16.07.2021, 8:21
Оқылды: 342

Қордаланған мәселелер сенаторлардың назарында

Оралда жұмыс сапарымен жүрген  ҚР  Парламенті Сенатының депутаттары  Нариман Төреғалиев пен Ләззат  Рысбекова «Жайық Пресс» ЖШС-да  болып, облыстық қос газеттің  журналистерімен жүздесті.  

D69D9BC7-6CE4-4236-B399-99C2A0B0EB53

БАҚ өкілдерімен әңгіме-дүкен барысында Нариман Төреғалиев өңірдің 7 ауданын аралап, халықты алаңдататын түйткілді мәселелермен танысқанына тоқталды. «Облысымыз жол сапасы жөнінен республикадағы ең артта қалған өңірлердің бірі саналады. Жолдардың 35%-дан астамы ғана асфальтталған. Жол жөндеу жұмыстарын, әсіресе, ауылдардағы жолдарды жөндеуді жандандыру керек. Оңтүстіктегі аудандарға апаратын күрежолдарды жаңалап-жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бүгінде Барбастау – Ақсай – Жымпиты бағытындағы жолдарды жөндеу басталды. Одан басқа   жаңа жобаларға республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселелері  ұсынылып отыр. Аудандардағы халықпен кездесулерде  мемлекеттік сатып алу мәселесінің өзекті екені аңғарылды. Қаржы-қаражат жеткілікті, тендерлер өткізілуде, алайда  нысандардың құрылыс жұмыстары басталмаған. Мердігер компаниялар арасында өзара түсініспеушілікті соттар арқылы шешуде. Тамыз айы келіп қалды, биылғы жылдың жеті айы өткенімен, құрылыстар қаңтарылып тұр. Теректі ауданында бірде-бір үйдің құрылысы басталмаған, жол құрылысы тендерлерінің жеңімпаздары анықталмаған. Ақжайық ауданында да тура осындай жағдай. Тайпақ ауылындағы 1983 жылы салынған 624 орындық мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге 400 млн теңге бөлінгенмен, тендерде жеңімпаз анықталмаған. Алда оқу жылы, құрылыс қашан басталады? Мәселе мемлекеттік сатып алуларда болса, сатып алулар басқармасы барлық түйткілді мәселелерді жазып берсін, тиісті заңдылыққа өзгерістер енгізейік», – деді Нариман Төреғалиев.

Сенаторлар жергілікті жұртпен  жүздесулерде  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің қымбаттауы, мал азығының тапшылығы мәселелері көтерілгенін тілге тиек етті. Агротауар  өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдар өнім бағасына 15% үстеме қоса алады. Одан жоғары баға қосуды шектейтін заң қабылданған. Бірақ біздің елімізде оны жүзеге асыру тетіктері қалыптаспаған. Бұған дейін Парламент қабырғасында қабылданған заңдарды жүзеге асыру тетіктері қарастырылмайтын болса, биылдан бастап жағдай өзгереді. Енді заңдардың жобалары  Сенатқа өкілетті құрылымдардың (органдардың)  нормативтік-құқықтық актілерімен бірге түседі.  Елімізде шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланғандықтан, кімнің қандай бағаға алып, қандай үстемемен сатып отырғанын тексеру мүмкін емес. Дәрі бағасын ауыздықтау заңы да осылай «тұсалған».

Биылғы бірінші жартыжылдықта Сенатта 65 заң қабылданды. Оның көпшілігі қолданыстағы заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізуге, ал 28-і халықаралық келісімшарттарға қатысты болды. 65 заңның 15-і Парламент депутаттарының бастамасымен қабылданған. «Жер кодексінде нақты көрсетілген нормаға сай жерді дұрыс мақсатта пайдаланбаса, мемлекетке кері қайтаруы тиіс. Жерге салғырт қарайтындарға салықты 20 есе өсірдік, бірақ мұның да әсері шамалы.  Аудандағылар жерді тиімді пайдаланбай отырғандарға тағы да салықты өсіруді сұрады. Мұны да шешетін боламыз», – деді сенатор Н. Төреғалиев.

Бұдан әрі сенатор Оралдағы түйткілді мәселелер жайын әңгімеледі. Соның біріне тоқталсақ, қаланы сумен қамтуда іркілістер жиілеп кетті. Қазір  Трекин ауылындағы су ұңғымасы қалалық бюджет есебінен жөнделуде. Алайда 8 шақырымдық су құбырын тартуға 1 млрд 114 млн теңге қажет. Осы шаруаның жобасы жасақталып, тиісті құрылымдарға беріледі. Содан кейін батысқазақстандық сенаторлар қаржы бөлу мәселесіне атсалыспақ. «Жайықжылуқуат» кәсіпорны жаңа жабдық алуға жоба жасақтап, тендер өткізуде. Курс бағамының өзгеруіне байланысты еуромен есеп айырысатын жабдықтың бағасы өсіп кеткен. Мәселемен жергілікті атқарушы билік айналысуда.

– Елімізде білім беру сапасын көтеру, білікті мамандар даярлау мәселесі кешенді түрде шешілуі тиіс. Кейбір болашағы бұлыңғыр реформалардың нәтижесі болмайтыны белгілі. Бара-бара барлық салада жақсы мамандар тапшы болуы ықтимал. Сондықтан бұл мәселені сіз бен біз болып жүйелі көтеруіміз керек, – деп Ләззат Рысбекова журналистердің сұрағына орай жауап берді.

Кездесуге қатысушылар сенаторларға өздерін мазалайтын сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті.

– Биылғы екінші жартыжылдыққа газетке жазылу барысында «Жайықжылуқуат», «Батыс су арнасы» мекемелерінің басшылығымен жолығып, тек  газетке жазылу емес, сонымен бірге өндірістік мәселелер жайында да сөйлестік. Облыс әкімі көктемде осы кәсіпорындарға барған кезінде Жайықтан су алу мөлшерін азайту жөнінде тапсырма берді. Осы тапсырмалардың орындалу жайын сұрағанымда, олардың бұған әлі дайын емес екендерін білдім. «Жайықжылуқуат» Жайық өзені маңындағы жер асты су қорын зерттеумен айналысуда. Бұл да қомақты қаржыны талап етеді. «Батыс су арнасы» ЖШС-ның басшысы қаладан шығатын кәріздік сарқынды суды тазалаудан өткізіп, техникалық суға айналдырып, ең болмаса ел-жұрт есігінің алдындағы шағын бау-бақшасын суаруға жарайтындай жоба бар екенін айтты. Ол да қаржыға тіреледі. Осындай мәселелерге назар аударсаңыздар. Жайықтың жағдайы мүшкіл, оны Ләззат Тұяқбайқызы қозғағанын білеміз. Сондықтан суды, әсіресе, жер асты су қорын да үнемді пайдалану өзекті. Және бір айтпағым, қазір халық арасында 8-10 сотық үй құрылысына берілген жерді екіге бөліп сатуға тыйым салу жөнінде пікірлер айтылуда. Бұл, меніңше, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дұрыс ұсыныс. Себебі 8-10 сотық жер телімі бар отбасының өзін-өзі қамту деңгейі жоғары болмақ. Мысалға, әркім өз ауласында сәбіз өсірсе, нарықта ол қазіргідей қымбаттамас еді. Не болмаса, көктемнен бастап балапан асырап, өз отбасыңды құс етімен жүйелі қамтуға болады, – деп ұсынысын білдірді «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.

 Гүлбаршын  

Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале