10.12.2019, 15:32
Оқылды: 448

Цифрлық технология – дамудың даңғылы

ҚР Ұлттық инженерлік академиясының Батыс Қазақстан филиалы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің негізінде құрылды. ҚР ҰИА академигі, техникалық ғылымдарының кандидаты, профессор Ақсерік Әйтімов басшылығымен, филиал ғалымдардың ғылыми-техникалық және инженерлік өнертабыстарын өндіріске енгізу бойынша міндеттерді шешуге, сондай-ақ қолданбалы зерттеулер мен инновациялық үдерістердің байланысын қамтамасыз ету бағытында жұмыстануда.

ЗКИИТУ Баяхов2

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылдан бастап, Батыс Қазақстан облысында 11 басым бағыттағы (денсаулық сақтау, білім, транспорт, қауіпсіздік, ТҮКШ, ауыл шаруашылығы, қалалық басқару, бизнес, экология, әлеуметтік сала және құрылыс) 140-тан астам жоба қолға алына бастады. Іс-шараларды жүзеге асыруға облыс аудандары да белсенді қатысуда.

Цифрлық инфрақұрылымды дамытуға негізделген «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бағыттарының бірі – цифрлық  Жібек жолын жүзеге асыру. Оның аясында Үкімет 2020 жылға дейін мем-лекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша 92 елді мекенді кең жолақты интернетпен (оптикалық-талшықты желі бойынша) қамту жобасын қолға алды. Аталмыш бағыт ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты жою мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар инфрақұрылымын құруға, сонымен бірге 60-тан астам  елді мекенде байланыстың оптикалық-талшықты желісі тартуға бағыт алды.

Батыс Қазақстан облысы республикамыздың өнеркәсіптік әлеуетінің негізгі құрамдас бөлігі саналады. Мұның бір себебі, біздің өңірде индустриалды-инновациялық даму үшін маңызды өңірлік технопарк қалыптасып, мұнай-газ саласындағы машина жасау бойынша салалық кластер құру жобалары тиімді жүзеге асырылуда. Осыған орай эконо-миканың мұнай-газ және машина жасау секторын одан әрі технологиялық тұрғыдан дамытудың, инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру мен инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың мәселелері облыс үшін мән-маңызы өте зор.

Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің негізінде Энергия үнемдеуіш және ноосфералық технологиялар ғылыми-зерттеу инжинирингтік консорциумы құрылды. Пенза мемлекеттік университеті ғалымдарымен бірлесіп құрылған аталмыш консорциум филиал ғалымдарының Ресейдегі айтулы инновациялық көрмелер мен шараларға қатысуына мүмкіндік береді.

ҚР ҰИА Батыс Қазақстан филиалының мүшелері Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің профессорлары мен доценттері қатарында, олар Батыс Қазақстандағы басым бағыттар бойынша ғылыми зерттеулермен белсенді түрде айналысады. Зерттеу нәтижелері оқу үдерісіне және өндіріске енгізіледі. ҚР ҰИА Батыс Қазақстан филиалының ғалымдары отандық және шетелдік магистранттар мен докторанттардың өзекті техникалық, экономикалық бағыттар бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарына жетекшілік етіп келеді.

Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті интеграциялық өзара әрекеттестікке қол жеткізді. Университет қырыққа жуық шартқа қол қойды және Ресей Федерациясы мен шетелдегі университеттермен белсенді интеграциялық жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Болашақ» бағдарламасына ұқсас академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша «Дубна» ха-лықаралық университетінде еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша мемлекеттік грант арқылы білім алушы студенттер мен магистранттар саны 57-ге жетті.

Студенттер құрастырған гелиоэлектромобильдер жаңа құрастырылымының түрлі нұсқалары, сондай-ақ күн энергиясы арқылы жұмыс жасайтын басқа да көлік түрлері университеттің мақтанышына, ең алдымен, оларды техникалық құрал ретінде пайдаланатын студенттер мен магистранттарға мықты техникалық әлеуетке айналды. Қазіргі кезде технопаркте жеңіл су көлігіндегі негізгі қуат көзі ретінде күн қуатын пайдалану жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, бұл тәсіл су ығыстырымдылығы 700 келіге дейін жететін орташа класты катерлерде қолданылады.

Жер қатынастары және құрылыс саласына тоқтала кетсек, жер қатынастары саласын, соның ішінде кен орнын пайдалану және ауыл шаруашылығын реттейтін Батыс Қазақстан облысының гео-ақпараттық порталы жасақталу сатысында. «3D-Cave» виртуалды жобалық жүйесінің көмегімен ЖОО студенттері ВІМ үш өлшемдік жобалауын үйренуде.

Бүгінгі таңда ҚР Президентінің 2018 жылдың 10 қаңтарында жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы аясында білім жүйесіне ІТ, STEM бағыты арқылы роботтық техниканы дамыту және енгізу мәселесіне  баса мән берілуде. STEM-платформаның негізгі мақсаты – оқытушылар мен шәкірттерді жеңіл және қолжетімді түрде оқыту. Мұндағы әрбір сабақта бейне, ақпаркесте-лік, презентациялық материалдар қолданылады, олар өз кезегінде мектеп оқушылары мен студенттер арасында цифрландыру саласындағы инновациялық бағыттарға қызығушылықты оятуға қабілетті. STEM-платформа онлайн және оффлайн режімдерінде инженерлік математика, бағдарламалау, роботтық техника, 3D үлгілеу негіздерін оқыту әдістемесін ұсынады. Аталмыш платформаның өзектілігі ретінде заманауи бағыттарды біріктіруді, бағдарламалаудан басталып, 3D үлгілеуден аяқталатын сатылық оқытуды атауға болады. Ол жаратылыстану-ғылыми пәндер саласында іргелі біліктілікті иемденуге жол ашады. Қазіргі кезде платформа бойынша Батыс Қазақстан облысының 15 оқу орнында білім берілуде, алдағы уақытта тағы 50 оқу орнын осы үдеріске қосу күн тәртібінде тұрған көкейкесті шаруаның бірі.

Биылғы 8 маусымда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жеке инвестиция есебінен цифрлық экожүйені дамыту бағыты аясында цифрлық бастамалар, стартаптар шоғырланатын ортаға айналуды және цифрлық мәдениетті қалыптастыруды көздеген облысымызда «ІТ-НUВ» алаңқайы іске қосылды. Шағын индустриалдық аумақ түріндегі «ІТ-НUВ» резиденттерге өз алаңында тіркелуге, коворкинг аумақты, кеңес алу қызметтерін және мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға мүмкіндік береді. Жобаны БҚО ІТ қауымдастығы, «Орал» ӘКК және

БҚО цифрландыру басқармасы бірлесе жүзеге асыруда.

2019 жылдың 22-23 сәуір күндері университет ENACTUS KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO 2019 студенттік кәсіпкерлік, стартаптар мен инновациялардың Ұлттық кубогіне қатысты. Білім мен білік сынға түскен осы байқауда Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 50 жоғары оқу орнынан мыңнан астам студент бақ сынады. Ең үздік 10 стартап-жоба қатысқан enactus командаларының стартап-жобалар көрмесінде студенттеріміз экоөнімдерді, қосымшалар мен инновациялық жобаларды таныстырып, «Жастар жылындағы кәсіпкерлік мүмкіндіктер: бизнес көшбасшыларының бейнесі» тақырыбындағы панельдік пікірталасқа қатысты. Сонымен қатар ҚР ҰИА Батыс Қазақстан филиалының жастар қанаты құрылды. Оның мақсаты – білім деңгейі жоғары, шығармашылық қабілеті және жетекшілік біліктілігі жоғары қабілетті жастарға жан-жақты қолдау көрсету. Қазіргі таңда жас зерттеуші студенттер, магистранттар, аспиранттар мен докторанттар туралы мәліметтер қоры жасақталуда.

Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде ҚР ҰИА БҚФ мүшелерімен бірлесе ұйымдастырылған «STARTUP KAZIITU 2019» инновациялық жобалар байқауы өтіп, оның жалпы сыйлық қоры  1 000 000 теңгені құрады. Байқаудың мақсаты – студенттерді жобалық қызметке және инновациялық даму саласындағы шығармашылық қабілеті мен білімін жүзеге асыруға арналған қосымша құзыреттерді меңгеруге ынталандыру. Аталмыш іс-шараға жұмыстарын жаңа бастап жүрген стартапшылар, жас ғалымдар, өнертапқыштар, ҚазИИТУ ҒБК студенттері мен Орал қаласындағы мектептердің оқушылары қатысып, 13 аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анық-талды.

19-22 қараша аралығында білім ордасында Хьюстон университетінің профессорлары Т.Даутпота, С.Петров (АҚШ) студентттер мен қаладағы мектеп оқушылары арасында Халықаралық Сартап жобасын өткізді. Жұмыс барысында жастар әлемдегі озық технологиялар мен жобалармен таныса отырып, өз жетістіктерімен бөлісті. Үздік жоба иелері марапатталып қана қоймай, олар Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік ғылым академиясының жастар қанатының мүшелігіне қабылданды.

Біз жаңа инновациялық технологиялар мен ақпараттандыру ғасырында өмір сүрудеміз. Өскелең елдің айбынды болашағы үшін, ең әуелі, сапалы білім, ұлттық нышандағы тәрбие қажет. Мақсат айқын, жаңа бастамалармен, ғылыми ізденістер және жаңашыл-дықтарға ұмтылған үміттеріміз болашақта ақталады деп сенеміз. Себебі бізде барлық мүмкіндіктер бар, тек адал, таза қоғам игіліне қызмет етуіміз қажет.

Әліби Баяхов,

Қазақстан  инновациялық  және  телекоммуникациялық 

жүйелер  университетінің ректоры

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале