақала ауданынан (Жаңақала ауылы, Халықтар достығы көшесі, 32) түсті. Байланыс орталығының операторлары аталған мекенжайға коммуналдық қызмет мамандарын жіберді.

   – Instagram парақшасына талдау жасалды. Есептік жазба 13 шілдеден бастап жүргізілуде. Оның 8 693 жазылушысы, 777 басылымы бар. Негізінен бұл бетте сумен жабдықтау, электр және газбен жабдықтаудың тоқтатылуы туралы ақпарат бар. «I-Komek» бетіндегі соңғы жарияланым 2021 жылдың 30 желтоқсанында жарияланған. Instagram парақшасында жұмысты күшейтіп, call-орталықты танымал ету үшін мақсатында жарнаманы, теледидар мен билбордтарда жарнаманы іске қосу қажет деп ойлаймын. 109.uralsk.kz сайтында электр қуатынан, судан айыру ақпараттарын алу және сұрақ қою қызметтері бар. Сайтқа жаңалықтар жолағын, қоғамдық көліктер туралы ақпарат (төлем карталары, аутобус қозғалысының үлгілері), сайлау учаскелері және т.б. сияқты қосымша функцияларды қосу қажет, – деді Арсен Ғұбашев.

8ba52547-8ab5-4140-96f5-94b93ed733b9

Кеңесте аудан әкімдерінің, басқарма басшылардың әлеуметтік желідегі белсенділігін арттыру тапсырылды.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале