Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауға байланысты облыстық және аудандық мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну тәртібі мен қажетті құжаттар тізімін білу маңызды.

Теректі ауданы бойынша 1 облыстық және 12 аудандық округтік бір мандатты округтік сайлау комиссиясы жұмыс жасайды. Кандидаттар бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер арқылы немесе өзін-өзі ұсыну тәртібімен сайлауға қатыса алады.
Кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезінде заңнамада белгіленген талаптарды сақтау, қажетті құжаттарды толық жинақтау және оларды тиісті округтік сайлау комиссиясына уақтылы тапсыру қажет.
Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер арқылы кандидаттарды ұсыну:
Бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер және олардың құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) ұсына алады. Бұл ретте қоғамдық бірлестіктің жарғысында тиісті өкілеттік көзделуі тиіс.
Кандидаттарды ұсыну кезінде төмендегі құжаттар ұсынылады:
• Қоғамдық бірлестіктің жоғары басшы органының немесе оның құрылымдық бөлімшесінің тиісті сайлау округі бойынша кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме;
• Құрылымдық бөлімшенің кандидатты ұсыну құқығын растайтын жарғыдан үзінді көшірме;
• Азамат өзін ұсынған саяси партиядан немесе қоғамдық бірлестіктен осы сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидат болып дауысқа түсуге келісімі туралы өтініші;
• Кандидат туралы өмірбаяндық деректері;
• Саяси партия ұсынған жағдайда партия мүшелігін растайтын құжат.
Кандидаттың заңнама талаптарына сәйкестігі анықталғаннан кейін тіркеу кезінде қосымша мынадай құжаттар ұсынылады:
• 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы;
• кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат. Көрсетілген мөлшері – 425 000 теңге (5 ең төменгі жалақы × 85 000 теңге).
Қоғамдық бірлестіктер, саяси партияларды қоспағанда, өз мүшелері болып табылмайтын адамдарды да кандидат ретінде ұсынуға құқылы. Сонымен қатар қоғамдық бірлестік және оның құрылымдық бөлімшесі әрбір сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына бір ғана кандидатты ұсына алады.
Өзін-өзі ұсыну тәртібі:
Мәслихат депутаттығына кандидаттар өзін-өзі ұсыну арқылы да сайлауға қатыса алады. Бұл үшін азамат тиісті округтік сайлау комиссиясына осы бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсуге ниеті туралы өтініш береді.
Өзін-өзі ұсынған кезде қажетті құжаттар:
• Осы сайлау округі бойынша кандидат болып дауысқа түсуге ниеті туралы өтініш.
• Кандидат туралы өмірбаяндық деректері.
Кандидаттың заңнама талаптарына сәйкестігі анықталғаннан кейін тіркеу кезінде қосымша мынадай құжаттар ұсынылады:
• 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы;
• кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат. Көрсетілген мөлшері – 425 000 теңге (5 ең төменгі жалақы × 85 000 теңге).
Өзін-өзі ұсынатын азаматтарға құжаттарды белгіленген тәртіппен рәсімдеп, тиісті округтік сайлау комиссиясына тапсыру ұсынылады.
Кандидаттарға қойылатын негізгі талаптар:
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, бір адам біреуден артық сайлау округі бойынша кандидат болып ұсыныла алмайды.
Сондай-ақ саяси партиядан мәслихат депутаттығына сайлау үшін партиялық тізімге енгізілген адам бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша кандидат ретінде ұсынылуға құқылы емес.
Кандидаттарды ұсыну барысында осы талаптарды ескеру және ұсынылатын құжаттардың толықтығына назар аудару қажет.
Саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер және өзін-өзі ұсынған азаматтар кандидаттарды ұсынуға қажетті құжаттарды тиісті округтік сайлау комиссиясына тапсырады.
Құжаттарды қабылдау, кандидаттың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру және тіркеу жұмыстары сайлау заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау және өткізу кезеңінде кандидаттарды ұсыну тәртібін сақтау – сайлау процесінің маңызды бөлігі. Сондықтан сайлауға қатысуды жоспарлаған азаматтар, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, заңнама талаптарын мұқият орындауы тиіс.
Сайлау округтерінің шекаралары мен орналасқан орындары туралы толық ақпаратпен Теректі ауданы әкімінің ресми парақшасында (https://www.gov.kz/org/bko-terekty/activities/92592?parentId=92259&lang=kk сілтемесі бойынша) танысуға болады.
Дамир Мендыбаев,
Теректі ауданының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары