Еңбек ұжымдары өкілдерінің сөздерінен кейін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Еңбек адамының үні. Қазақстанның еңбек ұжымдары мен кәсіподақтарының 25 жалпыұлттық бастамасы» құжатын Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошановқа табыстады.

Халық Кеңесінің Төрағасы еңбек заңнамасын жетілдіру, еңбек қауіпсіздігіне қоғамдық бақылауды күшейту және әлеуметтік әріптестікті дамыту жөніндегі кәсіподақ бастамаларын қолдады. Ерлан Қошанов жұмыскерлердің жағдайы мен кәсіпорындардағы мәселелерден хабардар болғандықтан, кәсіподақтар жалпыұлттық қоғамдық күн тәртібін қалыптастыруға қатысуы тиіс екенін атап өтті.
«Біз үшін кәсіподақтар – елдің жаңа қоғамдық күн тәртібін қалыптастырудағы маңызды әріптес. Сіздер орасан зор адамның мүддесін білдіресіздер, ұйымдар мен кәсіпорындардағы жағдайды жақсы білесіздер, мәселелерді іштен көресіздер және қандай шешімдер қажет екенін түсінесіздер», – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Ол кәсіподақ қауымдастығының ұсыныстары Халық Кеңесі мүшелерінің, кәсіподақ өкілдері мен мемлекеттік органдардың қатысуымен пысықталатынын хабарлады.
«Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Халық Кеңесінің басты міндеті – адамдарға өз үнін жеткізуге және өзекті мәселелерінің шешілуіне қол жеткізуге мүмкіндік беру», – деп Кеңес Төрағасы.
Халық Кеңесінің Төрағасы ең төменгі жалақыны айқындаудың ашық тетігін әзірлеу бойынша кәсіподақтардың, жұмыс берушілер мен Үкіметтің бірлескен жұмысын жалғастыруды ұсынды. Оны мүдделі тараптардың қатысуымен Халық Кеңесінің отырыстарында талқылауға болады.
Кездесу барысында Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік әріптестік туралы заң әзірлеу жөніндегі заңнамалық бастамасы да сөз болды. Халық Кеңесінің Төрағасы бұл жұмысқа қайта оралып, заң жобасын талқылауға Кеңес мүмкіндіктерін пайдалану ұсынысын қолдады.
«Бұл тақырыпқа қайта оралатын уақыт жетті деп ойлаймын, әсіресе Халық Кеңесінде заң шығару бастамасы құқығы сияқты салмақты тетік бар. Біз бұл заң жобасын Халық Кеңесінің алаңында талқылап, дөңгелек үстел өткізуге және жан-жақты талқылаудан кейін бұл мәселені ұлттық заңнама деңгейіне шығару туралы бірлесіп шешім қабылдауға дайынбыз», – деп мәлімдеді ол.
Ол республикалық, салалық және өңірлік деңгейлердегі үшжақты комиссиялардың қызметіне талдау жүргізуді ұсынды.
«Олар жұмыскерлердің мәселелерін нақты шешіп, еңбек жанжалдарының алдын алуы тиіс. Біз бұл институтты түбегейлі жандандырып, үстірт қараудан керек», – деп баса айтты Халық Кеңесінің Төрағасы.
Ол Кәсіподақтар федерациясы мен мемлекеттік органдармен бірлесіп, еңбекті қорғаудың қолданыстағы нормаларының тікелей кәсіпорындарда қолданылуын талдап, оларды заңнамалық тұрғыда жетілдіру қажеттігін айқындауды ұсынды. Осыған байланысты Ерлан Қошанов еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестердің жұмысына назар аударды.
«Мемлекет басшысы қоғамдық бақылауды Халық Кеңесі жұмысының басты бағыттарының бірі деп атады, ал өндірістік кеңестер – дәл сол қоғамдық бақылау, әрі ол адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей байланысты жерде жүзеге асады. Сондықтан бұл мәселемен біз тығыз айналысамыз», – деп баса айтты ол.
Кездесуге қатысушылар зиянды жағдайда ұзақ уақыт жұмыс істеу салдарынан еңбекке қабілеттілігінен айырылған қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мәселесін көтерді. Ерлан Қошанов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевқа бұл түйткілді шешу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын түсіндіруді сұрап өтініш білдірді.
Ербол Тұяқбаев кәсіподақтардың, бизнестің және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылып жатқанын хабарлады. Қолдау тетіктерін айқындау үшін әлеуетті алушылар саны мен қажетті қаржы көлемін анықтауға мүмкіндік беретін есептеулер дайындау қажет.
Ерлан Қошанов бұл мәселе Халық Кеңесінің бақылауында болатынын мәлімдеді. Есептеулер алынғаннан кейін ол бұл мәселені талқылауға Кәсіподақтар федерациясы мен мүдделі тараптардың қатысуымен қайта оралуды ұсынды.
Сондай-ақ Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығының мәселелері де қаралды. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі келесі жылы медициналық жабдық сатып алуға 1 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылғанын хабарлады. Сондай-ақ орталықтың филиалдарын ірі өндірістік өңірлерде, соның ішінде Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен Ұлытау облысында ашу жоспарланып отыр.
Халық Кеңесінің Төрағасы еңбек үдерістерін басқаруда жасанды интеллектіні қолдануға да назар аударды. Цифрлық жүйелер қазірдің өзінде өнімділікті бағалап, еңбекақы мен кадрлық шешімдерге ықпал ете алады, сондықтан жұмыскерлерге мұндай тетіктердің ашықтық кепілдіктері қажет.
«Технологиялар адамға қызмет етуі керек. Олар негізсіз бақылау құралына айналмауы тиіс», – деді ол.
Ерлан Қошанов жасанды интеллектті қолдану кезінде жұмыскерлерді қорғау қағидаттарын заңнамада және ұжымдық шарттарда, соның ішінде қазан айында Астанада қол қойылған цифрлық еңбек туралы үшжақты декларация ережелеріне сүйене отырып бекітуді ұсынды.
Кездесуде айтылған ұсыныстар қатарында өнеркәсіптік және шағын қалаларда жұмыс істейтін жас мамандардың тұрғын үй мүмкіндіктерін кеңейту бар. Ерлан Қошанов тиісті бағдарламаларды іске асыру үшін жұмыс берушілердің, Отбасы банкі мен құрылыс компанияларының өзара іс-қимыл тетіктерін зерделеуді ұсынды.
Ол сондай-ақ өңірлік қоғамдық кеңестерге кәсіподақ өкілдерінің қатысуын кеңейту бастамасын қолдады. Оның пікірінше, өңірлерді дамыту мәселелерін талқылағанда кәсіподақ көшбасшыларының тәжірибесі мен еңбек ұжымдарының мәселелерін білуі пайдаланылуы керек.
«Еңбек адамдары өз құқығын өзі ғана емес, сіздердің көмектеріңізбен де қорғайды. Кәсіподақтар жұмыскердің мүддесін қорғаумен ғана шектелмей, шешім қабылдауға да тікелей араласқаны маңызды», – деп атап өтті Халық Кеңесінің Төрағасы.
Талқылауды қорытындылай келе, Ерлан Қошанов кездесу түрлі сала жұмыскерлерінің сұранысын көрсететін мазмұнды ұсыныстар алуға мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Сіздер айтқан барлық ұсыныс пен пікірді біз бүгін «аманат» ретінде қабылдаймыз. Бәрін бір арнаға тоғыстырып, мемлекеттік органдармен бірге мұқият пысықтаймыз. Атқарылған жұмыс пен алдағы міндеттер бойынша әлі де оралып, нақты жауап береміз», – деп мәлімдеді Халық Кеңесінің Төрағасы.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы