Облыс орталығында кәмелетке толмаған екі бала суға батып қаза болды.

Сурет: Сайт архивінен
Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметі бойынша, 16 мамыр күні сағат 13:15 шамасында Орал қаласындағы Телецентр ауданында орналасқан «Кристалл» саяжай қоғамында жазатайым оқиға тіркелді. Құтқарушылар оқиға орнына сағат 13:45-те жетті. 2014 жылы туған С. есімді кәмелетке толмаған қыз бала ересектердің қарауынсыз жағалау маңында ойнап жүріп, абайсызда тайып кетіп, Шаған өзеніне құлап кеткен. ТЖД жедел-құтқару жасағы сағат 15:02-де баланың денесін судан алып шықты. Іздестіру барысында мәйіт жағалаудан 5 метр қашықтықтан, өзен арнасынан 4 метр тереңдіктен табылды. Ағын су екпінінен мәйіт құлаған жерінен 15 метрге ұзап кеткен. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сонымен қатар 18 мамыр күні сағат 19:30-да Орал қаласына қарасты Круглоозерный кентінде тағы бір қайғылы жағдай тіркелді. Оқиға орнына жедел құтқару жасағы, төтенше жағдайлар бөлімінің және авариялық-құтқару қызметінің мамандары жұмылдырылды. Іздестіру жұмысының нәтижесінде сағат 20:32-де «Көшім» каналынан 2011 жылы туған, 9-сынып оқушысы Е.-нің денесі шығарылды. Алдын ала мәлімет бойынша жасөспірім арнайы жабдықталмаған жерде шомылғанда суға батып кеткен.
Департамент қызметкерлері полициямен бірлесіп, халық арасында су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар балалардың су айдындарында ересектердің қарауынсыз жүруіне жол бермеу мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Алайда жүргізіліп жатқан профилактикалық ісшараларға қарамастан, қайғылы оқиға сейілмей тұр.
Қолғанат Қожым,
Орал қаласы