22.08.2022, 16:00
Оқылды: 225

«Кәсіподаққа Үкімет тарапынан үлкен бетбұрыс қажет»

Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының БҚО филиалы өңірдің ең талантты, ұшқыр ойлы, тұшымды ойымен, алпауыт күшімен, сан қырлы қасиетті бойында тоғыстырған еңбеккерлерден құралған. Олардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын өңірлік салалық кәсіподақ республикада топ жарып, бірнеше жыл бойы үздік үштіктер қатарынан орын тепті. Салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы БҚО филиалының төрағасы Батырханов Айдар Тапашұлымен сұхбаттасып, кәсіподақ жөнінде толығырақ баяндауын өтіндік.

4

-Ең алдымен, оқырманға ақпарат беру мақсатында «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқаратын қызметі, құрылымы жөнінде ақпарат беріп өтсеңіз.

-Кәсіподақ жұмысының қалай жүзеге асатыны жөнінде қысқаша айтып өтейін. 2014 жылы кәсіподақ туралы заң жарыққа шықты. Біз сол заңды басшылыққа ала отырып жұмыс атқарамыз. Оған бірнеше қайтара өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Әлі де өзгерістерді қажет етеді. Оған қоса, ҚР еңбек кодексін басшылыққа ала отырып жұмыс жасаймыз. Еңбек кодексінің аясы бұрынғыдай кең емес, сондықтан, еңбеккер мен жұмыс берушінің қарым-қатынасы ұжымдық шарт арқылы реттеледі. Ұжымдық шарттың өзі салалық келсімідер негізінде құрылады. Басқа салалық кәсіподақтардан мәдениет кәсіподағының айырмашылығы, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрайымы Светлана Иманқұлова мен Мәдениет және спорт министрі арасында қол қойылған 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісім бар. Осы негізде облыстық мәдениет және спорт басқармаларымен аймақтық келісім жасалады. Аймақтық келісім нәтижесінде ұжымдық шарт жасақталады. Ұжымдық шарттың негізгі мақсаты-қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту. Тек мәдениет минстрлігі ғана емес, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрімен де осындай келісім жасалған. Осыған орай, әр ұжымдық шарт әр саланың ерекшілігіне байланысты жасақталып қабылданады. Бұл келісімдер ұжымдық шартпен қатар кәсіподақ жұмысын ұйымдастыруға да көп көмегін тигізеді.

Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы Советтер одағының тарап, тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарында басқа да қоғамдық ұйымдар сияқты көптеген кедергілер мен қиындықтарды басынан кешірді. Кеңес үкіметі тараған соң мәдени ошақтар көптеп жабылып қалды, соның әсерінен мәдениет қызметкерлері жарты күндік жұмыс күні режимінде жұмыс жасады. Кәсіподақ мүшелерінің саны сол кездерде күрт азайды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң мәдениет ошақтары қайта құрылып, кәсіподақ жұмысы қайта жанданды, олардың саны өсіпе, сапасы жақсарды. Яғни, 2015 жылы кәсіподақ мүшелерінің саны мыңға жетер-жетпес қана болса, бүгінгі күні 5 мыңды құрайды. Алдағы уақытта мүшелер санын әлі де көбейту жоспарда бар.

Айта кетерлік жайт, кәсіподақ ешқандай мемлекеттік органдармен қаржыландырылмайды тек қана мүшелік жарналар есебінен қаржыландырылады. Ал мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің жалақысы басқа әлеуметтік сала қызметкерлерінікімен салыстырғанда өте төмен болуы салалық кәсіподақтың қаржыландырылуының төмен екен ешкімге құпия емес. Сол себептен көп жағдайға қол ұшын беріп, демеу көрсетуге шамамыз  жетпей қалып жатады. Дегенмен де, мүмкіндігімізше материалдық көмек беріп, кәсіподақ мүшелеріне қол ұшын созып отырамыз, жеңілдіктер мен сауықтыру орындарына жолдама береміз.

-Мәдениет ошақтары ұжымдық келісімшарт пен әлеуметтік әріптестік көмегін қажет етеді, еңбеккер құқықтарын қорғауда аталған шаралардың атқаратын қызметі қандай?

-Кәсіподақтың 2025 жылға дейін қойылған өз жарғысы бар. Осы жарғыларды басшылыққа алып біз өз жұмысымызды ұйымдастырамыз. Осы жұмыстардың барлығын ұйымдастыратын сол мекеме қызметкерлері. Олар қоғамдық негізде өз жұмыстарын атқарады. Осы орайда көп қиындықтар туындайды. Себебі қоғамда заңды білу, оны дұрыс бағытта қолдана білу, туындаған мәселені заңның аясында шешу тақырыбы күрделеніп отыр. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері арнайы дайындықтан өтпегендігі кедергі келтіреді. Жұмыс берушілер заңды біліңкіремейді. Олардың білетін уақыты да жоқ. Сол орайда ұжымдық келісімшарттың нормаға сай жасақталып, барлық спецификалардың ескеріліп, еңбеккер мүддесіне жұмыс жасауы үшін көп тер төгу керек.

Келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін кәсіподақ тарапынан құқықтық, заңнамалық актілерге сай көмек беріп, мейлінше көп ақпарат беруге тырысамыз.

Осы орайда айта кететін жайт, кәсіподаққа үкімет тарапынан үлкен бетбұрыс қажет. Заңда да кәсіподақ мемлекеттік орган емес екендігі, жұмыс берушілердің басқа да бірлестіктер мен саяси партиялардың бақылауында болмайтындығы көрсетілген. Соған байланысты кәсіподақтың жұмысын ұйымдастыруда ескере кететін бөлек специфика бар. Жұмыс барысын ұйымдастырудағы басты принципіміз адами факторды ескере отырып барынша әділ және нәтижелі жұмыс атқару. Барлық деңгейде келісім комиссиясы жақсы ұмыс жасаған жағдайда кәсіподақ процестері оңай реттеледі.

-Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағына кіру үшін не істеу керек? Қызметкер қайда жүгінеді?

-Кәсіподақ мүшесі – кәсіподақтың құрамына кіруге ерікті түрде ниет білдірген және кірген, оның жарғысын мойындайтын және сақтайтын, мүшелік кәсіподақ жарналарын төлейтін жеке тұлға.  Кәсіподақтың толыққанды мүшесі болу үшін өз жұмыс орнындағы кәсіподақ ұйымына кіруге ниет білдіруі жеткілікті. Егер аталмыш жұмыс орнында кәсіподақ ұйымы болмаған жағдайда кез келген ұйым қызметкерлер саны 3 адамнан асса кәсіподақ құра алады. Олар өз саласы бойынша жергілікті салалық ұйымға бастауыш кәсіподақ ретінде тіркеледі. Сол арқылы ары қарай кәсіподақ мүддесіндегі өз қызметтерін атқара алады.

-Бастауыш ұйымдардың жағдайы қалай? Облыстың тарапынан оларға қандай қамқорлық көрсетіліп жатыр?

-Тұрақты түрде бастауыш кәсіподақ мүшелерімен кездесулер ұйымдастырамыз. Оларға ұжымдық шарт жасауда, еңбеккер құқықтарын қорғау, материалдық тұрғыдан көмек көрсету бағыттары бойынша кеңестер береміз. Алда кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің құқықтық сауаттылығын арттырып еңбеккерлерге көмек бере алуы үшін арнайы сабақтар беріп, онлайн және офлайн кеңестер өткізу жоспарымызда бар.

-Көп жағдайда, өкінішке орай, мәдениет қызметкерлерінің жалақысы мардымсыз келеді. Осы жағдайды өзгерту үшін мемлекетке қандай ұсыныс білдіресіз?

-Осы орайда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз бар. Бүгінде БЖСМ, спорт мектеп-интернаттары, колледждер жаттықтырушы-оқытушыларының және басқа да спорт қызметкерлерінің жалақысы 50%-ке өсті, 2023 жылға тағы 50%-ке артады.

2020 жылдан бастап базалық жалақыдан жалақы жыл сайын ресми жалақының 25%-ына өсті. Білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру мекемелерінің орта және кіші медициналық қызметшілеріне жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына 12 күнтізбелік күн мөлшерінде қосымша демалыс күндері беріледі.

Заңнамалық тұрғыдағы өзгерістерге көп күш және уақыт қажет. Еңбегіміз жемісін беріп, нәтижелері қуантарлықтай болып, еңбекке мүддесі мен мәртебесінің көтерілуі-біз үшін үлкен жетістік.

-Сіздің салаңыз бойынша үздік кәсіподақ қай ауданда? Несімен ерекшеленеді?

-Шалғайлығына қарамастан Бөкей ордасы, Сырым, Жәнібек, Жаңақала, Казталов, Қаратөбе, Теректі, Бәйтерек, Бөрлі аудандары  ауданы кәсіподақ жұмысын жоғарғы деңгейде атқаруға тырысады, ізденеді және осы аудандар жақсы көрсеткіштер көрсетіп жүр. Олар кәсіпорын ішіндегі қарым-қатынас, еңбек дауларын шешу, еңбеккерлердің мүддесін қорғау, дұрыс жасалған ұжымдық шарт тұрғысынан өте жақсы нәтижелерге ие. Мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырып, еңбеккерлердің жұмыстан тыс уақытта пайдалы, нәтижелі уақыт өткізуіне атсалысады.

5

-Қаржылық қиындықтарға байланысты көптеген ауылдарда мәдениет үйі жоқ. Осы орайда кәсіподақ ұйымы қандай көмек көрсете алады?

-Бүгінгі таңда мәдениет ошақтары көптеп салынып жатыр. Ескілері жаңартылып, қалыпқа келтірілуде. Өткен 10 жылдықпен салыстырғанда, әрбір ауыл мәдениет үйімен қамтамасыз етіліп, мәдениет қызметкерлерімен толықтырылып жатыр. Мемлекет тарапынан ауыл-аймаққа барған мамандардан баспана беріліп, бір реттік көтерме жәрдемақы ұсынады. Бұл үлкен мүмкіндік. Ал, кәсіподақ сол еңбеккерлер мүддесінің толықтай сақталуын қадағалайды.

-Салалық кәсіподақтың алдағы жылдарға қойған мақсаты мен жоспарлары жайында қысқаша айтып кетсеңіз...

-Қызметкерлердің мүддесін заман талабына сай қорғау, нарықтық қарым-қатынасқа сай жалақының өсуі, тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселелері бойынша жұмыстану. Кәсіподақ туралы заң, еңбек кодексі, еңбек адамының мүддесін қорғау мақсатында жасалынып жатқан шараларды жалғастырады.

Сұхбаттасқан БҚО «Кәсіподақтар орталығының»

баспасөз хатшысы Әдемі Жарасова 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале