1.03.2020, 20:15
Оқылды: 127

БҚО әкімі ақсақалдармен кездесті

Бүгін Орал қаласындағы «Достық» үйінде «Ақсақалдардың ұлағатты сөздері мен баталары» атты бас қосу өтті.

IMG-20200301-WA0116

- Ел бірлігін сақтаушы, жалпыұлттық келісімді нығайтушы институтқа айналған Ассамблеяның мүшелері Отанымыз үшін өлшеусіз еңбек етуде. Өткен ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдарында жерімізге миллиондаған өзге ұлт өкілдері күштеп қоныс аударылғанын тарих ұмытқан жоқ. Сол бір зұлмат жылдары тағдыр айдауымен кең байтақ қазақ жеріне қоныс тепкен азаматтардың ұрпағы осы күні еліміздің дамуына өз үлестерін қосып, еңбек етіп келеді. Оны біздің елден пана тауып, өсіп өнген жандардың қазақ халқына білдірген ризашылығы деп білеміз. Осыдан төрт жыл бұрын Елбасы жарлығымен 1 наурыз Алғыс айту күні болып бекітілген. Содан бері бұл мереке еліміздегі айтулы даталардың біріне айналды. Барлығыңызды Алғыс айту күнімен және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын,-деп сөз бастады облыс әкімі, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ғали Есқалиев.

IMG-20200301-WA0101

Облыстық, қалалық, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағалары мен мүшелері, еңбек ардагерлері мен жастар бас қосқан диалогтық алаңда сөз алған Бәйтерек ауданының ақсақалы Асылбек қажы Сұлтанғалиұлы жастар тәрбиесіне көңіл бөлу кректігін, келер ұрпаққа дәстүрлі дініміз туралы дұрыс түсінік беру жайына тоқталды. Ақсақал жастарды патриоттыққа тәрбиелеуде ассамблеяның атқарып отырған ісінің де өлшеусіз екенін атап өтті.

Сондай-ақ басқосуға келген БҚО ҚХА ақсақалдар кеңесінің мүшесі, кәріс этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесі төрағасы Григорий Те бір кездері қиын жағдайға тап болған кәрістер үшін қазақ ағайын екенін айтып, еліміздегі кәріс азаматтары отанымыз Қазақ елінің көркеюіне бар күшін сала жұмыстанатын жеткізді.

IMG-20200301-WA0109

Өз кезегінде БҚО ҚХА ақсақалдар кеңесінің мүшесі Александр Ялфимов Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктердің жұмысын заман талабына сай бағыттау керек екенін айтты. Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Бисен Жұмағалиев, Михаил Шолохов сынды біртуар азаматтардың елге қалдырған өсиеттерін де тілге тиек еткен Александр Петрович тағдыр айдауымен қазақ еліне ат басын тіреген соң, Ассамблея қанатының астына бірігіп, елдің дамуы жолында еңбек ету қажет деген үндеуін тастады.

-Аға ұрпақ елімізбен бірге талай қиындықты өткерді. Қазір еліміз даму жолына түсті. Біздің облыс еліміздегі алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі. Кез келген мемлекеттің басты байлығы - халық. Ал халық бірлігі ел дамуының кепілі. Ассамблея құрылған 25 жыл ішінде қазақ елінің бірлігін сақтауда талай іс тындырып жатқанына көзіміз жетті. Жасалған іс көп, алда талай іс атқарылады. Ақсақалдар мен этномәдени бірлестік өкілдері бірлесе талай іс тындырына сенемін,-деді кездесуде сөз алған «Ағайын» этномәдени бірлестігінің төрағасы Мақсот Берген.

Бұдан бөлек өрелі ой мен салмақты пікір айтылған кездесу барысында соғыс ардагері Хамза Сафин ардагерлерді ұмытпай, пікірлерімен санасатын өңір басшылығына ризашылығын білдірсе, Ассамблея жанынан құрылған «Қазақ-Вайнах достығы» клубының мүшелері ақсақалдарға сыйлық ұсынды.

Шара соңында БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Медхад Қамбетов жаңа заманғы келелі мәселелерді көтерген Елбасының сананы әлеуметтік жаңғырту туралы, рухани жаңғыру идеясын негізге алған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеу» атты жолдауында туындаған міндеттерді жүзеге асыруды қол алған БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің үндеуін жариялады.

Түгелбай Бисен,

Сурет: Рафхат Халелов
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале