22.04.2026, 16:00
Оқылды: 22

Іздеудегі күдіктілер ереванда ұсталды

Батыс Қазақстан облысының аумағында биыл 15-16 сәуір күндері «Іздестіру» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің үйлестіруімен және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құқық қорғау құрылымдарымен бірлесіп ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – іздеуде жүрген қылмыскерлер мен хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың тұрған жерін анықтап, оларды ұстау.

Полиция ЖП

Іс-шара барысында халықаралық іздеудегі бірқатар адам анықталды. Атап айтқанда, 2025 жылғы наурыз айында Орал қаласында жасалған пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен іздестірілген Армения Республикасының екі азаматы Ереван қаласында ұсталды.

Жалпы, екі күн ішінде жүргізілген жедел шаралардың нәтижесінде 17 қылмыскер қолға түсті. Олардың төртеуі Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті тарапынан ауыр қылмыстар жасағаны үшін іздеуде болған. Сонымен қатар 11 адам Ресей Федерациясының құқық қорғау құрылымдарының сұрауымен, ал бір азамат Өзбекстан және біреуі Қырғыз Республикаларының құқық қорғау құрылымдары тарапынан іздестірілген. Одан бөлек, Орал қаласы аумағында бұрын хабар-ошарсыз деп тіркелген үш азаматтың орналасқан  жері  анықталды.

Құқық қорғау құрылымдарының мәліметінше, мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралар қылмыспен күресте және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Материалды облыстық полиция департаментінің

баспасөз орталығы ұсынған  мәліметтер негізінде

дайындаған Гүлжамал Жолдығали

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале