22.05.2026, 15:15
Оқылды: 18

Калий тұзы судан «қорқады»

Ақжайық ауданындағы «Сәтимола» кен орны негізінде калий тұздарын өндіру үшін байыту-өндірістік кешенінің құрылысын салу» жобасы тау-кен өнеркәсібі саласындағы ірі жобалардың бірі саналады.  Бұл өзі Қазақстандағы ірі кен орны болады.  Оның қоры 3,1 миллиард тоннадан асады.  Аталған кен орнын игергелі отырған «Qazaq Kalium LTD» жеке компаниясының бас экономисі Тілеуберген Ғабдоллиннің айтуынша, қордың молдығы нысанның елдің минералды-шикізат базасын дамыту үшін стратегиялық маңыздылығын көрсетеді. Жоба бойынша халықаралық стандарттарға сай калий тыңайтқышы мен бор қышқылы өндіріледі.  Қазақстанда мұндай минералдар алғаш рет өндірілмек. «Qazaq Kalium LTD» жеке компаниясы 2023 жылы калий тұзын өндіруге лицензия алған. 

d265a955-7cdb-40a7-ab00-7269f53ddf95

– Қазіргі кездегі ең басты шаруамыз – шахтаның құрылысын салу. Қазіргі уақытта кеніштің құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде екі негізгі – торлы және скип шахтасы бар.  Бұл күндері скип шахтасының жоғары жақтағы жұмысы аяқталды. Енді торлы шахтаның құрылысы (жер астына түсетін) басталды. 2026 жылдың аяғына қарай шахтаны мұздандыру, шахтаға су түспеуіне қам-қарекет жасалады. Өйткені калий тұзы судан «қорқады», суда еріп кетеді.

Калий тыңайтқышы деген асүйдегі тұз секілді. Одан кейін инфрақұрылымдар тарту жұмысы тұр. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды. Енді мамыр айының аяғы мен маусым айының басында конкурс негізінде бас мердігер анықталады. Содан кейін жыл ортасына қарай инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынады, – деді Т. Ғабдоллин.

Компания өкілінен калий тыңайтқышын өндірудің қоршаған ортаға қалай әсер ететінін сұрадық. Сонымен қатар кейбір жергілікті тұрғындардың химиялық өндірістен шыққан шаң-тозаңның адам денсаулығына, жасыл желекке зияны тиюі ықтимал деген қорқынышы барын жасыра алмадық.

«2023 жылы    ауылдарда жоба бойынша қоғамдық тыңдау өткіздік. Сонда халыққа түсіндіріп айттық. Шахтадан калий мен бор тұзы жерасты әдісімен өндіріледі. Бұл әдіс қауіпсіз. Кешенде әлемдік озық технологиялы жабдықтар орнатылады. Минералды шикізат флотациялық әдіспен өндіріледі. Бүкіл әлемде осы әдіс қолданылады. Пайдалы қазбаларды өндіруде флотация – ең көп қолданылатын әдістің бірі. Өндіріс барысындағы қалдықтар сыртқа шығарылмайды, шахтаның астына көміледі», – деді Тілеуберген Ғабдоллаұлы.

Бүгінде кеніштің астына түсуге қажетті оқпанның (ствол) құрылысы жүруде. Соны бітіріп, шахта қазылып, зауыт, қосалқы цехтар құрылысын аяқтау, технологиялық жабдықтарды орнату көзделген.  2027 жылдың соңында «Сәтимола» кен орны негізінде калий тұзын өндіретін кешенді толық іске қосу  жоспарланған.

Тілеуберген Ғабдоллиннің айтуынша, аталған жоба Қазақстанның индустрияландыру картасына енгізілген. Жалпы жоба құны – бір трлн теңгені құрайды. Жобаның бірінші кезеңінде жылына 1,5 млн тонна калий тыңайтқышын өндіру жоспарланған. Ал екінші кезеңде кешен қуаты 6 млн тоннаға дейін өседі. Жоба бойынша халықаралық технологтар мен серіктестер бірлесе қызмет етуде. Кен орнына жұмыс күші керек екендігі белгілі. Жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде – 1760, кейін толық қуатына шыққан кезде 3200-ден астам адам жұмыс  істейді.

Қазіргі кезде техникалық мамандарды оқыту бағдарламасы жасақталып, тиісті орындармен келісіліп отыр. «Оралдағы үш колледжде (технологиялық, политехникалық, ақпараттық технология) мамандар даярланады.  Біз жұмысқа жергілікті мамандарды тартуға басымдық береміз. Қазір құрылыс жұмыстарына 70 адам жұмысқа қабылданды. Тайпақ, Сарытоғай, Базаршолан ауылдарынан және Атырау облысының Дендерінен де тұрғындар бар. Кен орны Базаршолан ауылынан - 40, Дендерден 70 шақырым шығысында орналасқан. Алдағы уақытта шахта құрылысы басталғанда тағы да тиісті жұмысшы мамандарын жұмысқа аламыз», – деді Тілеуберген  Ғабдоллин.

Жобаны қаржыландыру мемлекеттің және жеке инвестициялардың есебінен болмақ. Салымдардың 73%-ы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, қалған бөлігі жеке инвестордың қаржықаражаты есебінен құйылады. Бұл жобаның жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын құрумен шектелмейді. Бастысы, Қазақстанның экспорттық әлеуетін еселеп, әлемдік минералды тыңайтқыштар нарығындағы ұстанымын нығайтады. Елімізде алғаш рет калий тыңайтқыштары өңірімізде өндіріледі. Одан басқа жылына 6 млн тонна калий хлоридін өндіру жоспарланған.

Калий тыңайтқышы табиғи калий тұздарынан алынады. Ондай тыңайтқыш ауыл шаруашылығы саласында, егін шаруашылығында қолданылады. Ол өсімдіктердің түрлі ауруға төзімділігін арттырады және өнімділікті арттырады. Калий тыңайтқышын әлемдік нарыққа Қытай, АҚШ, Бразилия, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері шығарады. Оны өндіретін елдер қатарында бірінші орында Канада, одан кейін Ресей, Қытай, Беларусь   мемлекеттері тұр. «Сәтимола» кен орны игеріліп, тыңайтқыш өндірісін толықтай жолға қойған кезде Қазақстан әлемдік нарықты 8% үлеспен қамтып, үздік бес мемлекеттің қатарына кіреді деп  болжануда.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале