16.07.2021, 10:21
Оқылды: 470

Кәсіби мемлекеттік аппарат құру жолында

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы – мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау және оқытумен айналысатын жоғары оқу орны. Академияның облыстық филиалдары бар. Ол мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мен қайта даярлауда, кәсіби білімді құрылымдауда жүйелі жұмыс жасап келеді. 2018 жылдан бері мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілікті арттыру жүйесінде елеулі өзгерістер орын алды. Соның ішінде филиалдық желі, негізгі және сараланатын құзыреттердің бірыңғай шеңбері құрылып, штаттық жаңа құрылым пайда болды. Мемқызметшілерді магистратура мен докторантураға оқуға тарту арқылы саланың өркендеуіне жол ашылды.

аппарат

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалынан 2018 жылы 1761, 2019 жылы 1888, ал былтыр 3666 тыңдаушы білімін жетілдіріп шықты. Сонымен қатар филиалда өткен жылдан бір халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, үш ғылыми-тәжірибелік семинар ұйымдастырылды. Мемлекеттік қызмет саласындағы өзекті мәселелерге арналған мақалалар жинағы шықты. Профессор-оқытушылар құрамының ғылыми мақалалары Польша, Ресей және отандық ғылыми басылымдарда жарық көрсе, профессор М. Нұртазиннің оқу құралдары оқу үрдісінде пайдаланылады.

Өңірді дамытудың әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, пәндерге ұсыныстар енгізу үшін филиалда cараптамалық кеңес құрылды. Кеңес өңірлік компоненттің контентіне талдау жасайды. Филиал облыс әкімі аппаратымен, ҚР Мемлекеттік қызмет іcтері агенттігінің БҚО департаментімен, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО департаментімен, өңірлердегі академия филиалдарымен бірлескен жұмыс жүргізеді. Самара мемлекеттік басқару университетінің мемлекеттік және муниципалдық қызмет институтымен әріптестік қарым-қатынас орнатты.

Оқытушылар құрамына тоқталсақ, филиалда екі ғылым кандидаты, бес магистр және бір «Болашақ» бағдарламасының түлегі еңбек етеді. Сондай-ақ ISO 21500, Prince2 foundation, ISO 37001 стандарттары бойынша сертификатталған тренерлер мен екі коуч, BPMN нотациясы бойынша оқыған оқытушылар бар.

Академияда оқу үрдісін ұйымдастыру – негізгі бес бағытты қамтиды. Олар – оқу материалдарын дайындау, онлайн дәріс өткізу, құзыреттерді бағалау және сабақтардың мониторингін онлайн шығару, тренингтен кейінгі сүйемелдеу. Мемқызметшілерді оқыту цифрлық технологияларды қолдану арқылы өтеді.

Сабақты онлайн режімде ұйымдастыру бірқатар тиімділігін дәлелдеді. Біріншіден, курсты жүргізетін профессор-оқытушылардың сапалық құрамы артты. Онлайн оқыту республиканың барлық өңіріндегі мемлекеттік қызмет саласындағы үздік тренерлер мен спикерлердің, академия профессорларының сабақтарына қатысуға мүмкіндік берді. Оған қоса, халықаралық серіктестермен ғылыми пікірталас жүргізу платформасын қамтамасыз етті. Екіншіден, сабақты өткізу әдістемесі мен мазмұны өзгеріске ұшырады. Ұсынылатын презентациялық материал күрделі контентпен, яғни сызба, модель, инфографика, видео, аудиоматериалдарды, қолданумен ерекшеленіп, байытылды. Үшіншіден, қуатты ресурстық-техникалық жабдықталу орын алды. Заманауи ноутбуктер, микро- фон, веб-камералар, zoom платформасына жазылу және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, цифрлық кітапхана жасақтау секілді жаңа құзыреттіліктер мен дағдыларды игеруге мүмкіндік берді.

Кәсіби мемлекеттік аппаратты құру үшін мемқызметшілерге кәсіби даму ортасын қалыптастырып, қолдау көрсету маңызды. Бұл – өңірді дамытудың басты тетіктерінің бірі болмақ.

Шынар Ғабдрахманова,

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының БҚО филиалының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале