5.01.2022, 9:11
Оқылды: 78

Дәрігер дәріптелген күн

Жаңа жылдың шамын жағып, ескі жылдың шаңын қағып, көңіл деген көк дөненнің тұяғына жел бітетін сәт қой бұл! Осындайда қалам ұстаған қауымның «шабысы» тіптен үдеп, жылашар үнпараққа нендей үн қосамын деп шақшадай басы шарадай болатынын қайтерсің?! Сондағы көкейді тескен сұрақ: кім туралы һәм не жайында жазу керек? Оның өзін қалай, неден бастаған дұрыс?! Атам қазақтың «Жазған құлда шаршау жоқ» деген тәмсілі тап біздің әріптестерге қаратып айтылғандай көрінеді кейде. Апталық 72 бет жүктемеден жүйкелері жүдеп, сәл-пәл қаламдарын суытқан кезде, газеттің мерекелік санының төбесі қылтиуын қарашы?! «Таразыңа сал. Тақырып тап. Тездетіп жаз». Тапсырма нақты, талап қатты.

даригер светлана есиркеп

Ал енді қандайда бір мақаланың тартымды шығуы журналистің жазу үлгісі (стилі) мен кейіпкерін таба, тани білуіне тікелей байланысты. Қиялымыз қияндарды шарлап әлек. Біздің де «қармағымыз» бір нәрсені қапты-ау, әйтеуір!

Көз алдыма Тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы алқалы жиын, мәртебелі марапат қайыра оралды. Шалғайдағы шағын ауылда денсаулық күзетінде жүрген дәрігердің кеудесіне Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин өз қолымен «Құрмет» орденін тақты. Марапат иесінің сол мезеттегі көңіл толқынысын көрсеңіз ғой... Адал еңбектің ләззатын сезінудің өзі бір бақыт емес пе?! Иә, солай! Ол кісінің толық аты-жөні де есімізде қалмапты, тек қаратөбелік екенін ғана нақты білеміз.Ойымызға «Миллион кімге бұйырады?» атты бағдарламадағы қатысушыға берілетін үш мүмкіндіктің орала кетпесі бар ма?! Досымызға дереу телефон шалдық. Бұрынғы әріптес, бүгінде Қаратөбе аудандық мәслихатының хатшысы Нұрлан Меңдешев біз іздеген адамды жақсы білетіндігін айтып, кешікпей  тілдестіруге уәде етті. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған заман емес пе қазір. Әп-сәтте кейіпкеріміздің өзі байланысқа шығып, екеуара әңгімеміз жарасып жүре берді.

Светлана Есіркеп 1964 жылдың 8 желтоқсанында сол кездегі Тайпақ ауданының Калмыков ауылында өмір есігін ашқан. Жанұяда 6 ұл мен 4 қыз тәрбиеленсе, соның 5-еуі медицина саласын таңдаған көрінеді. Ғажап! Тек ең үлкен ағасы Болат Нұрғалиев мал дәрігері болуды қалапты. Өзге бауырлары да өмірден өз  орындарын  тапқан.

Біздің кейіпкеріміз Светлана Қалитқызы 1982 жылы туған жеріндегі Калмыков орта мектебін үздік аяқтап, М.Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық университетінде балалар дәрігері мамандығы бойынша жоғары білім алған. Одан кейін Жаратқан иесі тарту еткен бар жақсылық пен сый-сияпат һәм марапат сонау киелі де қасиетті Қаратөбе топырағынан бұйырған.   Алғаш еңбек жолын бастаған Қоскөл ауылында табан аудармастан он жыл қызмет атқарып, ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленіпті. Білім-білігі де осы жерде толысып, әріптестерінің алдында абырой-беделі артып, өз ісіне адал берілген кәсіби маман болып қалыптасқан. «Сәбидің уілдеген үні мен күміс күлкісін естуден асқан қандай бақыт бар?» деп ойлайсыз дейді ол әңгіме арасында. Рас-ау! Бала – бауыр етің ғой. Айтпақшы, орденді дәрігердің Қоскөлден Егіндікөл дәрігерлік амбулаториясына қызмет ауыстырғанына да ширек ғасырға жуықтап қалған. Ол мұнда қазір заман ағымына қарай қайта даярлықтан өткен жалпы тәжі­рибелі дәрігер. Бұл жерде де өзін тек жақсы қырынан танытып, алғыс арқалап жүргенін естіп білдік. Аудан, облыс деңгейінде алған түрлі мақтау-марапаттарына қоса, 2019 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасын да иеленіпті.

света

– Мен сіздің жетегіңізге еріп, сұрағаныңызды айтып отыра беріппін-ау!.. Өзіңіз қай басылымнан, облыстық «Орал өңірі» газетіненсіз бе? Жас шамаңыз дегендей...

– Иә, солай! Ал жасымыз... екі отыз ғой.

– Оу, деңіз! Менің «жігітіммен» құрдас екенсіз.

– Өте жақсы. Олай болса, ақ халат киген абзал жан қандай құшақты жылытып, қанша ұл-қыз тапқанын білсек?

– Ардақты азаматым Марат Төлеуұлы осы топырақтың төл перзенті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің түлегі. Қазіргі күні жеке шаруашылық иесі. Екі ұл, бір қызымыз бар. Тұңғышымыз Ержан мен қызым Анар жоғары білімді мамандар болса, кенжеміз Ерлан – Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінің екінші  курс  студенті.

– Бақыттысыз ба?

– Әрине! Жанымды түсінетін жарым, бауырымнан өрген ұрпағым бар. Жүрек қалауымен игерген мамандығым бар. Қаумалаған ағайын-туыс, дос-жаран бар. Құдай көпсінбесін, бар нәрсе көп. Әрі ат үстіндегі азаматтар шалғайда жүрсек те, елеусіз қалдырмай, дәрігерін дәріптеп жатыр. Алла Тағалаға мың тағзым!

– Әже әлдиін айттыңыз ба?

– Ойыңызды дұрыс түсінсем, немере-жиен бар ма, жыр-бесікке бөледіңіз бе? дегенді меңзеп  тұрсыз ғой.   Шүкір, екі немере, екі жиен бар. Ұрпақ жалғасып жатыр. Енді олардың бал қылықтары мен еркеліктерін айтып кетсем, мені әзір тоқтата алмай қалуыңыз мүмкін. Тек солар бақытты болсыншы, бұл менің әже һәм балалар дәрігері ретінде Жаратқаннан сұрайтыным.

– Жаңа күнтізбенің алғашқы парақтары ашылып жатыр. Ақжарма тілегіңіз?

– Өз биігімнен қарасам, өткен жылға еш өкпе жоқ. Сол бір адамның қуаныш-бақыты келешекте мың адамға жұғысты болғай еді деп тілеймін.  Енді сіздер арқылы Ақ Жайық өңірінің жақсы жайсаңдарымен қауышып, есімім көпке танылмақ.Мені іздеп тауып, осындай мүмкіндік туғызған «Орал өңірі» газетінің шығармашылық ұжымына шынайы алғысымды айтамын. Әр оқырманыңызды мен сияқты шексіз қуанышқа кенелте беріңіздер, Барыс жылы барша жұртымызға  баянды болсын!

Бауыржан  Бисенов,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале