29.03.2024, 9:45
Оқылды: 60

«Қаланы да, кадрды да қазақтандырған аңыз адам еді»

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсанов өңір жұртына жақсы таныс. Ықсанов – іскерлігімен жас кезінен көзге түскен маман. Қызылорда, Жамбыл, Орал облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған кезде өзі басқарған аймақтардың тынысын ашып, шаруашылық жобаларын жүзеге асырып, ол аймақтардың тарихында айрықша із қалдырды. Ірі құрылыс трестерін басқарып, Бетпақдаланы игеруге, Сыр өңірін суландыруға ерекше үлес қосты. Одан бөлек республикалық Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы секілді лауазымды қызметтерді атқарды. Ал айбоз азамат-тың туған жері – Батыс Қазақстан облысын өркендетуде сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Осы орайда кезінде облы-стық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұстақым Біләлұлының көмекшісі болған, сәл кейін Орда аудандық партия комитетінің төрағасы қызметін атқарған, Ықсановтың кадр мектебінде ысылған еңбек ардагері Айдар Батыр­ханов қайраткердің ерен қасиеттері, алып тұлғаның аңыз адам ретінде ел есінде қалғаны туралы әңгімелейді.

f66c3e9d-6b51-47c2-94bd-568763df8948

– Мұстақым Ықсанов – жалпы ел-жұртқа ерен еңбегімен танылған, Кеңес одағы кезінде даңқы шыққан, қай өңірде қызмет атқарса да, қарапайым халықтың қошемет-ықыласына бөленген ардақты азамат. 1926 жылы Жәнібек ауданының Борсы ауылында дүниеге келді. Аталары парасатты, дінге берік, тақуа адамдар болған. Кеңестік солақай саясат салдарынан әке-шешесі теперіш көріп, Ресейге көшті. Содан Мәскеу облысының Орехово-Зуево ауданын паналайды. Тағдыр тауқыметін тартқан отбасы кейін Алматы облысына көшіп келді. Әке-шешесінің тартқан тақсіреті, күнкөріс қамы баланы ерте есейтті. Ширығып, ширап, шынығып өскен зерек жас Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының су-техникалық факультетін тәмамдайды. Алдымен Алматы қаласы Фрунзе аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. Одан кейін «Жетісай құрылыс» басқармасының прорабы, өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы, бас ин­женер, басқарма бастығы міндетін атқарып, еңбек майданында болаттай балқып, құрыштай шыңдалып шыныға түсті. Бетпақдала ирригация құрылысы тресінің бастығы ретінде жемісті еңбек етті. Алып азамат өмір жолында ірі саяси лауазымдарды абыроймен атқарды. 1975 жылы, дәл 49 жасында Батыс Қазақстан облысы партия комитетінің І хатшысы болып тағайындалды. Өңірді 11 жыл басқарды. Орталық комитеттің саяси мектебінен өткен Ықсановтың Ақ Жайық өңіріне келуі нағыз көрегенді шешім болғанына халық куә. Туған өлкесінің тынысын ашып, Орал қаласының еңсе көтеріп, жарқырап, жайнай түсуіне септігін тигізді. Сәулетті ғимараттар, көпқабатты үйлер бой көтерді. Сол кезеңде облыстың суландыру жүйесі қарқынды дамып,  ауыл шаруашылығы саласы өркендеді.

Мұстақым Біләлұлы бір қарағанда сұсты, тұлғалы, реңді кісі еді. Тез шешім қабылдайтын. Көздеген мақсатына жеткенше тыным таппайтын.

Өте әділ болатын. Шаруашылық жұмыстарын әбден пысықтап, қайнаған қызу еңбек ортасында қауырт жүретін. Көзі тірісінде көпшілікке аңыз болған адам. Өңір­дің орыс-қазағы бәрі бірдей мақтан ететін. Еліміздің жайсаң-жақсыларымен, танымал тұлғалармен, өнер адамдарымен жақсы араласты. Қызылорда облысын басқарған кезде танымал композитор Шәмші Қалдаяқовты шақырып алып, жағдайын жасап, тілін тауып, «Сыр сұлуы» әнінің жазылуына себепкер болды. Қазақтан шыққан тұңғыш генерал Шәкір Жексенбаев Мәскеуде өмір сүрген кезде алып қалаға жол түскенде генералмен жүздесіп, амандасып тұратын. Бір жолы Мәскеуде, әлемге танымал шоқтығы биік қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов, атақты авар ақыны Расул Ғамзатов, қазақтың қабырғалы қаламгері Әбдіжәміл Нұрпейісовпен сыр-сұхбат құрғанына куә болғаным бар. Өнер адамдарын өзі шақырып алып, әңгімелесуге пейілді еді.

Өзім – өмірде біраз айтулы азаматтан тәлім алған, солардың желеп-жебеуімен, жол нұсқауымен еңбек жолымда тәжірибе жинаған адаммын. Бұрынғы Фурманов аудандық комсомол комитетінде қызмет еттім. Соны ескеріп, осындағы басшы азаматтар мені аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындамақшы болды. Содан тәртіп бойынша облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұстақым Ықсановтың қабылдауына бардым. Облыс басшысы «Бұл қызметті атқару саған әлі ерте» деп, 1981 жылы обкомның ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы етіп қалдырды. Бір жылдан кейін бірінші хатшының көмекшісі болдым. Одан әрмен Орда аудандық комитетінің хатшысы, Орда халық депутаттары аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалуыма ықпал етті. 1986 жылы зейнетке шығуына байланысты Мұстақым Біләлұлы Алматы қаласына көшіп кетті. Бірақ ол кісімен байланысымыз үзілген жоқ. Отбасымен де аралас-құралас болдық.

Мұстақым аға ерекше қасиеттері мол кісі еді. Көп тыңдап, аз сөйлейтін. Жастарға үлкен сенім артты. Оралды қазақтандырғанын ерекше атап өту керек. Осында оқуға келгенімізде, қала тұрғындарының 7-ақ пайызы қазақ болатын. Біртіндеп шаһардағы дүкендердің аттары қазақшалана бастады. Уақыт өте тіпті кадрларды түгелге жуық қазақтан тағайындады. Ол кезде басшылардың орынбасарының бірі орыс болуы тиіс еді. Сол кезде орыстан маман табу мәселеге айналды. Қазақтардың өзін екінші қатардағы халық деп санаған уақытта осындай қадамға баруы нағыз ерлік еді. Әрине, Мұстақым Біләлұлы ұлтына қарап ешкімді алалаған жоқ. Кадрлардың іскерлігін бағалады, – дейді Айдар Тапашұлы.

Әңгімені жазып алған

Нұртай Текебай,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале