БҚО онкологиялық диспансерінің хирург-онкологі, маммолог дәрігер Тайман Амановтың мәлім еткеніндей, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, 2024 жылы әлемде 2,4 млн әйелге сүт безі обыры диагнозы қойылса, 694 мыңдайы осы дерттен көз жұмды.
Тайман Төлеуғалиұлының сөзіне қарағанда, БҚО-да 2021 жылы — 189, 2022 жылы — 213, 2023 жылы — 198, 2024 жылы — 197, өткен жылы 173 аталмыш ауру тіркелді. 2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша облыстық онкологиялық диспансерінде осы диагнозбен 2 131 әйел есепте тұрды.
— Биыл сегіз айдағы 140 сүт безі обырының 60-ы скрининг нәтижесінде белгілі болды. Бұл ауруды ерте анықтап, уақытылы емдеуде профилактикалық тексерудің маңызы зор екендігін көрсетеді. Облыста скринингтен өтетін әйелдер саны артып келеді. Айталық, 2023 жылы — 39 399, 2024 жылы — 42 367, 2025 жылы 44 919 әйел тексеруден өткізілді. Екі жыл ішінде дәрігер алдынан өткендер саны 14 пайызға көбейді, — дейді Тайман Аманов.
Оның айтуынша, скрининг нәтижесінде 2023 және 2024 жылдардың әрқайсысында 89, 2025 жылы 68 сүт безі обыры анықталды. Соның ішінде 2023 жылы — 52, 2024 жылы — 48, 2025 жылы 46 әйел аурудың бірінші сатысында болған. Өткен жылы мұның үлесі 67,6 пайызға жетті. Бұл скрининг барысында аталған диагноз қойылған әр үш әйелдің екеуінде ауру бірінші сатыда болғандығын білдіреді.
— Қазақстанда сүт безі обырын ерте анықтау үшін скрининг тұрғылықты жері бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Ол 40-тан 76 жасқа дейінгі әйелдер үшін екі жылда бір рет өткізіледі. Маммографиялық тексеру негізгі зерттеу болып саналады. Денсаулығына шағымданбаса да, сол адамның скринингтен өткені жөн. Егер қосымша тексеру қажет болса, оны да аяқтаған абзал. Омыраудың тығыздалуы, оның пішінінің өзгеруі, өзгеше немесе қанды бөлінулер байқалса, дәрігерге дереу қаралу қажет, — деді маммолог дәрігер.
