12.03.2020, 10:28
Оқылды: 50

«Боздақтарды бөліп-жармайық», – десті пленумға қатысушылар

    Сәрсенбіде Оралдағы Достық үйінде облыстық ардагерлер кеңесінің Ү пленумы өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев қатысты.

Zhenis 2

Пленумда Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің Ұлы Жеңістің 75 жылдығына әзірлігі және жастарға патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы, «Ардагерлер туралы» заң жобасына қатысты облыстық ардагерлер кеңесінің ұсыныстары туралы мәселелер қаралды.

Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиевтің баяндауынша, ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің қатысуымен түрлі қоғамдық іс-шаралар өткізілуде.  Ондай шаралар ата-бабаларымыздың ерлік істерін, аға буынның жанқиярлық еңбек-өнегесін қастерлей отырып, жастарды отансүйгіштікке, адамгершілікке, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға тәрбиелеуді көздейді.

– Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Жәнібек, Сайқын, Шоңай темір жол стансаларына 538 бомба тасталды. Бірақ бұл дерек «Аза» кітабына енгізілмеген. Ауданда бауырластар зираты бар. Майдандағы соғыс қимылының қатеріне байланысты ауданда «қауіпті соғыс жағдайы» енгізілген. Осыған орай аудан орталығындағы кейбір мекеме, мектептер Тау, Ұзынкөл ауылдық кеңестері аумағына эвакуацияланған.  Су тартатын мұнараға зақым келген. Жәнібек жерінде қаза тапқан 93 жауынгер жерленген. 47 боздақтың 1942-1943 жылдары Жәнібектегі №1584 эвакуациялық госпитальда қайтыс болғаны анықталды. Сол жауынгерлердің қай жерге жерленгені жөнінде нақты дерек жоқ. Осыны ескерген аудан әкімі 2019 жылдың мамыр айында 93 жауынгер жерленген бауырластар зиратын қайта жөндеп, қосымша тақтаға 47 боздақтың аты-жөнін жазып, жаңарту жұмыстарын жүргізді. Соғыс жылдарында қайтыс болғандар мен зардап шеккен нысандардың саны есептеліп, тиянақталды деу қиын. Соғыстың қорытындысы бойынша айтылып жүргендей, жау Еділден бері өткен жоқ деген пікірі қалыптасқан. Ол – саяси идеология. Шындығында, сол жылдары неміс ұшақтарының жиі бомбылауы салдарынан Жәнібекте 41 нысанға зиян келіп, 200-дей тұрғын үй қирады. Көптеген тұрғын қаза тапты және жаралы болып, жапа шекті.  Жәнібектіктер «Бәрі де Жеңіс үшін!» деген құлшыныс-жігермен еңбек етіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп майданға жіберіп отырды. Сондай-ақ 180 мың сом қаржы, 480 метр ағаш, 50-ден астам ағаш үй бұзылып, материалдары Сталинградқа жіберіліп, блиндаж салуға пайдаланылды. Жау авиациясының бомбылауынан келген зиян мемлекеттік төтенше комиссиясының есебі бойынша 7 млн. 161 мың 693 сом болып белгіленді, – деді Амангелді Уәлиев. Баяндамаға сүйенсек, соғыстан зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру туралы Кеңес одағының халық комиссариатының 1947 жылғы қаулысына сай қаржы бөлінгені мәлім. Бұл қаулыға еліміздегі бірде-бір елді мекен қалпына келтіру тізіміндегі нысандар қатарына енбеді. Жәнібек ауданынан соғысқа шақырылған 3602 адамның  2341-і, яғни 65 пайызы қан майданда қаза тапты. Қазақстанның бірде-бір өңірінде соғысқа шақырылған 3 адамның екеуі қаза тапқан Жәнібектей өңір жоқ. Бұл өңірден 3 Кеңес Одағының Батыры, бір Халық қаһарманы шыққан.  Олар – Мәншүк Мәметова, Ерденбек Ниетқалиев, Николай Чуриков және Хиуаз Доспанова. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Жәнібек аудан орталығында батырлар аллеясын салу, батырлардың кеуде мүсіндерін орнату жоспарланған. Жәнібек, Орда аудандарының Сталинград майданының шебі ретінде Жеңіске қосқан үлесі үшін қаһарман ерлік арнайы белгісі орнатылмақ.

Жиында жарыссөзге шыққан соғыс және еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері аға буынның соғыс және бейбіт өмірдегі еңбек, ерлік өнегесін кейінгі ұрпаққа насихаттау, жас буынды отаншылдыққа, еңбекқорлыққа баулу жөніндегі ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ Жәнібек, Орда ауданы тұрғындарының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанқиярлық еңбектерін, Сталинград майданындағы және жалпы Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан үлесін ескере отырып, екі ауданға Ерлік немесе Еңбек Даңқы атағын беру туралы ұсыныс түсірді. Ресей, Украина, Белоруссия, Прибалтика мемлекеттерінде ҰОС кезінде туған азаматтарға «Дети войны», яғни «Соғыс балалары» деген мәртебе берілген. Сондықтан елімізде соғыс жылдары туғандарға (1945 жылы туғандарды қоса алғанда) осындай мәртебе беру жөнінде ұсыныс айтылды.

Жиынға қатысқан Серік Егізбаев қоғамды толғандыратын кейбір мәселені ортаға салды. Облыс әкімінің орынбасары өңірдегі іздеушілердің деректері бойынша соғыс кезінде темір жол бойын бомбалаудан 400-ге тарта жауынгер қаза тапқанын, сол боздақтың 100-ден астамының ғана сүйегі табылғанын айтты. Өткен жылы 15 адамның сүйегі табылған, олар христиан дінін ұстанғандар екен. Ал жәнібектік бір топ азамат сүйектері табылған мұсылман жауынгерлерге мұсылман діні талаптарына сай белгі қоюды ұсынады. Қайтпек керек? «Біздің әкелеріміз соғыста жүргенде дінге, ұлтқа бөлінген жоқ. Сондықтан әскери обелиск қояйық дедім», – деп ақылы дария қариялармен кеңесті. Ардагерлер боздақтарды бөліп-жармай әскери обелиск қою шешімін қолдады.

– Мәншүк, Хиуаз апаларымыздың Жәнібек жерінде туғаны жөнінде деректер айтылды. Өздерінің қолымен толтырылған тарихи құжаттар бар екен. Сондықтан республикалық деңгейде ғылыми конференция ұйымдастырып, осы тақырыпты зерттеген тарихшыларды шақырып, мәселенің нүктесін қояйық. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Республикалық ардагерлер кеңесі мен Қорғаныс министрлігі  бірлесіп, жұмыстанудың арқасында архивтен 133 қазақстандық жауынгердің Кеңес Одағының Батыры деген атақ алғаны жөнінде құжаттар табылған. Бірақ түрлі себептермен атақ иелеріне берілмей қалған. Енді оларға Халық қаһарманы атағын беру жөнінде ұсынынылған. Ол ұсыныс оң шешімін табады деп білеміз, – деп қуантты ақсақалдарды Серік Егізбаев. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары ауыл-аудандарда әскерге барғысы келмейтін жастардың қатары көбейіп отырғанына назар аудартты. Сондықтан да жас буын өкілдері арасында патриоттық, отансүйгіштік тәрбиені күшейтуге шақырды.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале