19.01.2017, 17:12
Оқылды: 42

Былтыр БҚО-да 1486 адам сотталған

   Қылмыстық істер бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес өткен жылы сотқа келіп түскен істер саны 2015 жылмен салыстырғанда 441 немесе 18,5 пайызга кеміген. 2015 жылы қылмыстық істер саны 2387 болса, 2016 жылы 1946 іс қаралған. Бұл туралы ҚР Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында облыстық сот төрағасы Бек Әметов баяндады.

    Облыс соттарының қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша негізгі жұмыс көрсеткіштері туралы ақпаратқа сүйенсек, 1936 іс есепті мерзімде аяқталған. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 456 іске немесе 19 пайызға төмендеген. Сонымен қатар өндірістегі болған істер саны да алдыңғы жылмен салыстырғанда 19, қалдықта қалған істер – 17, қысқартылған істер саны 42 пайызға азайған. Ал қысқартылған істер бойынша тұлғалар саны 39,2, үкім шығарылған істер саны 5,2, сотталған тұлғалар саны 6 пайызға азайған.

Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, 2016 жылы ақталған тұлғалар саны 29 пайызға көбейген. 2016 жылы облыс соттарында 15 тұлғаға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылып, 116 қылмыстық іс прокурорға қайтарылған. Жыл ішінде 1486 адам сотталған. Кәмелетке толмаған 14 тұлға істі болып, олардың біреуі бас бостандығынан айырылған. Жыл соңында 93 қылмыстық іс толық аяқталмағандықтан биылғы жылдың еншісіне қалдырылған. Медиация қолдану арқылы 262 қылмыстық іс аяқталған.

Азаматтық істер бойынша 2016 жылы түскен арыздар саны 28 047 болса, есепті мерзімде аяқталған істер саны 27 093-ті құрады. 2015 жылмен салыстырғанда сырттай шешім шығару 47, қараусыз қалдырылған талап арыздар 41, қабылдаудан бас тартылған арыздар 40,1, қайтарылған талап арыздар 40 пайызға азайған.

Орал қаласының №2 сотында 17 635 іс, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2 807 іс қаралған. Бұл екі соттың жүктемесі облыс бойынша қаралған барлық азаматтық істердің 75 пайызын құрайды. Өткен жылдың 12 айында аяқталған 27093 істен татуластыру рәсімдерін қолданумен 1 356 іс аяқталған. Оның ішінен 1 129 іс медиация тәртібімен, 5 іс партисипативтік тәртіппен, ал 222 іс бойынша келісім жасалған.

Өткен жылы 14980 әкімшілік іс тіркелген. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 8,2 пайызға азайғанын көрсетеді. Әкімшілік істер бойынша 7 977 іс Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында, 1 218 іс Бөрлі аудандық сотында, 753 іс Зеленов ауданының №2 сотында, 441 Жаңақала аудандық сотында қаралған.

Нұрбек Оразаев,

 www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале