16.05.2024, 22:05
Оқылды: 12

Казталов ауданында әкімдердің есеп беру жиыны өтті

Әкімдердің халық алдында есеп беру жиындары Казталов ауданының Қараоба, Қошанкөл, Тереңкөл, Бірік ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Халық жиындарына Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, мәслихат депутаттары, салалық бөлім басшылары, учаскелік полиция инспекторлары, округтердің тұрғындары қатысты.

IMG20240516120934

Қараоба ауылы

Қараоба ауылдық округінде өткен халық жиынында округ әкімі Жалғас Сүндетов халық алдында атқарылған жұмыстар барысын баяндады. Алдыңғы халық жиындарында көтерілген мәселелерге қысқаша тоқталсақ, біраз жұмыстар іске асқан. Шағын футбол алаңының үстіңгі қабатын ауыстыру жұмыстары басталып жатыр. Қонысбай, Көктерек бөгеттерін қаздыру бойынша құжаттары жасалуда. Таза ауыз су құбырын ауыстыру қаражат қажет. Округ орталығында көпбейінді мәдениет үйін салу үшін жеке инвестор іздестірілуде. Ғ.Қараш атындағы мектеп гимназиясын күрделі жөндеуден өткізу алдағы жылдардың жоспарына кірген. Ауыл ішіндегі жолға жөндеу жүргізген жауапсыз мердігермен келісім шарт бұзылып, жобаны «ЖайықСити» ЖШС жалғастыратын болады. Техникалық су тарту жұмыстары 70 пайызға бітіп тұр. Қараоба ауылының азаматы екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын бастауда.

Округ тұрғындары Қараоба ауылы ішінде жөндеу жұмыстары жүрмеген көшелерге жобалық-сметалық құжаттама жасау, Қараоба—Қошанкөл ауылдары ортасындағы жолды көтеру, округте ескірген электр бағаналарды ауыстыру, шамадан тыс көбейген киікті реттеу туралы ұсыныстарын жолдады.

IMG20240516115218

Қошанкөл ауылы

Қошанкөл ауылдық округінде атқарылған жұмыстар желісін округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ержан Сапарғалиев хабарлап, жиынға қатысқан округ тұрғындарының қосымша сұрақтарына жауап берді.

Былтырғы жылы жолданған мәселелер қатарында Ордабай ауылына ауыз суға блок-модульды кешен орнату жоспарлануда. Ордабай ауылына шағын футбол алаңын салу қаражат тапшылығына байланысты тоқтап тұр. Қошанкөл ауылында ат спорты үйірмесін ашуға қаражат бөлініп, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Беспішен—Қошанкөл—Қараоба жолының күрделі жөндеу жұмыстары жалғасын тапқан. «Қарлығаш» бөбекжайының жылыту қазандығын бөлек шығарып, ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама жасау мәселесі бойынша облыстық білім басқармасына ұсыныстар жолданған. Ауыл азаматтары есебінен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға жер учаскесінің жер актісі жасалуда.

Жиында тұрғындар күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Беспішен—Қошанкөл—Қараоба бағытындағы жолдың сапасына көңіл бөлу, аталмыш бағытқа қыс мезгілінде арнайы техника қою, ауыл ішіндегі көше жолдарын жөндеуге жоба жасау секілді сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.

IMG20240516094757

Тереңкөл ауылы

Округ орталығы Нұрсай ауылында халық алдында есеп берген округ әкімі Сабыржан Ищанов ағымдағы жылдың басынан бері атқарған жұмыстарына тоқталды.

Округте көтерілген ауыл ішілік жолдарды асфальттауға жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Беспішен ауылына шағын футбол алаңын салу мәселесі бойынша жеке инвестор қарастырылуда. Беспішен ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің ауласынан су құятын бөшке орнату алдағы уақытта шешімін таппақ. Нұрсай ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке жедел жәрдем көлігі 2023 жылдың желтоқсан айында берілген. Ал жаңадан фельдшерлік-акушерлік пункт салу бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті жобалық-сметалық құжаттамасы 2025 жылы жасалмақ.

Жиында ауыл тұрғындары мал бағымын ұйымдастыру, бағымсыз мал кесірінен жол-көлік оқиғаларының орын алуы, көп жылдан бері қордаланған күл-қоқысты шығару туралы сауалдарын жолдады

Бірік ауылы

Аудан орталығына жақын орналасқан Бірік ауылдық округінде мәселелер баршылық. Былтырғы жылдан бастап көтерілген Қызылту елді мекенінің қызыл аймағын белгілеу аудандық жер қатынастары бөлімінен қолдау тауып, орындалған. Әжібай ауылы жанындағы қоқыс полигонын жабуға қаражат бөлініп, жұмыстары толықтай аяқталған. Әжібай бөгетіне су айдау коммуналдық кәсіпорын мекемесі арқылы тиісті жұмыстар жүруде. Округ орталығындағы мәдениет үйінің шатырын жөндеу жұмыстары аяқталған. Ауылға техникалық су өткізу бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы жасалу үстінде. Бірік жалпы орта білім беретін мектебін күрделі жөндеу жұмыстары 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Әжібай ауылының ішіне қатқыл табанды жол төсеу 2025-2026 жылдар еншісіне енген. Алдағы жылдары округте жаңа қоқыс полигонын, мал молаларын салу, ауыз су мұнарасын жөндеу, Саралжын ауылына таза су қондырғысын қою атқарылатын жұмыстар жоспарына енген. Бұл жұмыстар туралы округ әкімі Жігер Жакиев баяндап өтті.

Жиынға келген тұрғындар ауылдың кіреберіс жолын толығымен аяқтау, ауыз судың қатып қалуы, округтегі қожалықтардың шабындықтарын қоршау, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді қайтару секілді ортақ ұсыныстарын ортаға салды.

IMG20240516094805

Жиындарда округ атынан сайланған депутаттар Қуаныш Ермеков пен Сәкен Ищанов аудандық мәслихат тарапынан атқарылған жұмыстар мен бөлінген қаражаттар туралы айта келіп, өз ұсыныстарын да жеткізді. Сонымен қатар жиындарда аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев ауыл үшін игілігі мол «Ауыл аманаты» жобасы туралы мәлімет беріп, ауылдастарды аталмыш бағдарламаға қатысуға шақырды.

Жиындар нүктесін аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы қойып, ауданымызда атқарылып жатқан жобалар туралы айтып берді.

—Құрметті жерлестер! Ауданымызда 48 елді мекен болса, әрбір елді мекеннің өз мәселесі бар. Біздер үшін бәрі бірдей, шамамыз келгенше әр округтегі мәселені ретімен, қаражатқа байланысты шешу үстіндеміз. Халық алдында жалған уәде беріп, кейбір мәселелерді бүгін не ертең жасаймыз деп айта алмаймыз. Барды бар, жоқты жоқ деп тура айтуымыз керек. Ауданымыздың бекітілген даму жоспары бар. Сол жоспарға сай әрекет қыламыз. Осы жиындарда көтерілген ұсыныс-пікірлер толығымен ескеріліп, хаттамаларға кіргізіліп, біздің алдағы жұмыс жоспарымызға енеді. Бірақ, әр мәселе өз кезегінде, қаражат бөлінуіне байланысты атқарылатын болады,-деді.

 

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале