3.03.2022, 9:00
Оқылды: 48

«Денсаулық сақтау саласына түбегейлі өзгеріс қажет» халық қалаулыларымен кездескен ардагерлер осылай деді 

Облыс ардагерлері ҚР Мәжілісі депутаттары А. Жамалов және С. Имашевамен кездесті.

IMG-20220302-WA0105

Облыс жұртшылығымен жүздесіп жүрген халық депутаттарының жұмыс графигі өте тығыз екен. Өйткені  кездесулердің айы-күні, нақты орны, дәл уақыты алдын ала әр минутына дейін белгіленіп қойыпты. Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Мақсот Берген өзі аяқтай жүріп, депутаттарды бұл кездесуге әйтеуір көндірген. Басында депутаттардың төртеуі де бұл кездесуде болады деп күтілді. Бірақ күні бұрын белгіленіп қойған кездесулерге бару үшін олар екіге бөлініп, жоғарыда айтқан екі қалаулы қариялардың ортасына келді.  Осы кездесуді бір жай қыламын деп апта бойы қызыл танау болған облыс қарияларының «командирі» - Мақсот Қабышұлы «Барымен базар» деп, меймандарды қарияларға таныстырып, кездесуді ашып, өзі жүргізіп отырды.

Бірден айтуымыз керек, қариялардың айтары да, наздары да жиналып қалыпты. Бұрындары «заман түзелді, бәрі бар, шүкір, тәуелсіздігіміз жасасын, тыныштық болсын» деген сарында әңгіме тиегін ағытатын ақсақалдар бұл жүздесуде көкейлерінде жүрген шынын айтқанда, өкпе-реніштерін ақтарып салды. Халықтың жанына батқан талай ащы шындықтар айтылды.Оларды ықшамдап, түйіндеп тарқатқанда мынандай болды.

Алғашқы сөзді есімі Ақ Жайық өңіріне етене таныс, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген дәрігері, «Құрмет» орденінің иегері, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Бақтығали Ахметов алды:

- Менің жасым 83-те, соның 53 жылын медицинаға арнадым. Сонау бір жылдарда облыстың денсаулық саласын басқардым. Былайша айтқанда, бұл саланың өз адамымын, мәселесін бір адамдай білемін десем, артық сөйлемегенім. Бұл сала бұрын «здравоохранение» болса, бүгінде «медуслуга» болып кеткен. Тек ақша билеп тұр. Ақшаңды сыпырып алуды ғана біледі, ал оның сізге белгілеген ем-домы дұрыс па, бұрыс па, қонды ма, әлде ауруыңыздың үстіне ауру жамап алдыңыз ба, оған ешкімнің басы ауырмайды. Адамдар бұрын жылына төрт ретке дейін медициналық тексеруден өтетін. Тегін. Механизаторларымызды, малшы-шопандарымызды науқандық жұмыстардан қолдары бос кезде медтексеруден өткізіп, қажет болса, емдеп алатын едік қой. Қазір оның бірі жоқ. Ақсақалдар әр алты ай сайын тексерілетін. Ол да келмеске кетті. Әрі кетсе, күндізгі стационарлық емделу ғана бар. Оның өзі қыруар ақша. Жемқорлық әбден жайлаған. Мысалы, сіз сырқаттанып дәрігерге бардыңыз делік. Сізге қарайған дәрі жазып, оны мына дәріханадан аласыз дейді. Сол емханада орналасқан дәріханадан, яғни сыбайлас адамдарының дәріханасы. Бірде маған дәрігер 17 мың теңгеге дәрі жазып, «Мұны міндетті түрде мына дәріханадан аласыз» деді. Әлгі дәрілердің бір-екеуінен басқасының маған мүлдем қажеті жоқ. Мен өзімнің дәрігер екенімді айтпағанмын. Мені білмейді деп істеп отырғандары. Ал тап осындай жәйттер толып жатыр. Білмейтін адам қыруар ақшасын шығарып, арасында өзіне мүлдем қажеті жоқ дәрілерді сатып алады. Бұл енді ақшаға құныққандық емей немене? Медициналық жеке мекемелер көбейді. Әлі көбейетін шығар. Олардың жұмысы бетімен кеткен,  тексеру, бақылау мүлдем жоқ. Менің жақсы танысымның жұбайы теміржол ауруханасына жатып, қалтасынан қаражат төлеп емделді. Одан шыққаннан кейін тағы ауырды. Сөйтсе, басқа сырқат, ол  асқынып, төртінші дәрежелі обырға айналған... Ал анау ауруханада 12 күн жатқанда талай талдама-анализдер алғанда оған мән бермеген. Қайтыс болды. Емдеу орнына хабарласып, «Бұларыңыз қалай?» десем, «Біздер оның айтқан ауруын емдедік, қалғаны бізге соқпайды» дейді. Мұның бәрі тәртіп жоқ, талап жоқ, тексеру, бақылау жоқтықтан, адамдардың денсаулығын емес, тек ақшаны ғана ойлап,  бетімен  кеткендіктен болып жатқан жағдай. Жеке дәрігерлік мекемелердің жұмысына талапты да, жауапкершілікті де мүлдем қатайту қажет. Адамның денсаулығы мен өмірін ақшаға айналдыруға болмайды. Дәрігерлікке ақылы оқыту дегенді де мүлдем жою керек. Ақша жүрген жерде сапалы білім алу, мықты маман даярлау дегенге мен өз басым сенбеймін. Депутат мырзалар, бұрынғы қабылданған жарымжан заңды қайта қарап, саладағы мәселелерді реттейтін арнайы заң шығарып, қатаң тәртіпке келтіретін уақыт баяғыда жетті.

Келесі кезекте сөз алған ардагер Ольга Алексеевна Исаева көтерген мәселе де көпшілік көңілінен шықты. Ол кезінде әр түрлі мекемелерде,  ұйымдар мен ұжымдарда жұмыс істеген, бүгінде зейнет демалысындағы ардагерлер хақында сөз қозғады. Оларды ешкім іздемейді, жағдайларын сұрап жатқан адам жоқ. Өйткені көпшілік ұжымдарда ардагерлердің бастауыш  ұйымы деген атымен жоқ, құрылмаған. Сондықтан ондай мекемелер бір кезде өздерінде маңдай терлерін төгіп, еңбек еткен қариялармен шаруасы жоқ. Олардың өмірде бар-жоғын білмейді. Ал олардың көпшілігі бүгінде жалғыз қалған, арасында ауыр науқастары, төсекке таңылғандары бар. «Ондай жандар еңбек еткен мекемелерде егер ардагерлер ұйымы болса, мүмкін олар тап осындай қиындықта қалмас еді ғой», деді Ольга Исаева. Бұдан құтылудың жолы – ардагерлер ұйымы әр мекеме, ұйымда құрылуы тиіс. Олардың мүддесін қорғайтын жаңа заң керек. Қариялар мұны депутаттарға мұқияттап тұрып тапсырды.

Жәнібектің жағдайынан мол хабардар ақсақалдардың бірі – Айдын Сағитов облысымыздың қиырында жатқан ауданның айтыла-айтыла әбден жауыр болған жол мәселесін, теміржолмен қатынасын қаузады. Отыз жыл өтсе де, бұл мәселенің әлі күнге мұрты бұзылмай тұрғанына налыды. Денсаулық сақтау, сауда, тұрмыстық қамту саласына халықтық бақылауды енгізуді, ол үшін арнайы заң қабылдауға депутаттардың мұрындық болуын сұрады. Іле-шала мінбеге көтерілген БҚО аумақтық инспекция басшысы Лавр Хайретдинов бұл мәселені жіктеп тұрып, депутаттардың назарына құйды. Үш жылда Жәнібек пен Ордаға дейін 60 шақырым жылжып, халықты әбден діңкелеткен жол құрылысына  депутаттардың назарын тағы да аударды. Шекаралық, кедендік мәселелерге орай әлі күнге шешімін таппай келе жатқан теміржол қатынасын көтерді.  Бұл өзі бұған дейін екі мемлекет басшысының кездесуінде де сөз болған жоқ па? Жәнібек пен Сайқынның жанынан ысқырып  өтіп жататын пойыздарды аталмыш екі стансаға бес минутқа ғана тоқтату үшін енді сонда не істеу керек? Құлсары, Атырау, Ақтөбе, Орал бағытына пойыз қатынайды. Осыны Астрахан арқылы  Атырауға қосса, бұл екі жақта тұратын ағайындарға да өте ыңғайлы болар еді ғой. Депутаттар осынау күйіп тұрған мәселелерді жиі көтеріп, тезірек шешілуі үшін оның қыр соңынан қалмауы керек емес пе? Орда жерінде Қопа деген көл бар. Соған соңғы жылдары су түспейді. Соның кесірінен жер асты сулары қашып барады. Қопаға су түссе, жер асты суларының деңгейі көтерілер еді, орман-тоғай жайқалып, бұл өңірге жыл өткен сайын төне түскен экологиялық апат-

тың алдын алар еді. Бір кезде   Нарын өңірінде әскери полигонға жалға берілген 1 млн 500 мың  гектар жер бар. Соның жартысын болса да, Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарының шаруа қожалықтарына пайдаланудың заңды жолдарын қарастыру қашан шешіледі? Депутаттар мұны неге жиі көтермейді?

IMG-20220302-WA0104

Кездесуде сөз сөйлегендердің дені денсаулық сақтау саласына қайта айналып соға берді. Мысалы, Жұмағали Нұғыманов дәріханалардағы дәрі бағасына тоқталды. Препараттарын ай сайын қымбаттатқан олардың саудасына тыйым салатын, тәртіпке келтіретін заң қайда? Қазіргі таңда облыста 250-ден астам дәріхана бар. Олардың жұмысы неге қатаң тексерілмейді дейді қариялар. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша көптеген дәрілер тек қана рецепт арқылы жіберілуі керек. Мысалы, наркотикалық дәрілер, улы дәрілер, антибиотиктер, сульфаниламидті, гормоналды дәрілер. Дәріханалардан наркотикалық дәрілердің сатылуын қалай түсіндіруге болады?

Тексеру, бақылау неге жоқ? Бұл саланы түбегейлі өзгерту қажет.  Осы жақында ғана қаладағы бір дәріхана наркотикалық дәріні  еркін сатып, дау болды ғой. Медицина мен фармацевтиканың сапасын тексеретін департамент деген бар. Олар не бітіріп отыр?  Шағым айта барғандарға «дәріхананы тексеру үшін бізге жазбаша шағым түсу керек» дейді. Сонда олар адам  өліп, болары болғанша тексермейді деген сөз бе?

Екінші мәселе – дәріханалардан Қазақстанда тіркелген дәрілер ғана сатылуы керек. Бүгінгі таңда Ресейден  сөмкелеп тасып әкелген дәрілер жаппай заңсыз сатылып жатыр. Оған неге тыйым салынбайды? Сондай-ақ осы кездесуде мемлекеттік тілдің қолдану аясы, Қазақстанда салынбақшы атом стансасының мәселесі де көтерілді. Қорыта айтқанда, қариялар депутаттардың назарын қара халықтың арқасына аяздай батқан талай мәселелерге аударды. Ал халық қалаулылары оларды шешуге қалай мұрындық болады, оны енді уақытында көрерміз...

Есенжол Қыстаубаев, 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале