22.05.2026, 16:15
Оқылды: 11

Ақ Жайық шежіресің жаңғыртқан күн

18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейі мәдени танымдық мерекелік іс-шаралар легін ұйымдастырды.

WhatsApp Image 2026-05-20 at 18.00.09

Ақ Жайық өңірінің тарихы тым тереңнен тамыр тартады. Аталмыш музей ұжымының ұйытқы болуымен шаһар тұрғындары тарихты дәріптейтін танымды іс-шараларға қатысып, мерекелік көңіл күйге бөленді. Жиынның ашылуына облыстық тарихи-өлкетану музейі директоры Жантас Сафуллин, қоғам белсенділері, белгілі өлкетанушылар мен тарихшылар, сондай-ақ музейдің тұрақты келушілері қатысты. Алдымен мекеме басшысы Жантас Сафуллин әріптестерін мерекемен құттықтап, іс-шара маңыздылығын айтты.
– Бүгінгі мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шара бағдарламасы бірнеше бағыттан тұрады. Келушілерді қызықтыру үшін музей ғимаратындағы мұрамен ғана шектелмеуіміз қажет деп есеп-
теймін. Осы себепті біз әріптестерімізбен «Орал – ашық аспан астындағы музей» туристік-танымдық жобасын даярладық. Жоба аясында қатысушыларды тарихи орындарға апарып, қаланың бай мәдениетімен кеңінен таныстыру жоспарда бар, – деді мекеме басшысы.
Ашылу салтанатынан соң келушілерді арнайы көліктермен қала іргесіндегі «Хан тоғайына» апару ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар тоғайдың Жайықтың Шаған өзеніне құйылар тұсында құрылған киіз үйде қонақтарды ақ дәммен қарсы алды. Одан кейін музей экскурсоводы Жайнагүл Сағидоллақызы тоғай тарихын таныстырды.
– Біз тұрған «Хан тоғайында» 1812 жылы Бөкей Нұралыұлының таққа отыру рәсімі өтсе, 1824 жылы Жәңгір хан хандық қызметіне кіріскен. Десе де, «Хан тоғайының» тарихы бұдан да ілгеріде жатыр. Себебі 1700 жылдарға тиесілі көне карталарда бұл жер «Ханская роща» деп аталған. Оған қоса, тоғай тарихи маңызға ие «Жайық қаласы» маңына да жақын. Бөкей және Жәңгір хандардың таққа отыруы неге «Хан тоғайында» жүзеге асты деген сауалды бүгінде тарихшылар зерттеу үстінде. Өздеріңізге мәлім, «Жайық қаласынан» сәулеті Түркістан шаһарындағы көне үйлерге ұқсас ертедегі адамдардың баспаналары табылды. Сондай-ақ ежелгі қаланың биік нүктесінен екі үлкен қорым анықталды. Оның бірінде тоғыз, енді бірінде 11 адам жерленген. Хандық билікті қолға алу кезінде ата-баба рухына тағзым ету мақсатында таққа отыру рәсімі осы жерде өтсе керек. Бұл рәсімге билер мен ел тұрғындары алыс жерлерден жиналып, ханды ақ киізге отырғызып, көтерген. Кейін жиналған жұрт киіздің кішкене бөліктерін тәбәрік ретінде кесіп алған. Ақ киіз адалдықтың белгісі болса, оның бір бөлігін кесіп алу жақсылық әкеледі деп сенген, – деді Жайнагүл Сағидоллақызы.
Ақын, «Құрмет» орденінің иегері Ғайсағали Сейтақ Бөкей ханның Қазақ тарихындағы рөлін өлеңмен жеткізді. Сонымен қатар белгілі қаламгер іс-шарадан алған әсерін де айтты. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Темірханова музей ұжымы бастаған осы ерекше экскурсияны мектеп оқушыларына да насихаттау қажет екенін айтып өтті.
– Қазіргі кезде Мемлекет басшысы еліміздің тарихи бағытындағы құндылықтар-
ды дәріптеу керек екенін тілге тиек етуде. Жүзеге асып жатқан «Ашық аспан астындағы музей» жобасын алдағы күндерде де кең көлемде жалғастыру маңызды. Шаһарымызға келген туристер мен қонақтарды аралатып, өскелең ұрпақты өңір тарихымен таныстыру қажет. Балалар өлке тарихын білу арқылы туған жеріне, Отанына деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастырады. Осы орайда музей директоры Жантас Набиоллаұлының бұл бастамасы ерекше мәнге ие деп есептеймін, – деді А. Темірханова.
Жоба қатысушылары тоғайды аралап, оның тарихымен толық танысты. Одан кейін қаламыздағы бірнеше тарихи ғимаратқа барды. Атап айтсақ, Е. Пугачев музей-үйін, бұрын облыстық тарихи-өлкетану музейі болған шіркеу ғимаратын, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойындағы тарихи орындарды аралады. Ауқымды іс-шара «Көне ойыншық – кемел тәрбиенің көзі» атты балаларға арналған көрмеге ұласып, онда ұлттық ойындар туралы ақпараттар берілді. Бағдарламаның тағы бір бөлігі – «Атадан қалған ақ сауыт» көрмесі. Мұнда облыс аумағында табылған батырлардың қару-жарақтары, сауыт-саймандары мен басқа құнды жәдігерлер келушілер назарына ұсынылды. Музей-
де қазақтың көне ұлттық қолөнерін жаңғыртып, жауынгерлік сауыт-сайман тоқуды қайтадан жандандырып жүрген танымал шебер әрі өлкетанушы Жәнібек Әлпейісов тың мағлұматтармен бөлісіп, сауыт тоқудың біз білмейтін сырын айтты. Ол өзінің тоқыған кіреуке сауытын жұртшылыққа көрсетті. Бұл туындыны ол өзінің шәкірттері, яғни оқушылармен бірге жасаған.
– Бұрынғы кезде қазіргідей заманауи құрылғылар болмаса да, ұсталар өте шебер болған. Мәселен, сауыт – торғай көз дөңгелек тәріздес шығыршықтардан тоқылады. Бір сауытты құрау үшін 15-20 мыңға жуық сақина қолданылады. Сымдары қалың әрі олардың жалғанған тұстары өте берік келеді. Сауыт – жай ғана темір киім емес, ол – ұлтымыздың рухы. «Буырқанды, бұрсанды, мұздай темір құрсанды» деп Қобыланды батыр жырында текке айтылмаса керек. Батырға күш сыйлап, сенімділігін арттырып, жаудың кіммен айқасқалы тұрғанын да көрсететін осы сауыт. Біз алдарыңызда тұрған кіреуке сауытын оқушылармен бірге 20 күнде тоқып бітірдік. Сауыт тоқудың қызығына түскен оқушы ойын басқа арнаға бұрғысы келмейді. Телефонды орынсыз жиі пайдалану әдетінен алыстайды.

WhatsApp Image 2026-05-21 at 09.45.41

Қазір аудан-ауылдардағы мұражайларды араласаңыз көбіне онда Кеңес одағы кезеңіндегі жәдігерлер сақтаулы екенін аңғарасыз. Бірақ біздің тарихымыз тым әріден сыр шертеді ғой. Осындай ұлттық рухты оятатын батыр саймандары әр аудан-ауылдың музейінде болуы тиіс деп есептеймін. Бүгінде көп адам дулығаның төбе жағында шығып тұратын шашағы болады деп ойлайды. Дегенмен бұл қате пайым. Дулығаның төбе тұсы қуыс, онда шашақ емес, батырдың тұлым шашы шығып тұрады. Дулыға бастан түсіп қалмау үшін иекті бойлатып бау байлауға болмайды. Батыр жығылса немесе әлденеден бауға қылғынып қалуы мүмкін. Ал үстіңгі шаш бөлігін дулыға тұрбысынан өткізіп, оны бекіту – қауіпсіз әдіс. «Дулығам түссе, басыммен түссін» деген батыр серті осыдан қалған. Қазақ баһадүрлері жауға «Аруақ!» деп шапқан. Кей жерлерде бұл сөзді басқалай айтып жүргендерді кездестіреміз, – деді өлкетанушы.

WhatsApp Image 2026-05-21 at 09.45.20
Музей көрмесіндегі бұрынғы Фурманов ауданының Көктерек ауылдық кеңесіне қарасты Правда кеңшарында тұрған Құрманғазының туысы Байлыстың жұбайынан алынған кіреуке сауыт көпті қызықтырды. Шебер Әлпейісовтің сөзінше, бұл сауыттың құрылымы өте күрделі көрінеді. Қылыш пен жебенің жүзі батпайтын сауыт түрлі дене мөлшеріндегі адамға сай келе береді. Бұл сол замандағы ұсталардың мықтылығының айғағы. Көрме кезінде Ақ Жайық өңірінде табылған батыр қарулары, қылыштары мен қанжарлары, сондай-ақ тапаншалар таныстырылды.

фото Б. Қанаділ
Күн ұясына батар шақта біркүндік ауқымды бағдарламаның «Ғасырлар үнін сақтаған қасиетті орда» деп аталатын соңғы кезеңі ұйымдастырылды. Мерекелік концертте жергілікті өнерпаздар көптің көңілін серпілтті. «Құпия жәдігер» көрмесі салтанатты ашылды. Сондай-ақ «Қоғамдық қор сақтаушылар» жобасының қатысушыларына арнайы куәліктер берілді. Іс-шара соңында шебер Жәнібек Әлпейісов оқушыларымен құрастырған кіреуке сауытты мекеме басшысы Жантас Сафуллинге көпшілік алдында табыстады.

 

Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале