13.06.2022, 10:15
Оқылды: 287

Көңілді күпті қылған құрылыс

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жұмыс барысымен Батыс Қазақстан облысына арнайы келгені туралы осы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін шалғай аудандардағы жол мәселесі туралы «Министр арнайы келе ме?» деп сұрау салғанымызда, алдағы уақытқа жоспарланғанын хабарлаған еді. «Халықпен жиі жүздесіңдер!» деген Президент бұйрығының ықпалы шығар, Өскенбаев уәдесінде тұрды. Екі күндік жұмыс сапары барысында ведомство басшысы БҚО мен Атырау облысындағы республикалық маңызы бар аутокөлік жолдары арқылы жүріп өтті. Яғни Орал-Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы және Өнеге-Бисен-Сайқын-Хан ордасы ауылы арқылы  Атырау облысының Құрманғазы ауылына (Ганюшкино) асып, Атырау-Астрахан бағыттары бойынша мыңдаған шақырымды артқа тастап, жол жөндеу жұмысымен танысқан. Сондай-ақ шалғай елді мекен тұрғындарымен кездесулер өткізген. Қайырбек Өскенбаев мердігер компания өкілдеріне міндеттемелерін уақтылы әрі тиімді орындау керектігін айтып, «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ басшылығына бірқатар тапсырма жүктеді. Жайлы да жүрдек көліктердің жұмсақ орындығы министрге жол азабын сезінуге мұрша берді ме, қайдам, көлдей даланы кезіп, аутожолдарды көзімен көргеніне кейбір адам оң баға беріп те үлгерді. Бірнеше жылдан бері облыстағы жалпы ұзындығы 248 шақырымды құрайтын «Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайқын» бағытындағы жолдарда күрделі жөндеу жүріп жатыр. Биыл көлік дәлізінің 55 шақырымы ғана пайдалануға берілді.

6

Кінәрат карантиндік шектеуде екен

Жөнделуі сағызша созылған республикалық күрежол туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне көктем айларында хат жолдадық. Бір емес, екі хат жіберілді. Себебі кейбір сауалдың жауабын қайта анықтауға тура келді. Құс қанатымен жіберілген сәлем хат секілді сарыла күткенімізбен, бір-бірінен айнымайтын ресми жауаптар құлақты жауыр қылған шеңберден шыға қоймапты. Министрлік өкілдері «Жол құрылысының мандымауына карантиндік шектеу тұсау болды, мердігерлер даулы учаскеге қатысты түйткілді өзара келісіп шешеді, аутожолды мерзімінде аяқтаймыз» дегеннен әрі аспапты. Бұған дейін мәлім болғанындай, 2023 жылдың аяғында ойқыл-шойқыл жол, тақтайдай тегіс трассаға айналуы тиіс. Алайда қазіргі жұмыс қарқынына қарап, «Әй, қайдам?..» деп отыр қалың бұқара. Сонымен сәуірдің 15-інде газет редакциясына келген жауапқа сүйенсек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Руслан Баймишев жол құрылысы бойынша 2019 жылдың аяғында мердігерлермен келісімшарттар жасалған. «Алайда 2020 жылдың наурыз айында пандемияның басталуына және Қазақстан мен Ресей аумағында карантиндік талаптардың күшеюіне байланысты мердігерлер негізгі жол-құрылыс техникаларын 2020 жылдың соңында ғана іске қосты. Мысалы, жол негізін дайындайтын техниканы Қытай Халық Республикасынан алып келу үшін 8 ай «құрбан» болды. Оған тиісті аванстық қаражат төленді», – дейді ол.

Руслан Баймишев жұмыс бригадаларының саны да шектелгенін атап өткен. Бригадалар басқа облыстардан келген. Бұдан бөлек, мердігер мекеме мамандарының қатарында аса қауіпті індетке шалдыққандар саны күрт көбейген. Жол құрылысы бойынша негізгі жұмыстар 2021 жылдың сәуір айында басталыпты. Бірақ жауын-шашынның тым жиілеуіне байланысты мердігерлер бірден іске кірісіп кете алмаған. Себебі құрылыс технологиясына сәйкес топырақ мөлшерден тыс ылғал тартқан жағдайда жол салуға болмайды екен. Оған қарамастан құрылысты жалғастырғанның өзінде көп ұзамай аутожолда ақаулар пайда болуы мүмкін. Баймишев жауын-шашын салдарынан маусым, шілде айларында өнімді жұмыс жүргізілмегенін айтқан. Жұмыс бригадалары жол салу технологиясына сәйкес топырақтың кебуін күтіп, уақыт жоғалтқан. Жол-құрылыс материалдарын жеткізуге де байланысты мәселелер туындаған. Топырақ, қиыршықтас карьерлеріне баратын жүк көліктерін батпақ, саз-балшық жолдар тұсаулаған.

Жамантаудағы материал жарамды

Карантиндік шектеулерге байланысты 2020 жылы инерттік материалдарды жеткізу қиындаған. Өйткені шикізат Ақтөбе және Атырау облыстары мен РФ аумағынан өтетін теміржол арқылы Батыс Қазақстан облысына жеткізіледі. Тікелей тасымалға арналған теміржол бағыты жоқ. Күнделікті қалыпта шамамен 500 метр жол салу үшін күн сайын 40 вагон қиыршықтас үздіксіз жеткізілуі тиіс. Министрліктен Бөкей ордасы ауданының аумағында орналасқан Жамантау карьерасындағы қиыршықтасты мердігерлер неге пайдаланбай отырғанына байланысты сұрау салған едік. «Мамандардың, Батыс Қазақстандағы қиыршықтастың беріктігі кемшін, су өткізгіштік қасиеті нашар. Қолданылған жағдайда жол жамылғысы шыдас бермей, шайылып кетеді», – делінді біздің редакцияға жолданған алғашқы хатта. Осы жерде айта кетейік, Жамантаудағы шикізатты сараптау бойынша соңғы деректерді қайта сұраттық.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев мамыр айының 6-сында жолдаған ресми хатта: «Жол-құрылыс материалдарын жеткізу мерзімдерін қысқарту арқылы жөндеу жұмыстарын жеделдету мақсатында Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқын кентінен 55 шақырым қашықтықтағы «Жамантау» кен орнында бар инертті материалдарды пайдалану мәселесі қаралды. Мердігер мекемелер карьерден құм-қиыршықтас қоспасын шығаруды жүргізеді. Бүгінгі күні геологиялық барлау деректеріне сәйкес тас материалының қоры 2 млн тоннадан асады және құм-қиыршықтас қоспасы – 1 млн тоннадан көп. БҚО бойынша «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК филиалының мәліметтері бойынша 2020 жылдан бастап 2022 жылға дейін құм-қиыршықтас қоспасының 9 сынамасы іріктелді, оның ішінде барлық 9 сынама МЕМСТ 23735-2014 құрылыс жұмыстарына арналған құм-қиыршықтас қоспалары талаптарына сай келеді. Техникалық шарттар және фракциялық қиыршықтастың 23 сынамасы алынған. Ондағы сынамалар әр түрлі маркаға сәйкес келетіні анықталды. Алынған нәтижелер бойынша құм-қиыршықтас қоспасы жол конструкциясының қиыршықтасты, төсемді қабаттарын қалыптастыру үшін және жабындар үшін қолдануға болатыны расталды», – деп жауап берді.

«Теміржол жөндеумен» текетірес

2021 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс кестесін бұзған мердігер мекемеге айыппұл салынды. Шарттық міндеттемелерін орындамағаны үшін «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы» аутожолының 53-95 шақырымдағы учаске бойынша «Теміржол жөндеу» ЖШС-мен  келісімшарт бұзылды. Бұған себеп – «Теміржол жөндеудің» қосалқы мердігері «ADFstroy» ЖШС-ның межеленген мерзімде жұмысын тәмамдамауы, осы компанияға жалданған қосалқы мердігерлердің 236 миллион теңге шамасындағы келісілген қаражатты өндіре алмауы. БАҚ-тарда бұл ақпарат кеңінен тарап кеткен соң, бас мердігер «ADFstroy»-мен уақтылы есептескенін айтып, ат-тонын ала қашты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бірлесіп, «Теміржол жөндеу» компаниясы мен қосалқы мердігер «ADFstroy» арасындағы дауды реттеу мақсатында тиісті келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде қарызды төлеу кестесі бекітілді және оған сәйкес биылғы жылдың маусым айында мердігер компания қарызды өтеу міндетін мойнына алып отыр.

«2021 жылғы мамырда шағын және орта бизнес өкілдері «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ филиалының атына «ADF stroy+» ЖШС оларға берешек екенін және оны өтеуге жәрдем көрсету туралы ұжымдық өтінішпен жүгінді. «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ-ның «Теміржол жөндеу» ЖШС бас мердігерінің алдында берешегі жоқ екенін атап өту маңызды. Мердігерлік шарт бойынша барлық төлем уақтылы және толық көлемде жүзеге асырылды. Бұл дерек 2019/2020/2021 жылғы өзара есеп айырысу бойынша салыстыру актісінің көшірмесімен құжат жүзінде расталады. Барлық тарап уәжін тыңдау қорытындысы бойынша, кәсіпкерлерге бұл дау тек азаматтық-құқықтық сипатқа ие екендігі, «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен құқы қорғалған басқа шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне және құқықтық қатынастарына араласуға құқығы жоқ екендігі түсіндірілді», – деумен ғана шектелді Ерке-бұлан Дауылбаев. Түйіндей айтқанда, тапсырыс беруші де, орындаушы да судан таза, сүттен ақ болып шықты. Қарама-қайшы жауаптардан аралық мердігерден кәсіпкерлер маңдайақысын өздері даулайтынын ұғынуға болатын секілді.

Кідіріп жатқан вагондар

Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында орналасқан жалпы ұзындығы 248 километр аутокөлік жолдарын күрделі жөндеуге қажетті материалдар Ақтөбе облысының Мұғалжар стансасынан тасымалданады. Құрылыс материалдарының уақтылы жеткізілмеу себебінің бірі – жүк вагондарының кідіріп жатқаны.
«ҚазАвтоЖол «ҰК» басшылығы АҚ Ресей Федерациясы қазақстандық вагондар талапқа сай келмейтінін айтып, жүргізбей қойғанын хабарлаған еді. Ақтөбе облысының Мұғалжар стансасынан Сайқын стансасына дейінгі қашықтық – 1284 км, ал Жәнібек стансасына дейін – 1316 км. «Сайқын және Жәнібек стансаларындағы вагондар жөнелтілген күннен бастап 5-6 күн ішінде қайтып келеді. Биыл наурыз айының соңында құрылыс маусымына вагондарды жеткізу кестесі әзірленіп, бекітілді. «Қазақстан теміржолы» АҚ және «Қазтеміртранс» АҚ бірлесіп өзара іс-қимыл және нәтижелерге қол жеткізу бойынша кеңестер өткізеді. Сәуір айынан бастап құрылыс материалдары тиелген вагондарды жеткізу айтарлықтай өсті. Сайқын кентіндегі стансаларда тәулігіне инертті материалдарды қабылдау мүмкіндігі – 10 вагон, Жәнібек кентінде – 20 вагон, Жайылмада – 15 вагон. Осылайша, күн сайын – 45 дана (3105 тонна), ай сайын – 1350 дана (93150 тонна) вагонмен жүк тасымалданады. Қаңтар-мамыр айларында барлығы – 1053 дана вагон арқылы 72657 тонна (14%) материал жеткізу жоспарланған», – деген деректі алға тартқан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев.

Мәселе қаржыда емес

Аутожолды күрделі жөндеуге бөлінген қаражаттың игерілуі бойынша түйткілдер көрініс бергені мәлім. Индус­-
трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын республикалық бюджет есебінен күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, күтіп-ұстау, көгалдандыру, диагностикалау және аспаптық зерттеп-қарау» кіші бағдарламасы бойынша былтыр бөлінген қаржы толық игерілгенін хабарлады. Ал ертеректе бөлінген қаржыландыру сомалары құрылыс маусымының қорытындылары бойынша жөндеудің өзге басым жобаларына қайта бөлінген. Бірақ министрлік нақты қандай жобалар екенін тарқатып жазбай отыр. 2020-2021 жылдары жол-құрылыс материалдары бағасының күрт өсуіне байланысты белгіленген заңдардың талаптарына сәйкес жоба құны қайта есептеліп жатырған көрінеді. Бұған дейін мердігерлерге Азаматтық кодекске сай құрылыс материалының құны шарықтауына байланысты өтемақы төленуі мүмкін екені туралы хабарлама тарап еді. Аутожолды жөндеуде сылбыр қимылдап жатқан мердігерлерге бюджеттен неге қосымша қаражат бөлінетінін министрлік өкілдері тәптіштеп түсіндірмеді.

02

Жыл сайын министрлік «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп құрылыс барысын және қойылған міндеттердің орындалуын тексереді. Кезекті тексеріс қорытындысы бойынша компанияларға айыппұлдық тұрақсыздық айыбын қоя отырып, техникалық қадағалау қызметтері бойынша жобаның басты инженерлерін ауыстырған. Ресми мәлімет бойынша Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы және Өнеге – Бисен – Сайқын бағыттары бойынша жолды күрделі жөндеуге арналған жоба мерзімін 2023 жылы аяқтау туралы жұмыс кестесі бекітілген. Шенеуніктер сөзіне сенсек, биыл 119 шақырым бойынша қозғалыс ашылады. Түсіндіре кетейік, бұл саннан былтыр салынған 55 шақырым асфальт қабатын алып тастайсыз. Сонда барлық учаске бойынша мердігерлер 74 шақырым жолды асфальттап үлгереді деген сөз. Қазіргі уақытта Үкімет облыстағы аутожолдарды дамыту мәселесіне мейлінше назарға аударған секілді. Сәуірде жолдаған министрлік хатына сүйенсек, биыл жалпы жолдар желісін дамытуға республикалық бюджеттен бөлінген 600 млрд теңгенің 9%-ы немесе 55 млрд теңгесі Батыс Қазақстан облысының жолдарын жақсартуға жұмсалмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Батыс Қазақстан облысының жолдарын дамыту туралы кешенді жоспар бекітілді. Соған сәйкес облыс аумағындағы 2600 шақырым аутожол (республикалық желі – 69, жергілікті желі – 1864 шақырым) жөнделеді.

Ресми мәлімет бойынша Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы және Өнеге – Бисен – Сайқын бағыттары бойынша жолды күрделі жөндеуге арналған жоба мерзімін 2023 жылы аяқтау туралы жұмыс кестесі бекітілген. Шенеуніктер сөзіне сенсек, биыл 119 шақырым бойынша қозғалыс ашылады. Түсіндіре кетейік, бұл саннан былтыр салынған 55 шақырым асфальт қабатын алып тастайсыз. Сонда барлық учаске бойынша мердігерлер 74 шақырым жолды асфальттап үлгереді деген сөз.

Қазіргі уақытта Үкімет облыстағы автожолдарды дамыту мәселесіне мейлінше назарға аударған секілді. Сәуірде жолдаған министрлік хатына сүйенсек, биыл жалпы жолдар желісін дамытуға республикалық бюджеттен бөлінген 600 млрд теңгенің 9%-ы немесе 55 млрд теңгесі Батыс Қазақстан облысының жолдарын жақсартуға жұмсалмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Батыс Қазақстан облысының жолдарын дамыту туралы кешенді жоспар бекітілді. Соған сәйкес облыс аумағындағы 2600 шақырым автожол (республикалық желі – 69, жергілікті желі – 1864 шақырым) жөнделеді.

P. S. Жол тағдыры – ел тағдыры екені рас қой. Үкімет басшысы облыс әкімдерінің рейтінгісі өңірдегі жол сапасына байланысты өлшенетінін айтып еді. Әкімдер жұмысын бағамдаудың дұрыс критерийі деген ойдамыз. Шалғай аудандардан облыс орталығына әупірімдеп жететін жұрттың зарына шенеуніктер енді құлақ түріп жатқан сынды. Бірақ жол тағдырына қатысты көкейде сан күдік самсап тұр. Өткен апта ішінде ауылға барып қайттық. Казталовтан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Тереңкөл ауылдық округінің орталығына асфальт тұмсығы тіреліп қалыпты. Одан әрмен Күйгкенкөл ауылына қарай ондаған шақырым ойдым-ойдым грейдердің бетіне бетон қоспасы тамбақ түгілі, дұрыс тегістелмегенін көріп көңіл құлазыды. «Министр келгенде Нұрсай мен Күйгенкөл арасындагы 10 шакырымға толмайтын асфальтты уақытша ашып тастады. Автожол бөлігін министр кеткесін кері жауып тастады. Әлі де көз алдау болып жатыр. Ертең әкім келсе, тағы да осылай ашып-жабады. Тек комиссия келгенде көрсету үшін салынып қойған жол болар», – деген пікір қалдырыпты фейсбукте жергілікті тұрғынның бірі Серік Сәрсенов. «Күре жолдағы күрсініс» әзірше толастамай тұр!

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале