11.02.2022, 9:20
Оқылды: 139

Бұралқы ит – бұқараға қауіп

Қалалықтарды бұралқы иттердің көптігі алаңдатуда. Тіпті кейбір тұрғындар қаңғыбас иттерді отшашумен (петарда) қорқытып, үйлеріне үрейленіп кіріп жүр. 

иттер2 копия

Шынында, адамның досына балайтын, жеті қазынаның бірі деп саналатын жануардың қадірі кетіп, адам баласына қауіпті бола бастады. Мәселен, былтыр жыл соңында  Өскемен қаласының Лесхоз кентінде болған қайғылы жағдай ұмыт бола қойған жоқ. Бүлдіршінді ит талап өлтірді... Мұндай қасіреттің біздің өңірде де болмасына кім кепіл?!.

Ата-аналар неге алаң?

Бүгінде оралдық ата-аналар  да қалада бұралқы иттердің көптігін айтып, шағымдануда. Қаңғыбас иттердің мәселесі жуырда онлайн байланыс арқылы өткен жиналыста  талқыланды. Оған  Орал қаласындағы мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың ата-аналар комитетінің төрағалары, облыстық ветеринария басқармасы, полиция департаментінің өкілде-рі  қатысты.  Шаһардың әр түкпірінде тұратын ата-аналар, ұстаздар қаңғыбас иттердің шынымен қауіпті бола бастағанын алға тартты.

– Біз №32 мектеп маңында тұрамыз. Балаларымды мектепке апарып, алып келемін. Өйткені айналадағы иттерден қорқамыз. Өзіммен бірге отшашу (петарда) алып жүремін. Подъезге кіру үшін соны жағып, иттерді қорқытамыз. Сосын ғана үйге кіреміз. Бұл тірлік, тіпті ақылға сыйымсыз ғой. Үйге жақын жерде қоқыс жәшіктері орналасқан. Сол жерде он шақты ит үнемі жүреді. Оларға көрші аулалардағы иттер келіп қосылады. Түнде де үріп, бір-бірімен  төбелесіп, тыныштық бермей-ді, – деді Камила Өтеғалиева. Онлайн өткен жиында 2-жұмысшы ауылы, «Балабақша» аялдамасы ауданының, Зашаған кентінің тұрғындары, №42 және 39 мектептің, №48-17 балабақшалардың өкілдері де үйірімен жүретін иттердің  көп екенін ашық айтты. Олар балаларын мектепке апаруға, сабақтан күтіп алуға  мүмкіндігі  жоқ жандарға да алаңдаушылық білдірді.

Жауаптылар не дейді?

Жиналысқа қатысушылар ветеринарлық стансаның қандай жұмыс атқарып жатқанына қызығушылық танытты. Орал қалалық ветеринарлық стансаның директоры Ғаділбек Әлібековтің сөзінше, ит аулаушылар бригадасы күн сайын жұмыс істейді. Олар адамға шауып, кенеттен қауіп төндірген иттің көзін бірден  жояды. Алайда  тұрғындардың  шақыртуы бойынша иттерді ұстауға барғанмен, зооқорғаушылардың  жануарларды  аулаларына кіргізіп алатын да кездері жиі болатынын айтты.

– Ит асырайтын тұрғындарды жауапкершілікті ұмытпауға шақырамын. Мысалы, Зашаған кентіне үш рет шақыртумен барғанда  58 иттің көзі жойылды. Жалпы ауланған иттің 80%-ы қолда өскен, күтім көрген  иттер. Тағы бір айтатын жайт, ата-аналар иттерін мектепке ілестіріп барады да сол жерде қалдырып кетеді. Бұл дұрыс емес. Ит аулайтын бригада итті мектептің айналасында, адамдар көп шоғырланған жерде аулай алмайды. Биозарарсыздандыруға келетін болсақ,  иттерді кастрация жасаған кезде олардың денесіндегі тестостерон деген гормондары азаяды. Сондықтан агрессиясы төмендейді. Ал ұрғашы иттерді стерилизация жасағанда олардың ағзасында тестостероны көбейеді. Сол себептен агрессия да көбеюі мүмкін,  – дейді ветеринарлық стансаның директоры. Жаздай саяжайда ит асырап, қыста оларды қараусыз жіберетін тұрғындар да қаңғыбас үй жануарларының көбеюіне үлкен «үлес» қосуда.

InShot_20220211_011659801

«Мәселені шешетін кез келді»

Жиналысты  жүргізген  «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы  Афиза Семғалиева бұралқы иттер мәселесі күн тәртібінде күйіп тұрған түйткіл екенін  атап өтті. Әсіресе биозарарсыздандырудан кейін де иттердің қаупі толығымен жойыла қоймайтынын назарға алды. Сондықтан ит аулауға бөлініп жатқан қаражатты  иттерге күтім жасайтын арнайы орындарға, әлде болмаса, иттерді тегін чиптеуге жұмсауға болмай ма деген ойын алға тартты. Мәселен, 2020-2022 жылдары аралығында облыста қаңғыбас ит-мысықтарды аулау мен жоюға 150 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. «Бұралқы иттердің кесірінен өзге өңірлерде болып жатқан оқиғаларды естіп-біліп отырмыз. Бізде де қайғылы жағдай болуын күтеміз бе? Әрине, ондайдың бетін аулақ қылсын. Дәл қазір қаңғыбас иттердің мәселесін оңтайлы шешетін кез келді», – деді Афиза Семғалиева. Жиналыс аяқталған соң көтерілген мәселе, айтылған ұсыныстар хаттамаға жазылып, құқық қорғау құрылымдарына жолданатынын айтты.

Қаңғыбас иттерге «арналған» қаражат

Қаңғыбас иттер мен мысықтарды биозарарсыздандырудың арнайы қағидасы бар. Бұл құжат облыстық мәслихаттың 2019 жылғы тамыздағы «БҚО елді мекендерінің аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бекіту туралы» шешімімен бекітілген. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының эпизоотияға қарсы ветеринариялық іс-шаралар бөлімінің басшысы Берік Иралиев айтты. Мәселен, 2020 жылы ит-мысық аулауға жергілікті бюджеттен 22 млн 606 мың теңге, былтыр 61 млн 896 мың теңге бөлінген. Биыл 65 млн 576 мың теңге қарастырылған. Облыста ветеринарлық стансаларға тиесілі 10 вольер, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да үй жануарларын уақытша ұстауға арналған бір питомник, жануарларды қорғау ұйымдарына тиесілі 6 питомник бар екен. Былтыр Шыңғырлау ауданында 15 ит-мысыққа арналған орынның (вольера) құрылысы аяқталған. Былтырдан бері 7 072 қаңғыбас ит-мысыққа, иесі бар 2291 үй жануарына чип салынып, есепке алынған.

Айта кету керек, иелері ит-мысықтарға чипті өздерінің қаражатына салдырады. Ал қаңғыбас  үй жануарларына биозарарсыздандыруға бөлінген қаражат жұмсалады. Ауланғаннан кейін оларға құтыруға қарсы екпе егіліп, дегельминтизация жасалып, чип салынады. Өңірдегі ит-мысықтарды бақылып, санын анықтау үшін иттер мен мысықтарды бірдейлендіру жөніндегі дерекқор жасақталған. «Ауланған иттер Жәңгір хан атындағы БҚАТУ жанындағы «Жәрдем Вет» оқу-ғылыми орталығында биозарарсыздандырылады. Үш-жеті күн сол жерде ұсталады. Кейін мекендеу ортасына жіберіледі. Ит-мысықтар жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер бойынша ауланады. Адам өміріне қауіп төндірген жағдайда иттер сол ұсталған жерінде жойылады», – дейді бөлім басшысы.

Жануардың құқығын заң қорғайды

Өткен жылдың соңында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданды. Аталмыш заң жануарларды қатыгездіктен қорғауды күшейтуді, бұқаралық ақпарат құралдарында жануарларға қатыгездікті насихаттауға тыйым салуды көздейді. Заңдағы жаңалықтың бірі – ит иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын болса, үй жануарларын есепке алу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Үй жануарларын есепке алу қағидасы басшылыққа алынады. Жаңа заң бойынша ит-мысықтарды есепке алу 2023 жылдың 1 қыркүйегінде күшіне енеді.

Бір айта кетерлігі, онлайн өткен жиналысқа зооқорғаушылар қатысқан жоқ. Олардың бұл мәселеге қатысты сын-пікірі тағы бір тақырыпқа арқау болары сөзсіз.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале