1.09.2022, 12:02
Оқылды: 122

«Конституция – жаңа Қазақстанның дамуының негізі»

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде мереке қарсаңында «Конституция – жаңа Қазақстанның дамуының негізі» атты дөңгелек үстел өтті. Оған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Ғалиев, М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Нұрлан Серғалиев, сот пен құқық қорғау, әділет департаменттерінің өкілдері, журналистер мен қоғам белсенділері қатысты.

2

Ата заңның түп негізі Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», хан Тәукенің «Жеті жарғысынан» бастау алады. Кеңес одағы тұсындағы Конституциядан кейін тәуелсіздіктің таңсәрі жылдарында Қазақстанда 1993 жылы және 1995 жылы жалпыхалықтық  референдумда қабылданған екі Конституция болғаны да мәлім. Биыл ел Президенті референдум жариялап, Ата заңымызға біраз түзетулер енді. Еліміздің әр азаматы Конституцияны құрметтеп, онда көрсетілген заңға бағынып, оның орындалуын өзгеден де талап етуі керек. Еліміздің басты байлығы –  халық   бірлігі. Заңға жүгіне отырып қана біз байлығымызды сақтай аламыз. Баршаңызды осы бір айтулы мерекемен құттықтаймын! – деді жиын басында М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Нұрлан  Серғалиев.

Кейін облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Ғалиев сөз алып, жиналғандарға ақжарма тілегін білдірді.

1

Маңызды мерекеге арналған жиын барысында БҚО ҚАЖ департаменті кадр саясатының бас маманы, әділет подполковнигі Әсем Бердіқұлова ҚР Конституциясы  мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың іргелі қағидаттарын реттейтін маңызды құжат екенін, адам және адамның өмiрi, құқығы мен бостандығы Қазақстанның ең негізгі конституциялық құндылығы болып табылатынын, Қазақстанның экономикалық және саяси тұрғыдан қарқынды дамуының ең басты факторларының бірі екенін, сондай-ақ  қазақстандықтардың тең құқық пен мүмкіндіктерге ие болуының кепілі екенін айтса, №2 Орал қалалық сотының судьясы Жанаргүл Рахметова Ата заңымызға енгізілген жаңа өзгерістерге толығырақ тоқталып, оның ел азаматтарының құқығын қорғауда атқаратын рөлінің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар жиында М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың  құқықтану пәндері кафедрасының аға оқытушысы Айнагүл Нұржанова мен БҚО Әділет департаментінің бөлім басшысы Алтай Маштаков та Ата заңның маңыздылығы мен оған енгізілген өзгерістер турасында сөз қозғап, артықшылықтары жайында біраз мағлұмат беріп өтті.

Дөңгелек үстел соңында жиналғандар өз пікірлерін айтып, толғандырған сауалдарын да қойды. БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов «Ата заңда көрсетілген заңдарды қатаң  сақтау – мемлекет дамуының және қоғамда азаматтық келісімді қамтамасыз етудің негізі. Конституциялық нормалармен өмір сүру және әрекет ету – демократияның  жоғары мектебі» деп пікір білдірді.

Түгелбай Кенжеғалиұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале