16.05.2024, 22:23
Оқылды: 64

Жаңақалада жас ақындар айтысты

Бүгін күй елі - Жаңақала ауданында «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты облыстық оқушылар айтысы ұйымдастырылды. Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін жырлау, тарихқа үңілу, ана тілін, төл мәдениетін құрметтеу мақсатында Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы, облыстық білім басқармасы, Жаңақала аудандық әкімдігінің, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен өткізілген айтыс жүйріктердің шын бақталастығын шыңдайтын дода болды.
image-16-05-24-09-37-3
Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының мәдени ұйымдастырушысы, Халықаралық жыршы термешілер одағының мүшесі Айнабек Сағындықұлы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызы, Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, халықаралық ақын жазушылар одағының мүшесі Данияр Дидарұлы қазылар алқасы ретінде тағайындалып, жыр жарысына бағын сынап келген 8 айтыскерге өз бағаларын беріп, үздіктерді анықтады.
image-16-05-24-09-37-2
Айтыскер ақындар жұптаса отырып, бірі домбыраның құлағында ойнаса, енді бірі әндете жөнелгенін көріп халық қошеметке бөледі.  Аудан әкімінің орынбасары Руслан Қонысбайұлы үміткерлерге сәттілік тілеп, құттықтау сөзін сөйледі. Сонымен қатар жеке кәсіпкер, облыстық ат спорты «Жорық» федерациясының президенті, БҚО Самбо федерациясының вице президенті, “Жолаушы жол” жауапкершілік шектеулі серіктестігінің директоры Саламат Серікұлы өз демеушілігін білдіріп, қатысушы бүлдіршіндерді түскі аспен қамтыды. Әрі қарай мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері өз өнерлерін көрсетті.
image-16-05-24-09-37-1
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда дегендей, тартысты айтыстың нәтижесі бойынша ауданымыздан шыққан тектілердің талайын тіліне тиек еткен Нұрым Амангелді (Сырым ауданы) үшінші орынды (50 000 теңге) қанжығасына байласа, жырлаған жастар арасынан  Бегарыс Кәкім (Бөрлі ауданы) жүлделі екінші орынның  (70 000 теңге) биігінен көрінді.
image-16-05-24-09-37
Екі кезеңнен құралған дүбірлі додада көрермен қошеметімен көзге түскен Бекзат Баян (Орал қаласы) (100 000 теңге) бірінші орынға лайық деп саналып, қарсыластарынан әлдеқайда кішкентай болса да, өз ойын еркін жеткізе білген жерлесіміз Бақберген Ажығұл (Жаңақала ауданы), (150 000 теңге) бас жүлденің биігінен көрінді. Сонымен қатар, өзге де қатысушыларға алғысхат пен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
- Келгенде Жаңғаладай кең жеріме,
Бала демей шығардың төрлеріңе.
Бала жүрегіммен алғыс айтам,
Рахмет Жаңғалам, бас жүлде бергеніңе! – деп шара соңын бас жүлде иегері Бақберген Ажығұл қорытындылады.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале