18.01.2024, 9:45
Оқылды: 125

«Қазақ күйлері мен классикалық музыканы насихаттауға мүдделіміз»

Ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі Түркия мемлекетінде болып, «Ыстанбұлға Ақ Жайықтан сәлем!» атауымен концерт бергені баршаға аян. Бұл кеште әлем классиктерінің шығармаларымен қатар, камералық оркестрге арнап өңделген халық әндері шырқалып, күйлер шертілді. 10 жылдан астам тарихы бар оркестр халқымыздың құнды мұрасын жаңғыртып, ұлттық мәдениетімізді әлемге танытып келеді. Жуырда Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің директоры, өнертану магистрі, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері Салтанат Абулғазиевамен сұхбаттасудың сәті түсіп, шығармашылық ұжымның бүгінгі хал-ахуалы, болашаққа мақсат-мұраттары және бауырлас мемлекетке сапары жайында білдік.

— Салтанат Мақсотқызы, бүгінгі таңда Батыс Қазақ­стан облыстық камералық оркестрінің әлеуеті қандай? Шығармашылық ұжымнан қандай жаңалықтар күтуге болады? Жалпы, камералық оркестр қандай музыкалық аспаптардан құралады?

2c6305f2-e755-45bf-b985-f7a587eae43c

Салтанат Абулғазиева, Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің директоры:

— Оркестрдің шығармашылық әлеуеті мол және жылдан-жылға артуда. Уақыт өткен сайын өрісі кеңейіп, репертуары байып келеді. 2023 жыл ұжым үшін жетістікке толы, жемісті жыл болды. Еліміздің Астана, Алматы қалаларында арнайы есептік концертіміз өтті. Отандастарымызға кеңінен танымал өнер майталмандары мен ірі қалалардағы талғампаз көрермен өздерінің жоғары бағасын беріп, оркестр үнінің тазалығына риза болды. Бұл – облыс өнерпаздарының гастрольдік сапармен мегаполистерге алғаш шығуы. Жалпы, ұжымның негізгі мақсаты — аспаптың табиғаттың дыбысына ұқсас элементтерін сақтай отырып, классикалық музыканы көрерменге таза, күйінде жеткізу. Камералық оркестрдің негізгі құрамы ішекті аспаптар тобынан (скрипка, альт, виолончель, контрабас) тұрады. Концерттік бағдарламаларға, репертуарға байланысты бұлардың қатарына үрмелі және ритм-секция аспаптары (электр гитара, бас гитара, классикалық гитара, т. б.) қосылып отырады. Оркестр мүшелері де ортақ мақсатқа жұмыла еңбек етуде. Жоспарлаған жаңа жобалар, көкейде жүрген тың идеяларымыз көп. Тек қолбайлау болып отырған — қаражат мәселесі.

— Сіздің ойыңызша классикалық өнер мен халық әндеріне сұранысты арттыру үшін қандай қадамдар жасалуы керек?

— Классикалық музыкаға деген сұранысты арттыруды еліміздің бай мәдени мұрасын айтулы бір шаралар аясында ғана емес, одан да бөлек талмай насихаттаудан бастау керек. Ұлттық өнерді дамыту арқылы халықтың рухани мәдениетін қалыптастыра аламыз. «Орал – Қазақстанның Венасы» деп кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай, Ақ Жайық атырабы – мәдениеттің қайнар ортасы. Осы жауһар өнерімізді жұтаңдатпай, сақтап қалу, бұған қоса заман ағымына қарай жаңғырту маңызды. Мұны, ең алдымен, концерттік ұйымдар мен залдарды жоғары сапалы акустикамен жабдықтап, жұмысын ілгерілетуден бастаған абзал. Өйткені классикалық өнер орындаушы мен тыңдарманның «диалогіне» негізделеді. Сол себепті көрерменге ұсынылатын дыбыс пен өнім сапалы болуы шарт. Одан кейін музыкалық зерттеушілер мен концерттік менеджерлердің жұмысын арттырудың маңызы зор. Креативтен қорықпау керек, қазір идеялар мен жаңашылдықтың заманы. Негізгі өзегінен ажырамай отырып, өнерге жаңа леп, жаңа серпін беруге болады. Бұл тыңдаушылар қатарын көбейтуге де септігін тигізеді. Мен қазір камералық оркестр жанынан камералық хор ашу мәселесін қозғап жүрмін. Бұл арқылы халықаралық аренада керемет дүниелерді таныстыруға болады. Сондай-ақ өнердің бірнеше түрін синтездеп, коллаборация арқылы әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол. Әр халық өзiнiң ұлттық мәдениетi арқылы ғана басқаға таныла алады. Сол себепті төл мәдениетімізді қолдау қашанда маңызды.

— Оркестр басшысы ретінде сізді бүгінгі күні өнер ұжымының мамандармен қамтылуы, әр түрлі керек-жабдықтармен жабдықталуы қанағаттандыра ма?

— Әрине, басшы ретінде мені көп мәселе толғандыратыны рас. Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі әйгілі скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиевтің бастамасымен 2004 жылы жергілікті өнерпаздардан құрылды. 2011 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен қайта жасақталды. Содан бері ұлт өнерін дамытуға үлес қосып, қалың бұқараның ықыласына бөленуде. Бүгіндері техникалық әлеуетіміз әбден ескірген. Мәселен, иелігіміздегі дыбыс жазу студиясы Қазақстандағы бірден-бір студиялардың қатарында. Алайда техникалық құралдарымыз, оның ішінде аспап жазатын музыкалық құралдар, микрофондар жаңартуды қажет етеді. Сахналық костюмдеріміз де 2017 жылдан бері жаңартылмады. Сонымен қатар бүгінде көрермен залымыздың жоқтығы көп қиындық тудырады, «көшпелі қазақтың» күйін кешіп, залдарды жалға алуға тура келіп жүр. Қаржылай көмек болған жағдайда, оркестрдің қызметін әжептәуір жетілдіруге болар еді. Дайындық залымызды лабораториялық және арт кеңістікке айналдырып, талай эксперименттік, шығармашылық дүниелер жасауға мүмкіндік туады.

WhatsApp Image 2024-01-10 at 11.19.24

Қазақстанда дәстүрлі термешілерге, күйшілерге, вокалистерге арналған байқаулар жиі өткенімен, классикалық музыканы насихаттайтын фестивальдер назардан тыс қалуда. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Серкебаеваның қолдауымен осыдан біразырақ жыл бұрын оркестр топтары қатысатын республикалық «Әуен-Fest» концерттік фестивалі ұйымдастырылды, содан бері халықаралықты айтпағанда, республикалық деңгейде бірдебір фестиваль өтпегені өкінішті. Жоғарыда атап өткен заңғар қаламгер Ә. Кекілбаевтың облысымызға берген бағасын дәлелдеу үшін классикалық өнерге серпіліс керек. Облыс басшылығының, өңірдегі мәдениет жанашырларының қолдауымен ең болмағанда екі жылда бір рет камералық оркестр мен камералық ансамбльдерге арналған фестивальдер өтіп тұрса игі. Бұл арқылы түрлі музыка саласының мамандарын алдырып, тәжірибе алмасуға, практикумдар, шеберлік сабақтарын өткізуге жол ашылады. Классикалық музыка төңірегінде музыкатанушылардың қатысуымен ғылыми конференциялар өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Осындай халықтың рухани асыл мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеп, халқымызға эстетикалық тәрбие беруде рухани кәдеге жарату – бүгінгі музыка зерттейтін замандастарымыздың халық мәдениетін өркендету жолындағы қасиетті борышы. Өзім өнертанушы болғандықтан, ғылымды жоғары бағалаймын. Меніңше, қазіргі камералық оркестрдің атқарып жатқан жұмысының барлығы зерттеуді талап етеді. Біздің облыста оны зерттеп, қағазға түсіретін музыкатанушы мамандар жоқ. Камералық оркестр жазуға тұрарлық көп жаңалық жасап жатыр деп есептеймін. Сондықтан да бұл зерттелуі, бағалануы, тарихта қалуы керек. Бұдан шығатын қорытынды — маман дайындау мәселесі. Талант пен талаптың үдесінен шыққан шын өнерлі жандарды мәдениет, өнер саласына баулу әркез өзектілігін жоғалтпаған. Оларға оқу гранттарын бөліп, мамандар оқытып, қазақтың шын өнерпаздарын тәрбиелесек, арасынан таңдаулы скрипкашылар, айтулы дирижерлер шықпасына кім кепіл?!. Кадр мәселесін жолға қойып, өнер мектебін дамыту, талантты жастарға қолдау көрсетуге барынша көңіл бөлінгені жөн.

— Өзіңіз қандай музыкалық аспапта ойнайсыз?

— Жастайымнан домбыра үйірмесіне қатысқанмын. Дегенмен арнайы білімім жоқ. Әуесқой домбырашымын. Тәжірибем аздау болғанымен, бұл аспапты толық меңгеруге ниеттімін. Алла ғұмыр берсе, көптеген аспапта ойнауды үйренуге болады деп ойлаймын. Ең бастысы, ынта-жігердің болуы.

— Күні кеше Түркияның Ыстанбұл қаласында «Ыстанбұлға Ақ Жайықтан сәлем!» атты концерт өткізіп, облыстағы оркестрлер арасынан алғашқы оркестр болып шетелде концерт беріп келдіңіз. Түркі елі оркестрді қалай қабылдады?

— Тәуелсіздігімізді алғаш болып мойындаған елдердің бірі Түркия болатын. Сол себепті Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бауырлас мемлекетке, онда тұратын қандастарымызға мерекелік концерт ұсынуымыздың астарында үлкен мән-мағына бар десем, қателеспеймін. Концерт барысында біз оркестрдің көркемдік жетекшісі Асхат Мақсотұлының қазақтың классикалық ән-күйлерін ішекті аспаптарға өңдеп жазған нұсқасын скрипканың, альт аспабының, виолончельдің, контрабастың үні арқылы жеткізіп отырдық. Қазақтың сазды әуендері, сайын даланың тылсым көріністері мен тебіреністері виолончель, скрипкаға түскенде түрленіп-ақ кетеді. Содан да шығар, Түркиядағы қандастарымыз бізді ықыласына бөлеп, жылы қарсы алды. Толқынысы мен әсерлерін де жасырып қалмады.

— Бір сұхбатыңызда биыл Австрияның астанасы – Венада өтетін басқосуға шақырту алғаныңызды айтып қалдыңыз. Алдағы уақытта шетелге гастрольдік сапармен шығу жоспарыңызда бар ма?

— Бұл шақыртуды Түркияға сапарымыз барысында алдық. Иірімі сан қилы қазақ күйлері дәріптелген сол жиында Шығыс Түркістан мигранттар одағының төрағасы Режеп Акьол оркестр ұжымын алдағы жылы мамырда өтетін шетелдегі қандастарымыздың Австрияның астанасы – Венадағы басқосуына шақырғысы келетінін айтты. Біз үшін шақырту алудың өзі – үлкен жетістік, кәсіби потенциалымыздың көрсеткіші. Дегенмен оған бару-бармауымыз тағы да қаржы мен қолдауға тәуелді. Қазақта «Шақырған жерден қалма...» деген мақал бар. Облыс әкімдігінен демеу болса, оркестр мүшелері Венада өнер көрсетуге дайын. Жасыратыны жоқ, біздің қаражатымыз өте аз. Еңбекақы мен коммуналдық шығынға ғана қаржы бөлінеді. Облыс әкімдігінен қолдау-көмек болса, Австрияның сахнасында да өнер көрсетуге ниеттіміз. Жалпы, қар­жылай қолдау көрсетілсе, биылға жоспарларымыз мол. Бұған дейін айтып өткенімдей, репертуарымыздан халқымыздың күйлерін түсірген емеспіз. Түркияға барып келгеннен кейін қазақ күйлерінің оркестрге арналған партитурасын көбірек жазамыз деп шештік. Оркестрмен бірге жас өнерпаздардың, атап айтқанда, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары, облыстық камералық оркестрдің мүшелері — Тұрлыхан Әбухановтың, Бейбарыс Зұлпыхар мен Асхат Хасановтың концертін бермекпіз. Еуропаға гастрольдік сапарға шығып, Бельгия, Австрия, Франция, Германияда, әлемдік ареналарда қазақ күйлері мен классикалық музыканы насихаттауға мүдделіміз. М. Әуезов атындағы ұлттық театрдың әртісі Ажарлым Бақытжановамен бірігіп жоба жасағымыз келеді, қазір келіссөздер жүргізілуде. Жалпы классикалық музыкалардың концертін көбірек бергіміз келеді. Мен Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрін өңіріміздің жауһары деп атаймын, себебі Қазақ­станда екі-ақ камералық оркестр бар, оның бірі – Алматы қаласында. Қазақ өнерін мақтанышпен әлемге паш ететін шығармашылық ұжымның бірі – біздің облыста болғаны біз үшін мақтаныш және бұл оркестрді барынша сақтап қалу керек.

 Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале