14.06.2022, 9:45
Оқылды: 66

Донор – өмір сыйлаушы

Он төртінші маусым – Дүниежүзілік қан доноры күні. 2005 жылғы мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы осы күнді атап өту жөнінде шешім қабылдаған. Бұл күн кездейсоқ таңдалмаған екен. Себебі 1868 жылдың дәл осы күнінде Карл Ландштейнер дүниеге келген. Ол – 1930 жылы адамның қан топтарын ашқаны үшін Нобель сыйлығын алған, иммуногематологияның негізін қалаған аустралиялық дәрігер. Осы айтулы күн қарсаңында облыстық қан орталығы  директорының орынбасары Лида Кенжеалиеваны сөзге тартқан едік.  

IMG-20220614-WA0007

- Донор латынша «donare» -  «сыйлау» деген ұғымды білдіреді. Донор – қанға мұқтаж науқасқа өзінің қанын немесе оның компоненттерін ерікті түрде беретін адам. Адам қаншалықты ауыр дертке шалдықса да, өмір мен өлім арасында жатқан сәтте де жақсылықтан күдер үзбейді. Сондай үміттің үзілмеуіне донорлар себепші бола алады. Олар адамға екінші өмір сыйлайды. Қазіргі уақытта донорлықтың түрлері көп: қан доноры, плазма мен қан клеткалары, қан жасаушы клеткалар донорлығы бар. Бүгінге дейін әлемде донор қанын алмастыра алатын дәрі табылған жоқ. Донор қаны ешқандай дәріханада сатылмайды. Сондықтан  қан орталығының мамандары донорлардың санын арттырып, емдеу мекемелеріне қажеттілігіне қарай үздіксіз қан компоненттерін жіберіп отырады. Біздің облыста донор ретінде қан тапсыру 100% тегін әрі ерікті жүргізіледі. Сондықтан донорлардың қатарында ақылы қан тапсырып, ауруын жасыратындар, ақшалай пайда тапқысы келетіндер жоқ, – дейді Лида Кенжебайқызы.

IMG-20160219-WA0006

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 203-бабына сәйкес 18 жастан асқан, дені сау, медициналық тексерістен өткен адам ерікті түрде донор бола алады. Бірақ Лида Кенжебайқызының сөзінше, кез келген адам донор бола алмайды. Өйткені қан тапсырар алдында адам дәрігерлік және зертханалық тексеруден тегін өтеді. Донор қан орталығының электронды базасында тіркелген инфекциялық аурулармен ауырған немесе сондай науқастармен қатынаста болған, донор болуға шектеулік қойылған адамдардың тізімінде болмауы шарт. Донордың бойы 150 см-ден, салмағы 50 келіден жоғары болуы тиіс. Донордан 450 мл қан алынады. Бұл мөлшердің адамның денсаулығына кері әсер етпейтіні ғылыми негізде дәлелденген. Жалпы, бір жылда әйел адамдарға төрт, ал ер адамдарға бес рет қан тапсыруға болады. Бір рет тапсырылған қан үш адамның өмірін сақтап қалады.

Донорларға донациялау, яғни қан тапсыратын күндері және одан бір күн бұрын майлы, қуырылған, ащы, сүрленген тағамдар, сүт өнімдерін жеуге болмайды. Сондай-ақ қан тапсырардан екі тәулік бұрын ішімдік ішуге, үш тәулік бұрын аспирин, анальгин, құрамында анальгетиктер бар басқа да препараттарды қабылдауға тыйым салынған. Сосын қан тапсырардан кемінде бір сағат бұрын темекі шекпеген жөн. Жоғарыда аталған кодекске сәйкес медициналық тексерістен өтетін және қан мен оның компоненттерін тапсыратын күндері донор болған қызметкер жұмыстан босатылады. Бірақ орташа еңбекақысы сақталады. Жалпы аталмыш кодекстің 208-бабында донорға берілетін кепілдіктер, жұмыс берушілер мен ұйымдардың донорлықты дамыту бойынша құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Донорлар қан тапсырғаннан кейін ағзадағы энергия шығындары мен қанының көлемін толықтыру үшін тегін тамақ немесе оның ҚР Үкіметі белгілеген 0,25 АЕК мөлшеріндегі ақшалай баламасын алады.

SAM_6906

– Жыл сайын әлемде бірнеше миллионнан астам адам қан құюға мұқтаж. Донор қаны күйiкке шалдыққандарға және ауыр жарақаттанғандарды емдегенде, күрделi операциялар жасағанда, ауыр жағдайда босанған әйелдерге құйылады. Сонымен бiрге химиотерапияда онкологиялық ауруларға да қан компонентерін құюды қажет етеді. Ал гемофилиямен ауыратындар мен қаназдыққа шалдыққандардың өмiрін сақтап тұру үшiн қанды жиі құю керек, – дейді Лида Кенжебайқызы.

Облыстық қан орталығы, аудандық және қалалық емдеу мекемелерінің трансфузиология кабинеттері қан компоненттері мен оның препараттарын уақтылы жеткізу, сақтаумен айналысады. Қан орталығы донор қаны мен оның компоненттерін дайындаса, емдеу мекемелері дайындалған донор  қанының компонентерін науқастарға қажеттілігіне қарай құяды.

– 1937 жылдың қыркүйек айында облыстық аурухана жанынан алғаш рет қан құю стансасы ашылды. Науқастарға барлығы 350 мл мөлшерінде қан құйылды. Аталмыш стансаның меңгерушісі болып Николай Киселев тағайындалды. Оның қарамағына штат бойынша бір-бірден медбике, кассир-есепші және  кіші медицина қызметкері бөлінеді. Содан бері 84 жылдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде облыстық қан орталығы бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Қызмет көрсету сапасы артып, донорлардың қатары көбейді. Қазір мұнда өз ісінің майталман мамандары қызмет етеді. Донор қанынан дайындалатын  қан өнімдерінің түрлері мен олардың сапасы артты. Дайындалған  қан өнімдері қан арқылы берілетін инфекцияларға (АҚТҚ, гепатитт В мен С, мерез) зерттеледі. Сол арқылы донор қанының инфекциялық қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Дайындалған қан мен оның компоненттері толық зертханалық тексеруден өтпей науқастарға құйылмайды, – дейді Лида Кенжебайқызы.

Қан орталығындағы қан донорларының бірыңғай ақпараттық базасында 80 мың донор тіркелген. Жылына 9 мыңға жуық адам қан тапсырады екен.  Лида Кенжеалиеваның айтуынша, IV қан тобы мен тәуелділігі теріс қан топтарына сұраныс аздау болады. Облыста  I, II және III қан тобының донорлары көп кездеседі дейді. Мысалы, өңірдегі ерікті  донорлардың арасында ең көп қан тапсырған адам  – Юрий Чахалиди, ол 334 рет донор болған. Булат Давлеткалиев – 168, Александр Подлипалин – 162, Анатолий Фокин – 147, Әділет Мұхамбетқалиев – 73, Нұрбек Жанғалиев – 60, Асылбек Харесов – 42, Темірхан Есқайыров 41 рет қан тапсырған. «Бұл тізімді әлі де созуға болады. Өйткені Ақ Жайық өңірінде қайырымды да  мейрімді азамат көп. Біздің донорлар әрдайым көмек қолын созуға әзір», – дейді Лида Кенжебайқызы. Биыл Дүниежүзілік қан доноры күні  қарсаңында облыстық қан орталығының ұйымдастыруымен «Қан донорлығы – ынтымақтастық негізі. Донор болыңыз және адам өмірін сақтауға үлес қосыңыз!» деген ұранмен акция өтуде.

dav

Нұрбек Жанғалиев, Переметный ауылының тұрғыны:

– Мен алғаш рет 2009 жылы 18 жасымда қан тапсырдым. 2016 жылдан бастап тұрақты донор болып келемін. Бүгінде 60 рет қан және қан компоненттерін (плазма, тромбоцит) тапсырдым. Қазір ағзам донорлыққа үйренді. Донор болудың пайдасы көп. Алдымен ағза тазарады. Әрі қан тапсырар алдында анализ тапсыратындықтан, денсаулықты тексертіп алуға мүмкіндік бар. Ең бастысы  қанға зәру  науқастарға қан береміз. Облыстық қан орталығының қызметкерлері қан керек болғанда күні бұрын хабарласады.

Булат Давлеткалиев, Орал қаласының тұрғыны:

– Мен әскерде жүргенде бірінші рет қан тапсырдым. Содан кейін  сұраныс түкен кезде ғана тапсыра бастадым. Соның ішінде тікелей қан құйып жүрдім.  Кеңес үкіметі кезінде бұлай жасауға рұқсат етілген еді. Ол кезде донордың неше рет қан тапсырғаны есепке алынбайтын және мен де санамадым. Қазір мұндай статистиканы облыстық қан орталығы жүргізеді. Мен шамамен 170 рет қан тапсырдым. Оған қоса бұрын есепке алынбай қалғандары да бар. Донор денсаулығын күтіп, салауатты өмір салтын ұстанады. Себебі рецепиентке, яғни қан құйылатын адамға зиян келтірмеу үшін жаман әдеттерден аулақ болу керек. Қазір мен 64 жастамын. Сонда да қан тапсыруды тоқтату ойымда жоқ. «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталдым.

Ясипа Рабаева, 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале