Бастамалардың тәжірибелік мәнін салалық кәсіподақтар мен еңбек ұжымдарының өкілдері тарқатып айтты.

«Серіктес» жергілікті кәсіподағының төрағасы Сабыржан Қали (Алматы) әділ еңбекақы төлеу, жалақыны индексациялау және әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Ол үшжақты келісімдер мен ұжымдық шарттардың талаптары әрдайым орындала бермейтінін атап өтті. Тараптардың жауапкершілігін күшейту үшін кәсіподақ Еңбек кодексінің нормаларын қайталамай, келісімдердің орындалуын реттейтін жеке заң қабылдау мәселесін қарастыруды ұсынды.
Тағы бір бастама тарифтік мөлшерлемелер мен лауазымдық жалақыны инфляция деңгейін ескере отырып жыл сайын индексациялауды көздейді. Бұл тетікті ұйымдардың қаржылық жағдайын, жұмыспен қамтуға әсерін және бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, кезең-кезеңімен енгізу ұсынылды.
Ең төменгі жалақыны айқындауда Сабыржан Қали ХЕҰ-ның № 131 Конвенциясын, өмір сүру құнын, медиандық жалақыны, еңбек өнімділігі мен жұмыс берушілердің мүмкіндігін ескеруге бағытталған кәсіподақ ұстанымын жеткізді. Бұл ретте есептеулер ашық әрі әлеуметтік әріптестердің қатысуымен жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ ол салалық келісімдер мен ұжымдық шарттарда өнімділік өсімінің нәтижесіне жұмыскерлердің сыйақы мен үстемақы арқылы қатысу тетіктерін бекітуді жақтады.
«Қағаз жүзінде ғана қалатын келісімдегі индексация – жай сөз, ал әділ жалақы белгіленбеген құжат – бос қағаз», – деп атап өтті «Серіктес» жергілікті кәсіподағының төрағасы.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева еңбекақы төлеу, бюджет саласының кадрлық әлеуетін сақтау және отбасылық міндеті бар қызметкерлерді қолдау жөнінде ұсыныс жасады.
Кәсіподақ 600 мыңнан астам қызметкердің басын қосады, олардың басым бөлігі – әйелдер. Спикердің дерегінше, білім беру саласында 902,2 мың әйел, денсаулық сақтауда 426,3 мың әйел еңбек етеді.
Айгүл Мұқашева бұл салалардағы еңбекақы деңгейі жұмыстың күрделілігі мен жауапкершілігіне әрдайым сай келе бермейтінін айтты. Екінші тоқсанда орташа айлық жалақы білім беруде 385 725 теңгені, денсаулық сақтауда 360 296 теңгені құраған. Сонымен қатар екі салада да медиандық жалақы бір жыл ішінде төмендеген.
Кәсіподақтар бюджет қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарап, оны ең төменгі жалақыға байланыстыруды және тәрбиешілердің, мамандардың, техникалық әрі қызмет көрсетуші қызметкерлердің еңбегін ескеруді ұсынады. Жас әріптестеріне кәсіби тәжірибесін беретін қызметкерлерге лауазымдық жалақысының кемінде 20 пайызы көлемінде тәлімгерлік үшін үстемақы белгілеу ұсынылуда.
«Жас педагог мектепте қала ма? Талантты түлек ғылым жолын таңдай ма? Тәжірибелі маман білімін келесі буынға бере ала ма? Мұның бәрі қызметкерлердің еңбегі қаншалықты әділ бағаланатынына және кәсіби дамуына қандай жағдай жасалатынына байланысты», – деп атап өтті Айгүл Мұқашева.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры Дмитрий Павленко жаңа кәсіпорындар мен инфрақұрылымдық нысандар үшін маман даярлау мәселесін көтерді. Ол мысал ретінде Қостанай облысындағы автомобиль зауыттарын келтірді: мұнда өндіріс орындары колледж түлектеріне жұмысқа орналасу мүмкіндігін береді, алайда бірқатар салада, атап айтқанда жол құрылысы мен энергетикада жастарды тарту түйткілі әлі де бар.
«Жұмыс беруші дайын маманды күтіп отырмай, оны даярлауға қатысуы керек», – деп баса айтты Дмитрий Павленко.
Тағы бір ұсыныс алдағы инфрақұрылымдық жобаларды ескере отырып, кадрға қажеттілікті үш-бес жылға алдын ала болжауға қатысты.
«КПО б.в. және мердігер ұйымдар жұмысшыларының Қарашығанақ жергілікті кәсіподағының» төрағасы Медет Үмбетғалиев (Батыс Қазақстан облысы) өндірісті цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу кезінде жұмыскерлерді қорғау бойынша ұсыныстарын жеткізді.
«Технологиялар өндіріске адамның ертеңгі күнге сенімі орныққаннан да тез келеді. Кәсіпорын цифрландырылғаннан кейін оның жұмыс орны сақтала ма? Кәсіподақтар ұжымдық шарттарда қызметкерлерді қысқартуға әкелуі мүмкін цифрландыру жоспарларын жұмыскерлер өкілдерімен міндетті түрде талқылауды бекітуді ұсынады. Жұмыстан шығармас бұрын жұмыс беруші қызметкерлерді басқа қызметке ауыстыру және қайта оқыту мүмкіндігін қарастыруы керек», – деп атап өтті Медет Үмбетғалиев.
Тағы бір бастама еңбек дауларын қарауда жасанды интеллектті қолдануға қатысты. Кәсіподақ жұмыс берушілерді мұндай жүйелерді пайдаланатыны туралы қызметкерлерге хабарлауға, алгоритм қабылдаған шешімдерді түсіндіруге және оларды адамның қайта қарау мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндеттеуді ұсынады. Тәртіптік жазалар мен жұмыстан босату тек алгоритмнің қорытындысына ғана сүйенбеуі тиіс.
Сондай-ақ Медет Үмбетғалиев белгіленген уақыттан тыс кезде демалу және жұмыс байланыстарынан ажырау құқығын бекітуді жақтады. Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер үшін демалыс кезеңінде шұғыл байланыс мүмкіндігін сақтай отырып, жұмыс аккаунттарын бұғаттау ұсынылады. Демалыс күндері жұмысқа тарту белгіленген тәртіппен ресімделіп, ақысы төленуі керек.
«Біз цифрландыру мен жасанды интеллектке қарсы емеспіз. Біз олардың еңбек адамын алмастырмай, керісінше көмектескенін қалаймыз. Еңбек құқықтарына әсер ететін шешімдер үшін жауапкершілік адамда қалуы тиіс», – деп баса айтты спикер.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ HR-департаментінің кадрлық әкімшілендіру және еңбекақы төлеу басқармасының қызметкерлермен жұмыс жөніндегі бас маманы Юлия Вишенкова өнеркәсіп кәсіпорындарында жас мамандарды тұрақтандыру бойынша ұсыныстарын ұсынды.
Ұсыныстар қатарында Отбасы банкімен, әкімдіктермен және жұмыс берушілермен бірлесіп, моноқалалардағы жас мамандарға тұрғын үй қолдауын дамыту бар. Мүмкін шаралар ретінде бастапқы жарнаға көмек және тұрғын үй сертификаттары аталды.
Сондай-ақ Юлия Вишенкова түлектерді жұмысқа орналастыру және біліктілігін анықтау кезінде дуалды оқыту нәтижелерін ескеруді, кәсіпорындағы тәжірибеден кейін жас мамандардың бейімделуін қарастыруды және тәлімгерлерге мөлшерлеменің немесе лауазымдық жалақының кемінде 20 пайызы көлемінде үстемақы белгілеуді ұсынды.
Бұдан бөлек, ол тұрғын үй, көлік, экология және әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты өңірлік бағдарламаларды талқылауға еңбек ұжымдары мен кәсіподақтардың қатысуын жақтады.
«Жұмысшы мамандығын таңдайтын жастарға төрт шарт қажет – баспана, танылған біліктілік, тәжірибелі тәлімгер және өз қаласының болашағы туралы шешімдерге қатысу мүмкіндігі», – деп атап өтті Юлия Вишенкова.
«Қорғау» көміршілер кәсіподағы» ҚБ төрағасы Евгений Буслаев (Қарағанды) еңбек қауіпсіздігі, техникалық инспекторлардың өкілеттігін кеңейту, зиянды еңбек өтілін есепке алу және жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау бастамаларын ортаға салды.
«Біз үшін бастысы – адам жұмысқа келіп, үйіне аман-сау оралуы. Ешқандай өндірістік көрсеткіш адам өмірінен қымбат емес», – деді спикер.
Ол сондай-ақ еңбек жөніндегі техникалық инспекторлардың өкілеттігіне тоқталды. Қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда жұмысты тоқтатуды талап ету құқығын заңда бекіту, заңбұзушылықтарды жою тәртібін айқындау және инспекторларды жұмыс берушілер тарапынан болатын қысымнан қорғау ұсынылады.
«Әріптестерінің өмірі мен денсаулығын қорғайтын адамның өзі заңмен қорғалуы тиіс», – деп атап өтті Евгений Буслаев.
Кәсіптік аурулардың алдын алу үшін кәсіподақ емдеу-сауықтыру, қалпына келтіруді, медициналық тексеру сапасын арттыруды және жұмыскерлерді сауықтыру бағдарламаларын әзірлеуге кәсіподақтардың қатысуын қолдады.
«Кенші табысы мен өз денсаулығының арасында таңдау жасамауы керек. Жұмыскер қауіп туралы айтудан қорықпауы тиіс. Ал өндірісте денсаулығынан айырылған адам өз мұңымен жалғыз қалмауы керек», – деп түйіндеді кәсіподақ төрағасы.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы